Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » КЕЛЕС: НАШАҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

КЕЛЕС: НАШАҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Келес ауданында нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариевтің төрағалығымен өткен штаб отырысында аудан аумағында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Келес ауданында есірткі трафигі арналарын жоюға, есірткі қылмысына қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар кешені, есірткілерді тарату және тұтыну фактілерін анықтау бойынша көңіл көтеру орындарында тиісті іс-шаралар жүргізу бойынша атқарылған жұмыстар бойынша Келес аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бастығы полиция подполковнигі Н. Асанов баяндаса, есірткіге тәуелділерді және есірткіні теріс пайдаланатын адамдарды мәжбүрлеп емдеу бойынша емдеу-профилактикалық мекемелер желісін кеңейту жұмыстарының барысы бойынша аудандық емхана наркологы Қ.Махатова атап өтті.
Сонымен қатар, Абай ауылы мен Біртілек ауылдық округіндегі және аудандағы білім нысандарындағы, сондай аудандық жастар ресурстық орталығының осы бағыттағы атқарған шаралары талқыланып, штаб мүшелеріне нақты тапсырмалар жүктелді.

Соымен бірге, Келес ауданында аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариевтің төрағалығымен «Келес ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия» отырысы өтті.

Жиынның күн тәртібінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың, қылмыстың, қаңғыбастық пен панасыздықтың, зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің алдын-алу бойынша кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді пайдалану құқығын жүзеге асыру, бала еңбегін қанаудың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысы талқыланып, аудандық полиция бөлімі мен білім бөлімінің өкілдері баяндама жасады.
Жиынға аудандық құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша хаттамалық тапсырма түзіліп, жауаптыларға нақты шараларды қабылдау бойынша тапсырмалар берілді.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізу үшін мемлекет билігі де барлық қолдан келетін жұмыстарын күшейте түсуде. Соның дәлелі ретінде айтар болсақ, Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжат Мемлекет басшысы  Қ. Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленген.

Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленді. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілді (Darknet, мессенджерлер, криптоәмияндар және т. б.).

Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру. Елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр.

Қабылданған Жоспар аталған бағыттар бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.

Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді.

Нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінеді. Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік береді.

Емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі. Ұшақ пен ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалана отырып, адам аз жүретін аумақтардағы жасырын есірткі зертханалары мен плантацияларды жою шаралары қабылданды. Жоспар шекаралық өткізу пункттерін дәрілік заттарды, прекурсорларды және дәріхана зертханаларына арналған жабдықтарды анықтауға арналған скринингтік құралмен қамтуды көздейді.

Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Ал енді, нашақорлықтың зияны туралы азды-көпті мәлімет бере кетсек. Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады. Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауруға» Қазақстан да шалдыққан. Ол уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әр түрлі себептері бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қол жетімділік. Бұған дәлел күн сайын әр-түрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жәйлі ақпарттар. Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне — мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады. Ал есірткінің қармағына бір іліккен адам, одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*