Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту болып табылады. Жалпы діни экстремизмнің қалай алдын аламыз?
«Біріншіден, теріс діни ағымның, секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында «Дінтану» сабағымен қоса, дінтану және тарих пәндерінің мұғалімдері ашық сабақ және тәрбие сағаттарында, қауіпсіздік сабақтарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп, түсіндіріп отырулары керек.
Екіншіден, қауіпті діни әдебиетке тыйым болмай, діни экстремизмнің алдын алу мүмкін емес. Сондықтан базарларда, құлшылық орындарында, жер асты өткелдерінде заңсыз сатылып жатқан теріс діни әдебиеттерге құзырлы орган тарапынан тыйым салынуы қажет.Өйткені қарапайым халық діни әдебиеттердің ақ қарасын ажырата алмауы мүмкін. Егерде сатылған теріс діни әдебиет тұтынушының қолына тисе санасын теріс бағытқа улауы әбден мүмкін.
Үшіншіден, шетелдерге діни білім алуға жастардың көбі өз бетімен барады. Олар ресми органдарда тіркелмегендіктен, нақты қайда оқығанын да білмейсіз. Соның салдарынан шетелдегі деструктивті діни ағымдардың идеологиясы бізге «экспортталып» жатыр. Сондықтан шетелде діни білім алуда белгілі бір шаралар қабылдау – заман талабы. Шетелде заңсыз құжыраларда оқып келіп, елдің арасына іріткі салып жүрген жастарымыз да жоқ емес.
Төртіншіден, қазіргі таңда кітап оқитын жастар саусақпен санарлық. Өзіне қажетті барлық мәліметті интернеттен іздеп, оңай қол жеткізе алады. Сонымен қатар, діни сауатын да интернеттен алады. Діни сауатты интернеттен аламын деп, елімізде және шетелден ашылған экстремистік сайттардың құрығына байқаусызда түсіп қалып жатады. Сондықтан елімізден және шетелден ашылған экстремистік сайттарды күнделікті құзырлы орган тарапынан бұғатталып отыруы қажет.
Бесіншіден, діни экстремизм мен терроризм қылмысымен айыпталушылардың жазасын ауырлату, діни лаңкестіктің алдын алудың бірі болып саналады. 2011 жылдары орын алған лаңкестік оқиғалардың қайталану себебі — қылмыс жазасының жеңіл болуында.Халықтың арасына үрей туғызып, халықтың өміріне қауіп-қатер төндіретін лаңкестіктің алдын-алу үшін қылмыскердің жазасын қандай деңгейде болуын қарастыру демократиялық құндылықтарға қайшы келмейді. Десе де, террорлық қылмысқа ауыр жаза қолдану қылмыскерлерге тән азабын шектіру емес, қоғам үшін діни экстремизм мен терроризмнің жат екендігін бойға сіңіру және басқаларға сабақ болу мақсатында іске асырылуы тиіс.
Қорыта келе, мәңгілік ел боламыз десек «Мәңгілік ел» идеясын іске асырып, қуатты мемлекетке айналу үшін, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрбір қауіпсіздік шараларын дер кезінде алдын алғанымыз жөн» — дейді дінтанушы Бектұрсын Омарбаев.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында экстремизмге мынадай анықтама берілген:
— жеке және (немесе) заңды тұлғаның, белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдар атынан жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;
— Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлiнбестігiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралым құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);
— нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi);
— дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы.
Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм, терроризм деген ұғым да, түсінік те жоқ. Бұлар ислам дінінің өзегімен мүлдем сәйкеспейді. Мысалы, ислам дегеннің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты-әлемдегі адамзат арасында бейбітшіліктің болуына негізделген. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталатын топтардан басқа мүдделер мен себептерді іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.б. мақсаттарына зер салып тексеру қажет. Тағы бір мәселе, «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың пиғылы бөтен екендігін де білгеніміз жөн. Егер олардың мақсаты терроризмді, экстремизмді қаралау болса, онда тек террористерді немесе экстремистерді айыптар еді. Алайда олардың білместіктен немесе әдейі белгілі бір мүдде үшін исламға тіл тигізіп жатқандықтарына куәгер боламыз. Террорист ұйымның мүшесі кез-келген бір мұсылман мемлекетінің азаматы болуы мүмкін. Осы тұсты пайдаланып, кейбір ақпараттар дереу «мұсылман террористер» деп айыптауға көшеді. Өзге діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың дініне тіл тигізбей, басшысының аты, шыққан жері немесе саяси көзқарасы туралы ғана айтылады. Мысалы, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашан «Христиан террорист Баск тобы» деп айтылмайды. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «Католик христиан террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес. Токио метросында улы газ шашып көптеген адамдардың өлуіне себеп болған Жапон буддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористер» деген сөзді қолданыста да кездестірмейсіз. Біреулер үшін террор – саяси және жеке мәселелерді шешудің әдісі болса, ал тағы біреулер үшін – ұлы апат. Сондықтан, мұның негізінде белгілі бір дінді жағымсыз етіп көрсету секілді көзқарастарды қалыптастырудың тұрғанын айта кетуге болады. Терроризмнің түп-тамыры белгілі бір дінде жатыр дейтін мәлімдемелер ешқандай сын көтермейді. Өткені, терроризм белгілі бір идеологияны пайдаланатын құрал болып табылады.