Қазір елімізде «Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы өтіп жатқаны белгілі. Жер-жерде тазалық жұмыстары жүргізіліп, мәдени мұралар, ескерткіштер маңдары тазаланып, ретке келтіріліп жатыр.
«Тазалық–денсаулық кепілі» демекші, жалпы тазалық төңірегінде бұл мәселе айта-айта жауыр болғаны шындық. Ауданда басқа бағыттағы жұмыс қарқынды жүргенімен, тазалық мәселесіне келгенде ақсап тұрғаны жасырын емес. Оған себеп — өзіміздің салғырттығымыз. Халқымызда «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қанатты сөз бар. Қоршаған ортаны қорғап, тазалық сақтауды, таза ауа, әдемі аулада өмір сүруді бала санасына кішкентай кезінен сіңіру керек.
Осы мақсатта Шымкенттің білім беру ошақтарында «Киелі мекен» тақырыбында ашық сабақтар өтуде.
Ондағы мақсат, мектеп оқушыларына «Киелі мекеннің» маңызын түсіндіру. Соның арқасында рухани-мәдени мол мұрамызға мән беріп, ұлттық құндылықтарымызды саралау, киелі жерлердің тарихымен таныстыру. Сол арқылы оқушылардың отанын сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, еліміздің қасиетті жерлерін қастерлеуге, отанымыздың байлығын қорғауға, елімізді өркендетуге білімді ұрпақ болуға тәрбиелеу.
Нақтырақ айтар болсақ, Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №132 жалпы орта білім беретін мектеп, № 134 жалпы орта білім беретін мектеп, №66 Қазығұрт жалпы орта мектебі, А.Бөкейханов атындағы N2 жалпы орта білім беретін мектеп, Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясындағы өткен ашық сабақтар «Киелі мекен» апталығымен ұштастырылып өткізілуі мәдени мұраны, рухани құндылықтарды, қасиетті орындарды оқушылардың танып-білуіне зор ықпал етті.
Сондықтан, әр мектепте өткен «Киелі мекен» ашық сабақтарында оқушылар киелі деген сөздің мағынасын ұғып, қастерлеу, қорғау керек деген сөздердің астарына мән беріп, үлкен сабақ алғаны сөзсіз.
Тазалық – баршаға ортақ. «Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде» демекші, әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, туған жерінің қадірін ұғынып, тазалығын сақтауға ынта қоюға міндетті.