Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » ТҮРКІСТАНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Бүгін Түркістанда Қазақстан  Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өтті. Оған ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесі мен Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсетті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев семинарды ашып беріп, адам құқықтарын қорғау басты міндет екендігін атап өтті.

– Бүгінгі күні отбасы құндылығының әлсіреп, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің көбеюі бәрімізді алаңдатуда. Қоғамдағы осы түйткілді шешуге баршамыз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Түркістан облысында өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының бастамасымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны бойынша республикада 15-ші орында тұр. Сондай-ақ, біз отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар бойынша 19-орындамыз. Бұл деректі жариялауда құқық бұзушылықтар мен кәмелетке толмағандардың саны ескерілді. Халық санына шаққанда өңірде қылмыстар саны аз. Дегенмен, құқықбұзушылық деректерін мүлдем жоюға күш салынуы тиіс. Статистикалық деректер өңірдегі жағдайдың тым нашар еместігін көрсетеді, алайда орын алып жатқан әрбір факт бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, қоғам тарапынан теріс пікір туғызуда. Түркістанға арнайы келіп, адам құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істеп жатқандарыңыз үшін сіздерге алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қазақстан  Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің адами өлшем мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Сара Д’Амико, Winrock International «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон жөніндегі жобаның» жетекшісі Элеонор Джудит Валентайн қатысып, сөз сөйледі. Аталған шараға Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері мен ҮЕҰ өкілдері, жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Семинарда еліміздегі адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі зерделенді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері қаралды. Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ ел аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын өзге де адамдардың азаматтық, еңбек, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері де талқыланды. Тыңдаушылар өз құқықтарын сотта және соттан тыс қорғау, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен, білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен танысты. Жалпы адамдардың ақпарат алуға, білім алуға, әлеуметтік қызмет көрсетуге, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерімен, сондай-ақ қоғамдағы ықтимал еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және шешу жолдары айтылды. БҰҰ адам құқықтары саласындағы шарттық органдарының бақылау функцияларымен, ұйым құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты. Қатысушылар адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласында тәжірибе алмасты. Комиссия сарапшылары тыңдаушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, 11 сәуірде Адам құқықтары жөніндегі комиссия ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші, Фолькер Фробарттың қатысуымен Отырар ауданында адам құқықтары бойынша оқыту семинар-тренинг өткізеді.

Адам құқықтары және заң үстемдігі бойынша әлеуметтік кодекс қабылданды. Құжат халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санатына жататын азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған. Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлем бекітілді. Президент Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне толық сай келетін «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан өлім жазасын жойды және сотталғандардың денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі азаматтық функцияларды Ішкі істер министрлігінен алып, Денсаулық сақтау министрлігіне берді. Қазақстан балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның факультативтік хаттамаларын ратификациялады.

Азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды, Азаптауларға қарсы күрестің ұлттық превентивті механизмі күшейтілді, азаптауларға және қатыгез іс-әрекеттерге қатысты заңнамалық анықтама енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Мұндай жағдайларда тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды. Ұлттық қордан балаларға арналған аударымдарды реттейтін заң қабылданды.

Митингілер туралы жаңа заң қабылданды. Онда рұқсат алудың орнына, алдын ала ескерту тәртібі енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанда бейбіт митингілер саны бірнеше есе өсті.БАҚ туралы заң қауіпсіз цифрлық кеңістік құру мақсатында реформаланды.

Тәуелсіздік жылдары еліміз адам құқықтарын қорғау саласында, сондай-ақ демократиялық институттарды нығайтуда маңызды жетістіктерге жетті. Заңнама мен құқық қолдану тәжірибесі жетілдірілуде, сот және қылмыстық-атқару жүйелері өзгеруде. Бірталай халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық жаһандық және өңірлік деңгейде белсенді дамып келеді.

Ал бүгін де бізде мақтануға тұрарлық нәрсе бар. Біз мазмұндық тұрғыдан жаңа «Бейбіт жиналыстар туралы» Заң қабылдадық, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 130-бабының (жала жабу) декриминализациялау бөлігінде өзгертулер енгіздік. Қазақстан адамның өмір сүруіне және қадір-қасиетіне деген негізгі құқықтарды қорғау үшін біз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қол қойдық.

Тағы бір басымдық – әйелдер мен жастардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету болып табылады. Біз Жаһандық гендерлік теңдік индексіндегі көрсеткішімізді едәуір жақсартып, партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық міндетті квота енгіздік. Азаматтық қоғам институттары мен билік құрылымдары арасындағы сындарлы диалогты дамыту бойынша жұмыс жалғасуда. Адам құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету азаматтық қоғамның іргетасы болып табылады, ал дамыған азаматтық қоғам, өз кезегінде, адам құқықтарын қамтамасыз етудің сенімді кепілі.

Президент Қ. Тоқаев билік пен қоғам арасында әрдайым диалогтың болуына көңіл бөледі. Осылайша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іргетасы қаланды. Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығымен және ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі көптеген қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту басты міндет болып табылады. Саяси реформаларды іске асыруға жедел араласқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамдық диалогты дамытуға жаңа серпін берді. Және бұл жұмыс одан әрі жалғасуда.

Орын алып жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – бүкіл мемлекеттің орнықтылығы мен жұмыс істеу тиімділігін арттыру. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы тек құқық үстемдігі мен азаматтарымыздың мүдделерін қорғаусыз арқылы сәтті іске асырылуы мүмкін емес. Адам құқықтарын қорғайтын мемлекеттік және мемлекеттік емес институттар әртүрлі әлеуметтік және саяси сын-қатерлерге және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу тәуекелдеріне сезімтал болуы тиіс.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*