Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажеттігін міндеттеген болатын.
Үшінші қаланың әлеуетін арттыру шаралары бойынша туризмнің алар орны ерекше. Сан ғасырлы тарихты қойнауына жинап, тоғыз жолдың торабында орналасқан қасиетті қаламыздың, қала тұрғындары мен қонақтары үшін не беріп, не көрсете алады деген сауалы қала әкімдінің негізгі мақсаттарының біріне айналуы тиіс. Соңғы уақытта шырайлы қаламызға саяхаттаушылар қатары көбейген.
e-Qonaq желісіндегі сараптамалық көрсеткіш бойынша үшінші мегаполиске 3 ай ішінде шетелден 10 837 қонақ келген. Олардың көбі Өзбекстан, Ресей, Қытайдан келген туристер.
Шетелдіктердің басым бөлігі «Shym Qala» тарихи-мәдени орталығы мен «Арбат» демалыс алаңына қызығушылық танытып отыр. Статистикаға көз жүгіртсек, сұранысқа ие туристік орталықтар қатарында қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, тарихи-өлкетану мұражайы мен “Бәйдібек би” монументі бар.
Кез келген қала қонағы мегаполистің демалыс орындары туралы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының дүңгіршектері арқылы біле алады. Жыл басынан бері орталық 100-ге жуық азаматқа қызмет көрсеткен.
Дүңгіршектер Әл-Фараби алаңы, 2/10 және Бакбаев көшесі, 51в мекен-жайында орналасқан.
Айта кетейік, туризм басқармасы тарапынан қала туризмін дамытуға үлес қосқан бизнес иелері үшін ынталандыру шаралары қарастырылған. Басқарма туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау кезіндегі шығындардың 10%-ын өтеп, туристік автобустарды сатып алу бойынша 25% өтемақы береді. Сонымен қатар, жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде 10% өтемақы қарастырылған және кәсіпкерлік субъектілерінде санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде субсидия бөлінеді.