Ордабасылық полицейлер көшелер мен қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде, деп жазады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Заңдылық пен құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жедел жағдайларды тұрақтандыруға бағытталған шарада полиция халыққа бірінші кезекте түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Заңнамаға сәйкес ішкі істер органдары жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде құқық белгілейтін құжаттарды тексеру және көлік құралдарын, сондай-ақ, жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды және заттарын жеке тексеру, атыс, травматикалық, суық қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды тәркілеу, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды, заңсыз мигранттарды анықтауды жүзеге асырады.
Қоғам тыныштығы мен құқықтық тәртіпті сақтау барысында жүргізілетін рейдтік шарада облыс халқы түсіністік танытып, заңға қарама-қайшы іс-әрекеттерге жол бермеуін сұраймыз.
Құқықбұзушылық – заңды жауапкершілікке алып келетін құқыққа қарсы әрекет. Құқық бұзушылықтың алдын алу — мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық меншік нысанындағы ұйымдар және Қазақстан Республикасының азаматтары жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою болып табылады.
Қазақстанның алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр. Ал бұл мақсат халықтың құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, әлеуметтік және зияткерлік дамуының жоғары деңгейіне ие болған, өз таңдауын еркін қабылдаған және өз әрекеттері үшін дербес жауап беруге қабілетті болған кезде ғана орындалады. Құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі тәуелсіз, әділетті, құрметті сот билігі орныққан уақытта ғана болады. Осыған байланысты қазақстандық азаматтық қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруда сот жүйесі негізгі рөл атқарады. Құқықтық сана – бұл адамдардың іс-әрекетке немесе мемлекет тарапынан қабылданған заңға қатынасын білдіретін идеялар жиынтығы. Құрылымдық тұрғыдан құқықтық сана екі негізгі элементтен тұрады: құқықтық психология және құқықтық идеология. Құқықтық психологияның мазмұны – адамдарда қолданыстағы құқықтық нормаларға және оларды қолдану практикасына байланысты пайда болатын сезімдер, эмоциялар, тәжірибелер, көңіл-күйлер, әдеттер, стереотиптер. Құқықтық идеология – бұл құқықтық шындықты концептуалды, жүйеленген түрде көрсететін және бағалайтын құқықтық идеялардың, теориялардың, көзқарастардың жиынтығы. Құқықтық мәдениет – құқықтық актілерді, құқықтық және құқық қолдану қызметін, жеке адамның құқықтық санасы мен құқықтық дамуын, сондай-ақ оның мінез-құлқының еркіндігі арқылы қол жеткізген құқықтық өмірдің сапалы жай-күйі. Қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыруда сот жүйесінің рөлі өте маңызды.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығымен мынадай бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді: заңнамалық нормаларды дәйекті жетілдіру, сот құрылысын жетілдіру, даулар мен жанжалдарды шешудің балама тәсілдерін енгізу, азаматтардың қалың жігінің сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз ету, Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттыру.
Жұртшылық үшін сот ақпаратының барынша ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Соттың сайтында бірыңғай ақпараттық-талдау базасында жабық отырыстарда қаралған істерді қоспағанда, сот актілері орналастырылады. Сот отырысы залдары аудио-бейнежазу жүйелерімен жарақтандырылған, процестерге қатысушыларды хабардар ету үшін СМС хабарламалар енгізілген, процеске қатысушылармен бейнеконференция байланыс жүйесі, барлық соттарда электрондық сот ісін жүргізу енгізілген.
“Сот кабинеті” ақпараттық сервисі арқылы сот органдарының онлайн-қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Азамат немесе заңды тұлға өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай, интернет арқылы өтініш бере алады.
Бұл орасан зор жұмыстың барлығы, сөзсіз, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін, сот төрелігін іске асыру сапасын жақсартуға, сот жүйесінің оң имиджін, соттардың ашықтығын, халықтың сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта көптеген адамдар соттардан көмек сұрайды, бұл сот жүйесіне деген сенімнің артқандығын көрсетеді.
Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп,жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу,кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.
Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр.Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Жыл сайын жаз маусымы басталып,оқушылар,студенттер демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді.
Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00 –ден кейін компьютерлік клубта отыруға және 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.