Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Лазареттен ағза ауыстыруға дейін

Лазареттен ағза ауыстыруға дейін

… Ұзақ жылдар бойы өңіріміздегі негізгі емдеу-алдын алу орталығы болып саналатын облыстық клиникалық аурухананың тарихы Түркістан өңірінің денсаулық сақтау ісінің тарихымен қоса өріліп жатыр. Бүгінде  тек өңірдегі ғана емес, бүкіл ел көлеміндегі ірі медициналық орталық саналатын облыстық клиникалық аурухананың ашылғанына 155 жыл толып отыр.
Тарихқа үңілер болсақ, аурухананың негізі сонау 1868 жылы қаланыпты. Сол тұста Шымкент Сырдария облысының уездік  қаласы болып бекітілгенде мұнда  әскери казарма жанынан 5 төсектік  шағын лазарет ашылған екен. Кейін 1907 жылы бұл әскери мекеме ауруханаға айналып, төсек-орын саны көбейеді. Ал, 1925 жылы лазареттің бұрынғы жайы күрделі жөндеуден өткізіліп, губерниялық ауруханаға айналдырылады және төсек-орын саны 100-ге жетеді. 1947 жылы қалалық емханамен біріктіріліп, 125 төсек-орынды облыстық ауруханаға айналдырылған. Аурухананың алғашқы бас дәрігері қызметін атқарған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері К.Л.Олифиннің еңбегі ұрпақтар жадынан өшпек емес. Сондай қиын кезеңдерде аурухананы басқарған, оның аяғынан тік тұрып, көркейіп, дамуына үлес қосқан П.П.Бучацкий, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген дәрігер, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған медицина ғылымының докторы, профессор, ұжымды ең ұзақ – 31 жыл басқарған  В.М.Алиев, «КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі» Ю.В.Пахомовтың есімдерін әр кез құрметпен еске аламыз. Мұнан соң аурухана ұжымын 12 жыл басқарып, ел Тәуелсіздігінің алғашқы қалыптасу жылдарынан қазіргі жаңа ғасыр табалдырығына өткізген, медицина саласына көптеген ғылыми жаңалықтар енгізген Қазақ КСР-не еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымының докторы, академик Д.С.Сексенбаев, «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» Б.С.Сағымбеков, «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» М.Х.Биғалиев,  Н.К.Қасымов, «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі», медицина ғылымының докторы М.К.Егізбаев біздің аға буын ұстаздарымыз, мақтаныштарымыз болып саналады.
 Бүгінгі таңда медицинаның соңғы үлгілері мен озық тәжірибелерін ұштастыра жұмыс істеуді басты  мақсат санайтын клиникалық ауруханада 1400-ге жуық маман қызмет көрсетуде. Стационар негізі 682 адамға лайықталған, ал, емхананың қызметіне күніне 450-500 тұрғын жүгінеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгелі қызмет көрсету сапасы анағұрлым артты. Оның тиімді тұстарын пациенттер де жақсы түсіне бастады. Қазіргі таңда халық арасында бұл жүйені түсіндіру шаралары БАҚ-тарда материалдар жариялау, стендтер мен буклеттер сияқты көрнекі құралдарды пайдалану, аудандарға, тұрғылықты жерлерге  шығу  арқылы жан-жақты жүргізілуде. Сондай-ақ, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін санатын рәсімдеу және оларды ел экономикасына, сәйкесінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл жүйені енгізу денсаулық сақтау саласын дамытуға  қосымша ресурстарды тартумен бірге  бюджет шығындары мен азаматтардың жеке шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Болашақта әлеуметтік медициналық сақтандыру шаралары сәтті жүзеге асса, халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып, аурулардың алдын алу мен күрделі ауруларды емдеу ісі одан әрі жетілдіріле түспек. Біздің міндетіміз  –  сапалы да тиімді медициналық көмек көрсету арқылы емделушілердің сеніміне ие болу.
Иә, бүгінде бізде диагностикалау, емдеу мен ота жасаудың жаңа, заманауи тәсілдері енгізілген. Мәселен,  эндовидеолапароскопиялық ота жасау әдісін гинекологияда жатыр экстирпациясы, лимфодиссекциясы, ал, урологияда несепағар пластикасы, колопроктологияда лапароскопиялық ішек резекциясы мен анастомоздары, жалпы хирургияда асқазан мен бауыр резекциясы, ортопедияда буындардың артроскопиясы сияқты  хирургияның барлық саласында қолдануға болады.
Енді біз бұл әдісті бұдан да күрделі операцияларда қолдануды жоспарлап отырмыз. Себебі, кішкентай тілінді арқылы ағзаның ішкі мүшелеріне күрделі ота жасау науқасқа да жеңіл болумен қатар ота жасап тұрған хирургтің де шеберлігін ұштайды.
Бұрын тек шетелде ғана жасалатын күрделі оталарды меңгеруде  елеулі жетістіктерге жеттік. Қазір жасанды буын орнату, күрделі құрылғылармен қан-тамырларының ақауын қалпына келтіру және лапароскопиялық әдіспен асқазан көлемін кішірейту арқылы семіздіктен арылту оталары өзімізде жасалады. Бауырға анатомиялық резекция, гемигепатэктомия оталары жасалынып жатыр. Сондай-ақ, нейрохирургия саласында нейронавигация көмегімен күрделі оталар жасау іске асырылды.
Жалпы, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған.
Оңтүстік Корея елімен меморандумға қол қойылғалы біздің мамандар сол елге барып біліктілігін арттырып келіп, оған қоса Ресей және Беларусь мемлекеттеріне, Түркия еліне барып жаңа, заманауи құрылғыларда жұмыс істеуді игеруде. Қазір бізде өте нәзік саналатын және мейлінше дәлдікті талап ететін қан тамырларындағы ақауларды қалпына келтіру үшін  ангиограф құрылғысын толық меңгерген білікті мамандар күрделі оталар жасай алады. Облыс тұрғындарына сапалы жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетуде бұл құрылғыға күннен күнге сұраныс артуда. Себебі, ангиограф аппараты жүрек-қан тамырлары ауруларына 15 түрлі зерттеу жүргізіп, күрделі оталар жасауға мүмкіндік береді. Бұл аппараттың онкологиялық және жүрек ауруларын емдеуде де пайдасы зор.
Гематолог, проктолог, торакальді хирург, буын ауруларының хирургі секілді мамандар облыс бойынша тек бізде ғана бар екенін  айта кеткен жөн.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ауруханамызды өркендетуге барлық жағдайлар қарастырылуда. Одан бөлек мекемеге қажетті бірнеше заманауи аппарат алдық.
Ардагер ағаларымыздың орнықтырған игі дәстүрлері мен  салып берген жолын  жетілдіру, оны жемісті жалғастыру – парызымыз. Ең бастысы, уақыт ағымына ілесе білу! Бұл тұрғыда ұжымның атқарып жатқан жұмыстарына және қол жеткізген табыстарына ел куә.
Уақыт  бір орнында тұрмайды. Ендеше, күн сайын қарыштап дамып, адымдап алға жылжып, төрімізге шыққан қазіргі жаңа технологиялар заманының жетістіктерін жедел әрі кең түрде игеріп, сол арқылы адамдар денсаулығын қорғау мен емдеу жұмыстарын әлемдік стандартқа жеткізу – біздің басты мақсатымыз.
Тағы айта кететін жәйт, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында ағза ауыстыру мәселесі қайта қолға алынды. Бұл – өте өзекті мәселе. Осы күнге дейін 5 науқасқа бүйрек транс-плантациясы отасы жасалды. Алғашқы ота мамыр айында жасалып, сәтті шыққан еді. Осы уақыт ішінде бес науқастың бүйрегі алмастырылды. Алғашқы ота А.Сызганов атындағы Ұлттық хирургия орталығының басшысы, профессор Б.Баймахановтың қатысуымен өткені газет оқырмандарының есінде болар. Трансплантацияланған науқастар жазылып, қалыпты өмірлерін жалғастыруда. Қазіргі таңда бақылауда жатқан екі науқас бар, олар жақын арада үйлеріне оралады. Жалпы, трансплантацияланған науқастардың ахуалы, олардың донорларының жағдайы, жалпы донорлық мәселені біз түрлі жиындарда жиі көтеріп жүрміз. Жасыратыны жоқ, бұл салада әлі де шешімін күткен проблемалар баршылық. Өйткені, бүгінде барлық трансплантациялар тек туысқандардың ағзасын алмастыру арқылы жүзеге асады. Дей тұра, сырқаттарға донор тапшы. Ал, тапшылықты жою үшін мәйіт донорлығын дамыту керек! Сау адамның ағзасын басқа біреуге алып салғаннан мәйіт ағзасын салу әлдеқайда оңай әрі қауіпсіз. Өйткені, сау адамның бүйрегін алғанда оның да өміріне қауіп төнеді.
2016 жылдан бері трансплантология мамандарын, анестезиологтарды, фельдшерлік-медициналық қызметкерлерді даярлау жүргізіліп келеді. Мамандар Алматыдағы А.Сызганов атындағы Ұлттық хирургиялық орталығында, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда, Беларусь Республикасында, Ресейде оқытылды. Сонымен қатар, профессор Б.Баймахановтың жетекшілігімен бауыр трансплантациясы жоспарлануда.
Соңғы кезде еліміздің медицина саласында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Алдыңғы қатарлы озық технологиялардың арқасында жүрек, бүйрек алмастыру оталары сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде ағза ауыстыруды қажет ететін науқастарды одан әрі іріктеу жұмыстары жүргізілуде.
Жанболат ДІЛДӘБЕКОВ,
облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*