15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіретін есірткі мен басқа да заттардың, соның ішінде насыбайдың денсаулыққа зиян және бұл адам бойындағы жаман әдеттердің бірі екендігін айтқан болатын.
«Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – 21-ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек. Жалпы насыбай өндіріп, таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқан үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді», — деді президент.
Күні кешеге дейін насыбайды ескіліктің қалдығы деп жүруші едік. Ауылдың бірен-саран шалдары болмаса, оны пайдаланатындар сирек еді. Оған ешкім де мән беріп жатпайтын. Тіпті, еліміздегі денсаулық сақтау, білім мен тәрбие беру және құқық қорғау құрылымдары да бүгінге дейін мұның денсаулыққа аса зиян екендігіне жеткілікті мән берген емес. Насыбайға қарсы күрес шараларын қолға алатын тиісті құрылымдар ырғалып-жырғалып жүргенде, бұл дерт, әсіресе, жастар арасында кеңінен таралып үлгерді.
…Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік», – деген еді. Ал, жоғарыда айтқанымыздай, елімізде 2015 жылдан бері насыбай өндіру, әкелу мен оны сатуға заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан, ел Президенті сөз еткенше ешкім насыбайдың «аяғына» құрық сала алмады. Базарда ашық сатылды. Жұрт именбей еркін тұтынды.
Президент сөзінен кейін ҚР Ішкі істер министрлігі ұялды ма, әлде Мемлекет басшысының сөзін осы уақытқа дейін тосып жүрді ме, ол жағы белгісіз, 18-31 наурыз аралығында «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында «Насыбай» жедел профилактикалық іс-шарасы қолға алынды.
Құқық қорғаушылардың сөзіне сенсек, насыбайды сату былай тұрсын, оны қоғамдық орындарда да тұтынуға болмайды. Яғни, тыйым салынған. Мәселен, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, түнгі клуб, пойыз, ұшақ, әуежай, вокзал мен аялдамаларда насыбайды пайдалануға болмайды. Сонымен қатар, балалар алаңы мен кәмелетке толмаған балалардың көзінше тұтынуға да тыйым салынған. 2015 жылғы заңға сәйкес, алда-жалда қоғамдық орында тұтынған адам болса, оған 15 АЕК-ке, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.