«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, халқымыздың мәңгілік ел болуы, көсегеміздің көгеруі көбеюімізге байланысты. Ұлт саулығының кепілі – сапалы ұрпақ өрбітуімізде. Сондықтан да кейінгі жылдары әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын фактор ретінде репродуктивті денсаулықты сақтауға баса көңіл бөлініп жатыр. Өйткені ата-ана болу қабілетінен кінәрат табылып, бедеулік диагнозы қойылған азаматтардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуал көңіл көншітпейтінін, бала сүйе алмай отырған отбасылардың көбейіп жатқанын алаңдаушылықпен атап өтіп, нәтижесінде «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл елімізде репродуктивті денсаулықты қорғауға қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын аңғартады.
Қарапайым тілмен айтқанда, репродуктивті денсаулық дегеніміз – болашақ ата-аналардың толық тән саулығы және әлеуметтік әлеуеті. Бүгінде бұл жағдайға адамдар да сергек қарап, тиісті тексерулерден жиірек өте бастады. Себебі бұрын бала сүйе алмаған жас отбасылар дәрігерге уақтылы қаралуды құнттамай, қаншама жылды құр күтумен өткізіп алған жағдайлар жиі кездесетін еді. Дегенмен мұндай құнтсыздық қазір де байқалады. Әсіресе ауыл-аймақта тұратын отбасылар ата-ана болу уақытының кешуілдегеніне төзіммен қарап, скринингтен өтуді ойлай бермейді. Бұған дәлел ретінде Қоғамдық даму институты әзірлеген «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасындағы деректерді келтіруге болады.
Бұл зерттеу жобасында азаматтардың репродуктивті денсаулық жағдайы арнайы қарастырылыпты. Осы деректерге сүйенсек, сауалдамаға қатысқандардың көпшілігі (52,5%) кейінгі 5 жылда дәрігерлерге тексерілу, скринингтерден өту және басқа да репродуктивті денсаулықты қорғау саласындағы қызметтерді пайдаланбағанын көрсетті. Тек 44,8%-ы осындай медициналық қызметтерге жүгінген және 2,8%-ы жауап беруге қиналған. Соның ішінде репродуктивті денсаулықты тексеру қызметтерін ауыл тұрғындарына (40,6%) қарағанда қала тұрғындары (47,4%) жиі пайдаланған. Ал жалпы осы жағынан дәрігерге қаралмаған ауыл тұрғындарының үлесі 54,9%-ды құраған.
Жас отбасылар біраз уақыт бала сүйе алмай абдыраса, алдымен бәйек болып, дәрігердің есігін қағатын әйелдер екені түсінікті. Бұл ретте ер адамдар өзін толық сау сезініп және кей жағдайларда ар санап, дәрігерге қаралуды жөн көрмейді. Мұны да аталған зерттеу жобасынан байқауға болады. Кейінгі 5 жылда репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді пайдаланған ер адамдардың үлесі 34,4% болса, әйелдердің үлесі 53,4%-ды құраған. Бұл ер азаматтарға міндетті скринингтік тексеруден өтуге баса мән беру керек екенін айғақтап тұр.
Репродуктивті жүйенің медициналық тексеруінен өту үшін азаматтардың қандай клиникаларға жүгінгені туралы да деректер бар. Сауалдамаға қатысушылардың 53,7%-ы мемлекеттік клиникаларға және 30,3%-ы мемлекеттік және жеке клиникаларға да бірдей барғанын көрсетті. Тек жеке клиникаларға жүгінгендер 15,4%-ды, ал шетелдік клиникаларда қызмет алғандар 0,2%-ды құрады. Пікірлердің осылай бөлінуі түсінікті, өйткені репродуктивті қызметтер өте қымбат және әжептәуір қаржымен бірге көп уақытты да қажет етеді.
Репдродуктивті денсаулықтың дұрыс болмауы бедеулікке ұрындырады. Өкінішке қарай, бұл дертке шалдыққандардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша әйелдердің бедеулігі 2020 жылы – 16 187, 2021 жылы 19 880 пациентте тіркелді. Ал ерлердің белсіздігі 2020 жылы – 1 372, 2021 жылы – 1 515 пациентте тіркелді. Елімізде 18 және одан жоғары жастағы адамдардың репродуктивті денсаулығына әсер ететін несеп-жыныс жүйесі ауруларының жиілігі ер азаматтарға қарағанда (274 044 жағдай) әйелдер арасында (878 524 жағдай) жоғары болды. Сонымен қатар несеп-жыныстық жүйесінің бүйрек және несеп жолы тастары сияқты аурулары әйелдермен (12 495) қатар ерлерде де (10 819) бірдей кездеседі екен. Бүйрек тубулоинтерстициальды ауруының жиі тіркелуі де алаңдатады, бұл әйелдерде – 226 484 жағдай, ерлерде – 97 284 жағдай.
Осы орайда бірқатар маманның пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік. Олар бедеулік диагнозының көп тіркелу себебін, оны емдеу, алдын алу жолдары туралы кеңесін ортаға салды.
Астанадағы №2 қалалық көпбейінді аурухананың Әйелдер денсаулығы бөлімінің акушер-гинеколог дәрігері Ғибадат Сүлеева бүгінде бұл дертті емдеуге баса мән беріліп жатқанын атап өтті.
– Бедеуліктің өршуіне әсер етіп жатқан факторлар көп. Соның ішіндегі ең негізгісі – инфекциялық фактор. Яғни жыныстық қатынасқа ерте түсу, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар. Бұған қоса дұрыс тамақтанбау, ішімдік тұтыну, шылым шегу сияқты эндокриндік-метаболитикалық өзгерістер де бедеулікке алып келеді. Қазір әйелдермен қатар ер адамдардың арасында да белсіздік диагнозы көптеп кездесіп жатыр. Мысалы, жалпы ұрпақ сүйе алмай жүрген пациенттердің 60%-ы – әйелдер, 40%-ы – ер адамдар. Осы ретте әйелдерде жатыр түтікшесінің бітелуі бедеуліктің ең басты себебі болып отыр. Бүгінгі таңда елімізде бұл дертті емдеуге және алдын алуға көп көңіл бөлініп жатыр. Тұрғылықты мекенжай бойынша ерлі-зайыптыларды есепке алу, тексеру, уақтылы ем қабылдау мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі. Егер қандай да бір қауіп тудыратын дерт анықталса, дереу емдеуге жібереміз. Қазір заманауи медицинаның септігімен бедеулік дертіне шалдыққандардың ата-ана атану көрсеткіші жақсарып келеді. Бұл ретте бедеулік диагнозымен тіркеуде тұрғандардың квотаға ілініп, экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы бала сүюіне мүмкіндік жоғары. Әсіресе, Президенттің тапсырмасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асырыла бастауы көптеген отбасына шаттық сыйлауда. Бұрын мемлекет тарапынан жылына ЭКҰ бағдарламасына 1 мың квота бөлінсе, бүгінде мұның саны 7 есеге ұлғайып, 7 мың квота бөлінеді, – деді Ғ.Сүлеева.
Ал Астана медициналық университеті Урология және андрология кафедрасының меңгерушісі Ұланбек Жаңбырбекұлы ата-ана болғысы келетін ер адамдар денсаулығына ертеден қам жасау керек екенін, тіпті бала кезден белсіздіктің алдын алуға мән беру қажет екенін айтты.
– Ер адамдардың осы күрделі науқасқа ұшырауына көбіне идиопатикалық фактор әсер етеді. Мұның себебін қазіргі медицина таба алмай жатыр деуге болады. Екіншіден, варикоцеле осы дертті тудырады. Бұл – ерлердің ұмасындағы тамырлардың кеңеюі. Осы өзгеріс білінбей жүре береді, тек диагнозы қойылған кезде ғана анықталады. Сондай-ақ әртүрлі инфекциялардың зияны бар. Жас кезде жыныстық жолмен жұқтырып алатын гонорея, трихомониаз, хламидиоз сияқты инфекциялардың әсері байқалмағанымен, уақыт өте келе ұрық жолдарын бітеп тастауы мүмкін. Бұған қоса бала кезде қызылша, бруцеллез, туберкулез сияқты аурулармен ауырып, жыныс мүшелері қабынса, бұл да осындай ауруға алып келеді. Сонымен қатар генетикалық жолмен беріледі. Осы ретте ер адамдар өзінің репродуктивті денсаулығын сақтауға аса мән беруі керек. Әсіресе балалы болуды жоспарлап жүрген кісілердің арнайы мамандардың кеңесін алғаны артық болмайды. Өйткені қазіргі кезде артық салмақ жинау, энергетикалық сусындар мен фаст фудты тұтыну, тіпті моншаны жиі қабылдау да ұрықтың әлсіреуіне ықпал етеді, – деді дәрігер.
Осы орайда маман ер адамдарға қатысты бедеулік пен белсіздік дерттерін қолданғанда, айырмашылығын білу де маңызды екенін алға тартты.
– Мұндай жағдайда ер адамдардың денсаулығына қатысты көбіне белсіздік деп қолданылады. Бірақ бұрынғының әңгімелеріне, тіпті көркем әдебиетке сүйенсек, сондағы сипаты бойынша белсіздік дегенді біз эректилді дисфункция деп есептейміз. Бұл – ер адамның жыныстық қатынасқа қабілетсіз болуы. Ал бедеулік, бұл – фертильді қабілеттің төмендеуі, яғни ұрықтың әлсіреуі ғана. Осының аражігін ажыратып алуымыз керек, – деді Ұ.Жаңбырбекұлы.
Ұлт саулығының негізі ретінде репродуктивті денсаулықты сақтаудың маңызы арта береді. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында Денсаулық сақтау министрлігінің алдына 11 міндет қойып, оның ішінде осы бағыт ерекше аталып өтті. Соның нәтижесінде ЭКҰ бағдарламалары белсенді қолға алынып, бала сүйген отбасылардың қатары артты. 2022 жылы 6,5 мың әйел ЭКҰ бағдарламасымен қамтылды, қалғаны – күту парағында. Жалпы, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру аясында 2 654 отбасында көптен күткен 3 110 бала дүниеге келді.
О.Өтемұрат