Тәуелсіз елімізге тірек болу, оның шекарасы мен тыныштығын кірпік қақпай күзету елжанды әрбір азаматтың қастерлі де қасиетті борышы. Сондықтан әр азамат Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеуге асығып, әскер қатарында болуды қалайды.
Осыған орай бүгін ауданымызда жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге баулу, айбынды қазақ әскерін жастарға үлгі ету мақсатында әскерге аттанғалы тұрған отырарлық жас сарбаздарды салтанатты жағдайда шығарып салу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, сарбаздарға ақ жол тіледі, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Ол өз сөзінде: «Кез келген мемлекет үшін елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы басты орында. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылып, мемлекетіміздің шекарасы белгіленіп, әскеріміз жасақталды. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері әлемдік стандарттарға сай, ең мықты және заманауи үлгідегі әскери құрылғылармен жабдықталған. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Тәуелсіз елімізге қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Сіздерге бүгін Отан алдындағы борыштарыңызды өтеуде сәттілік тілей отырып, еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін»,-деді.
Мұнан соң аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап, әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу Қазақтан Республикасының әрбір азаматының парызы екенін атап өтті.
Сондай-ақ жиында «Мұрагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Талап Масанов пен ауданның бас имамы міндетін атқарушы Бақыт Әбусейіт әскер қатарында болып елді қорғау абыройлы іс екенін айтып, сарбаздарды Отан алдындағы антына адал болуға шақырды.
Шара барысында жас сарбаздар әскери қаруды шашып, қайта құрастыру бойынша оқу-жаттығу өткізіп, шапшаңдық пен ептіліктің үлгісін көрсетті. Одан әрі аудан өнерпаздарының орындауларындағы патриоттық әндер Отан қорғаушылардың рухын көтеріп, жастарға жігер сыйлады.
Жиын соңында жас сарбаздар сапқа тұрып ел тыныштығын күзетуге аттанып кетті.
Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отан сүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Алайда соңғы уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыру үлкен проблемалық мәселеге айналуда. Біздің елімізді қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы және конституциялық міндеті болып табылады (Конституцияның 36-бабы).
Жыл сайын Қазақстан Президенті азаматтарды әскер қатарына шақыруды жариялайды. Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) сәйкес жүзеге асырылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыруға жатады (Заңның 31-бабы). Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі (Заңның 30-бабы). Әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады (Заңның 17-бабының 3-бөлігі). Бұл ретте, әскери қызметтен жалтару тиісті қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Әскерге шақырылушылар елімізде жеткілікті болғандықтан жыл өткен сайын оларға қойылар талаптар да жоғарылады. Ең бастысы борышын өтейтін жігіттің денсаулығы мықты болуы тиіс. Оларды медициналық тексеріс нәтижесінде бірнеше топқа бөледі. Десек те, соңғы кезде Отан үшін отқа түсетіндердің саны азайып кетті. Басым бөлігі ол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын шығып тұратын әскер жайлы жайсыз қауесеттер ата-аналарды үркітіп қойған. Әрине, әскерге өз еркімен сұранатындардың да қарасы жетерлік. Бір әттеген-айы олардың көбі ел үшін емес, қара басының қамын ойлап аттанып жатқан секілді. Неге десеңіз қазіргі таңда әскери билеті жоқ азаматтар ҰҚК-не, ІІМ-не жұмысқа орналаса алмайды. Осы орайда әскери борышын түрліше өтеп, әскери билет алып жүргендерді көз көрді. Әскери қызметті бәрі бірдей жамандап, ұнатпайды емес. Бұл өмірдің де өзіндік ерекшелектері мен пайдасы бар екенін мақтан ететін азаматтар арамыздан табылады.
Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Бүгінде Қарулы Күштер туралы әркім аузына түскенді айта береді. Мәселен біреулер: «Қазір «уралап» шабатын заман емес, атом бомбасының дамыған кезеңі. Бір түймені баса салса бәрін астаң-кестен етеді», — деп ділмәрсиді. Бұл ер азаматтардың емес, ездердің сөзі. Әскер сені тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі. Ал, жаңағыдай әңгіме айтатындар шешесінің «Жалғыз баламды әскерге жібермеймін», — деген сөздерін естіп өскендер шығар. Мұндайлардың дені шешесінің кішкентайынан: «Сені әскерге жіберсем мені кім бағады», — деп еркелеткеніне үйренгендер болар.
«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады», — дейді дана халқымыз. «Балам өліп қалады» дейтін кереғар пікір бұл жерде орынсыз. Мысалы, салыстырмалы түрде алсақ, он сегізге толған ерлердің арасында әскерге бармағандардың өзі қазаға ұшырап жатқаны өздеріңізге мәлім. Жол апатынан немесе төбелестерде атылып қаза тапқандар қаншама? Өмір болғаннан кейін, өлім де қатар жүреді. Әскер де өмір, ол жақта да өлімнің болуы ықтимал жағдай. Бірақ соны сылтауратып әскери қызметтен қашпаған жөн. Себебі сен азаматсың, еліңді қорғау- міндетің.