Елімізде нашақорлықпен байланысты жасалатын қылмыстар күн өткен сайын көбейіп барады. Оның ішінде синтетикалық есірткілерді интернет желілері арқылы тарату, оны жастардың болмашы қаржыға тасымалдауы өте өзекті проблемаға айналып отыр.
Мәселен, 2023 жылдың мамыр айында Н.Ә. есімді азамат Telegram каналындағы «Работадатель» парақшасына кіріп, өзіне жұмыс сұрайды. Олар бұған тасымалдаушы және менеджер жұмыстарын ұсынып, жұмысқа орналасу үшін жеке куәлік пен 30 мың теңге қаражат төлеу керектігін айтады. Осылайша Н.Ә. тасымалдаушы болып жұмысқа орналасып, бір дана затты жасыру үшін 250 рубль төлемақы алуға келіседі.
Бірде оған «Telegram» желісі арқылы психотроптық зат жасырылған мекенжай мен орынның фотосуреті жіберіледі. Ол ондағы затты фотосурет арқылы Түркістан қаласында орналасқан тұрғын үй ауласынан табады. Алайда, тыйым салынған тауарды екінші мекенжайға жасыру барысында полиция қызметкерлерінің қолына түседі.
Жақында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Н.Ә-нің қылмыстық ісін қарап, оны 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Бұдан жастар жеңіл жолмен пайда табудың жақсылыққа апармайтынын ұғынса игі.
М.ӘБІЛБАШАРОВ, облыстық прокуратураның аға прокуроры.