Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » МӘМС туралы мәміле

МӘМС туралы мәміле

Сұрақ:

   —МӘМС туралы жұрттың көзқарасы санқилы. Жалпы жүйе туралы не айтуға болады?

     Осыған байланысты мемлекеттік органның жауабын ұсынып отырмыз.

   —Бүгінде еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қоры туралы  көзқарас сан қилы. Тұрғындар құны қымбат тұратын заманауи оталардың бәріне бірдей қолжетімді емес екеніне орынды ренішін білдіріп те жүр. Жалпы жүйені жетілдіру керек пе, әлде оны жойған дұрыс па деген сауал көпшілікті мазалап жүргені анық.

      Негізінде денсаулық сақтау жүйесінің барлық дерлік мәселесі қаржыландыруға байланысты. Медициналық сақтандырудың табысты жұмыс істеуі үшін ондаған жылдар бойы білікті сарапшылар тер төкті. Қазақстанда МӘМС жүйесі 2020 жылдан бастап енгізілді.

     МӘМС жүйесінің бірінші кезектегі міндеті көп жылдан бері қаржы тапшылығын бастан өткерген отандық денсаулық сақтау саласын тығырықтан шығару болды.  Жүйе енгізілгелі қаржыландыру 2 есе ұлғайды.

Қаржының ұлғаюы көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін жылдан жылға арттыруға мүмкіндік берді. Атап айтар болсақ, консультациялық-диагностикалық қызметтер, жоғары технологиялық медициналық көмек, стационарлық көмек, амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету, медициналық оңалту бойынша тәуліктік стационар жағдайында емделгендер саны артты. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында репродуктивті денсаулығында кінәрат бар отбасылар үшін көрсетілетін қызметтер 7000-ға дейін жетті. Жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар 2 есе өсті. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер тісін жоспарлы түрде емдей алады. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер тізбесі де кеңейтілді. «Д»-есепте тұрған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілді көлемімен қатар, МӘМС есебінен де медициналық қызметтер көрсетіледі.

      Медициналық сақтандыру жүйесі аясында азаматтар мемлекеттік ұйымдардан бөлек, жеке клиникаларда да қаралуға, оған тіпті тіркелуге мүмкіндік алды. Биыл Қор 1900-ден астам медициналық мекемемен келісім жасасты, олардың жартысынан көбі – жекеменшік мекемелер. Пациенттер клиниканы өздері таңдайды. Нәтижесінде клиникалар пациенттерді өздеріне тарту үшін қолайлы жағдай жасап, қызметтерін жетілдіре түсуде.

       Медсақтандыру қоры ең алдымен пациенттердің мәселесін шешуге мүдделі, яғни халықпен кері байланысқа ерекше назар аударады.

Әр сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық қызметтерді толық көлемде, уақтылы алуға құқылы. МӘМС пакеті пациенттерге қажет негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Атап айтар болсақ, қымбат анализдер, тексерулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар және т.б. қызметтер кіреді. Көптеген операциялар бірнеше миллион теңге тұрады. Ал азаматтар ай сайын кем дегенде 3500 теңге жарна төлеп, осы қызметтерді қосымша қаржы төлемей ала алады.

         Қазақстанда 16 млн-нан астам азамат сақтандырылған. Оның ішінде 11 млн адам үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады. Олар – кәмелетке толмаған балалар, ресми жұмыссыз болып тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырған ата-аналар, мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі жандардың күтімімен үйде отырған адамдар, зейнеткерлер, жұмыс істемейтін қандастар, күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер, жұмыс істемейтін атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жазасын өтеушілер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар.

     Осы орайда медициналық мекемеде көрсетілген қызметке көңілі толмаса, дәрігер МӘМС аясында жолдама беруден бас тартса немесе ақылы және т.б. мәселелермен өз емханасындағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіне алады. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналары арқылы өтініш жібере алады: fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.

     МӘМС жүйесін тоқтата салумен еліміздің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі шешіле қоймас. Бұл жүйені енгізу үшін көп шаруа атқарылды, атқарылып жатыр. Әлі де жетілдіретін тұстары бар. Денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді интеграциялау және цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде көптеген олқылықты жойып, жүйенің тиімді жұмыс істеуіне үлкен сеп болатыны анық.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*