Биыл КСРО халық әртісі, театр және кино актері, режиссер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми – әмбебап кітапхана мен Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен «Қазақ киносының саңлағы» атты танымдық сағат өтті.
Қаламыздың бас кітапханасында өткен мәдени іс-шараға «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. ҚР мәдениет қайраткері, драматург Сая Қасымбек, «Сақ» киностудиясының режиссер-сценаристі Батырхан Дәуренбеков, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актриссасы Анипа Қарабекова, ҚР мәдениет саласының үздігі, өнер қайраткері Садық Жақыпов жас өрендерге Ш. Аймановтың өнегелі өмірі жайлы баяндамаларын оқыды.
– Былтырғы жылы Сая апайымызбен ақылдаса отырып, бірнеше мерейтойлық іс-шараларды бірлесе ұйымдастырамыз деп келіскенбіз. Соған орай бүгінгі жиынымызды қазақтың ұлы режиссері Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орайластырып отырмыз. Ұлтына жан-тәнімен берілген, мамандығын құлай сүйген Шәкен атамыздай адамдар бүгінгі күнде жетпей жатады. Қазаққа туа біткен режиссердің өмірі мен шығармашылығы жайлы жастармен бөлісу біздің міндет, – деді Анар Жаппарқұлова.
Жиында Шәкен атамыздың киноматография арқылы қазақилықты, салт-дәстүрді, тарихты жеткізгені жайлы сөз етілді.
– Киноны идеология құралы деуге болады. Мәдениет, тарих, өнер, кино арқылы насихатталады. Кеңес дәуірінде қазақ ұлтының дәстүрін, ерекшеліктерін Шәкен атамыз кино арқылы жеткізе білді. «Атаманның ақыры» фильмі кезінде КСРО – ны шулатқан еді. Сол кезеңдегі мүйізі қарағайдай режиссерлердің таңдайын қақтырған еді. «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақ орыс қызына емес, қазақ қызына үйленгенінің өзінен ұлттық идеологияны жеткізе білгенін байқауға болады, – деді Батырхан Дәуренбеков.
Сөз соңында Б. Дәуренбеков бұндай іс-шаралар әкімдіктің, мәдениет басқармасы өкілдерінің қатысуымен, қолдауымен өтуі қажет деген ойға келді.
– Бүгінгі жаһандану заманында мемлекеттің күн тәртібінде ұлт мәдениеті мен өнеріне аса көңіл бөлінуі қажет , – деп сөзін тәмамдады.
Мәдени жиын барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері «Тақиялы періште» фильмінің үзіндісін сахналады, аталмыш факультеттің студенті Ақтоты Ыбырай «Аяулы ана» әнін орындап, көрермендердің жылы лебізіне бөленді.