Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » САУРАН АУДАНЫНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ  ЖӨНІНДЕ КЕЛЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ

САУРАН АУДАНЫНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ  ЖӨНІНДЕ КЕЛЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ

Бүгін Сауран ауданында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаулың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.

Семинарға Европалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Фолькер Фробарт, «Winrock International» ұйымының «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон жөніндегі жобаның жетекшісі Элеонор Джудит Валентайн, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішовтер арнайы қатысты.

Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, жүргізіп отырса, Тастемір Әбішев, Фолькер Фробарт Қазақстан Республикасы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі, адам құқықтары мен құқықтық мемлекет, Қазақстан Республикасының Конституциясында қарастырылған адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтар, сонымен бірге, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы тақырыптық баяндама жасады.

Семинар-тренингтің екінші бөлімі секциялық жұмыстармен жалғасын тауып, бекітілген бағыттар бойынша Еңбек нормалары, Медиациялық жолмен еңбек құқықтарын қорғаудың тәсілдері түсіндірілді. Лектор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Светлана Жаркенова тренинг барысында Еңбек кодексінің маңызды ережелеріне кеңінен тоқталды. Әрбір азамат үшін еңбек шартының рөлі, оны жасасу ережелері, еңбекке орналастыруға қажетті құжаттарды рәсімдеу, жұмыскер мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттерін білуі керектігін жеткізіп, қоғамдағы болуы ықтимал еңбек дауларының алдын-алу тетіктерін түсіндіріп өтті.

Мұнан соң «Сана сезім» Әйелдер бастамасы құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова еліміздегі адам саудасына қарсы іс-қимылдың алдын-алу ахуалына шолу жасап, «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын таныстырып өтті. Сонымен қатар, «Қазақстандық дағдарыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зүлфия Байсақова Қазақстандағы әйелдер мен балалардың құқытарын қорғау бойынша еліміздегі жағдайды талдап, әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді талдап берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының заңды құқықтары мен мүдделері туралы жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Оқыту семинар-тренингті қорытындылаған Тастемір Әбішев Қазақстанның азаматтары ғана емес, елімізде тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, қандастар, азаматтықты алып үлгермегендер де Конституциялық сотқа жүгінуге, өз құқықтарын қорғауға құқылы екенін жеткізіп, құқықтарымен бірге мемлекет пен қоғам алдында міндеттерін де адал атқаруға шақырды.

Бүгінгі Қазақстан – бұл саясаты адамның лайықты өмірі мен еркін дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік мемлекет. Ел саясатының әлеуметтік бағыттылығының арқасында еліміз БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына жеткізетін «2030 жылға дейінгі күн тәртібінің» «ешкімді артта қалдырмау» түпкілікті қағидатын жүзеге асыруды сенімді түрде дамытуда. Бұл қағидат азаматтардың экономикалық, саяси және қоғам өмірінің басқа салаларына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету үшін мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізінде жатыр.

Орнықты даму тұжырымдамасы қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық өсудің теңгерімін, теңдік пен әділдікті, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін және т.б. қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ түпкі нәтижесінде орнықты даму жеке адамға, оның құқықтары мен бостандығына бағытталған. Адам құқықтары саласындағы іс-қимылдың Ұлттық жоспарының ұсынымдарын іске асыру Қазақстанға құқықтық мемлекет құруда, адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік және қоғамдық тетіктерін нығайтуда, дамыған азаматтық қоғам қалыптастыруда тақырыптық прогресске қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды тетікке айналды. Осындай құқық қорғау құралдарын құру – Қазақстандағы демократияны тереңдетудің халықаралық қоғамдастық жоғары бағалаған маңызды қадамы болды. Бүгінгі таңда қоғамның адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін әрі қарай арттыруға деген сұранысы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі институттардан нәтижелілікті, жұмыстың жаңа түрлерін іздеуді, қолда бар құралдарды пайдалану тиімділігін арттыруды талап етеді.

Біз көп нәрсеге қол жеткіздік, бірақ алда әлі көп жұмыс бар. Жыл сайын адам құқықтары күні бүгінгі жетістіктерімізді бағалауға және ертең азаматтарымыздың құқықтарын қалай қорғайтынымызды түсіну үшін себеп. «Жол жүрсе өңеді» дегендей, адам құқықтарын қорғау үшін жаңа тиімді шаралар қабылдау өте маңызды. Бүгін Қазақстан бүкіл әлем секілді азаматтардың интернеттегі қудалаудан қорғансыз екендігіне тап болды. Біріншіден, балалар одан зардап шегеді. Президентіміз балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту, атап айтқанда, Бала құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылуды тапсырды.

Азаптауларға қарсы күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесі де өзектілігін сақтауда. Мемлекет басшысы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге қарсы халықаралық конвенцияның ережелеріне сәйкес келтіруді тапсырды. Адам саудасына қарсы күрес біздің басты назарымызда. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсімін жақсартуы керек. Заңды бұзғандар сот тәртібінде қатаң жазалануы тиіс.

Қылмыстық саланы ЭЫДҰ дамыған елдерінің үлгісі бойынша жаңғырту қажет. Бізге азаматтардың құқықтарын уақытылы қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін модель қажет. Дәл осы басымдықтар Мемлекет басшысының жақында Қазақстан халқына Жолдауында тұжырымдалған болатын. Осылайша, мемлекетіміздің осы кезеңдегі негізгі мақсаты азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуда, балалардың, қарттардың, әйелдердің, жастардың жағдайын жақсартуда, этникалық және діни топтардың, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың және халықтың басқа да осал топтарының құқықтарын сақтауда, адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс тетіктерінің жұмыс істеуінде.

Адам құқықтарын қорғау мәдениетінің қалыптасуына, ұлттық демократиялық институттардың дамуына және құқықтық мемлекеттің нығаюына Қазақстанның Адам құқықтары мәселелері бойынша халықаралық әріптестермен белсенді ынтымақтастығы өзінің оң септігін тигізеді. Осыған байланысты біз адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. халықаралық аренада адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу мен қорғауда басты міндетті БҰҰ атқаруға тиіс екеніне сенімдіміз. Әртүрлі қоғамдардың даму ерекшеліктері мен дәстүрлерін, әсіресе, олардың мәдени, діни және тарихи құндылықтарын ескеру маңызды. Бұл тақырып халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ, ИЫҰ және тағы басқалардың қызметтерінде де өзекті.

Қазақстан алдағы уақытта да адам құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға өзінің елеулі үлесін қосуға ниетті. Біз адам құқықтары бойынша барлық мемлекеттермен, үкіметтік және үкіметтік емес тараптармен сындарлы және өзара сыйластыққа негізделген диалог жүргізуге ашықпыз. Адам құқықтары тек заңдық қана емес, моральдық-этикалық өлшемге де ие екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан адам құқықтарын іске асыруға қатысатын барлық қатысушылардың өз әрекеттері үшін жауапкершілікке қатысты ортақ түсінік қажет.

Бүгінгі күні адам құқықтарын сақтау барлық адамдар үшін шындыққа айналуы үшін айтарлықтай күш-жігер қажет. Осы ретте адам құқықтары саласындағы білім маңызды рөл атқаруы тиіс, себебі жаңа ұрпақ өздерінің ажырамас құқықтары туралы біліп, оларды іске асыру және қорғау мүмкіндігіне ие болуы керек.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*