«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кезекті мәжілісі өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Партияның облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Абишов, облыстық мәслихаттағы бірқатар аманаттық депутаттар, өңірлік партия филиалының Саяси кеңес Бюросының мүшелері, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының биылғы жылдың бес айында атқарылған жұмыстарының есебі, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының фракциясына мүше бірқатар депутаттардың партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға қосып жатқан үлестері және партияның бастауыш ұйымдарымен ықпалдастық байланыстары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Партияның өңірлік филиалының жұмыс көрсеткіштері бойынша «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев хабарлама жасады. Жыл басынан бері партияның өңірлік филиалы, аудандық, қалалық партия құрылымдары жанындағы кеңестердің 38 отырысында Жол картасы тармақтарының орындалуы бойынша 67 мәселе қаралғаны айтылды. Олардың қорытындысымен жергілікті атқарушы органдарға 162 ұсыныс берілгені жария етілді. Облыс бойынша 44 нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, олардағы жұмыстар партияның тұрақты назарына алынғаны жеткізілді.
Жол картасы бойынша биылғы жылға жоспарланған 128 индикаторлық көрсеткіштің 11-і толығымен орындалғаны жөнінде ақпар беріліп, 117 көрсеткіштің орындалу көрсеткіштері жүйелі бақылауға алынғаны мәлімделді. Партиямыздың беделі саналатын «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Кітап-AMANAT», «ТазаLIKE», «Вандализмге жол жоқ», «Құқықтық көмек», «Халыққа көмек», «Ардагерлерді ардақтайық» жобаларының іске асырылуы туралы кең көлемді ақпарат берілді.
Партияның өңірлік филиалы жанындағы Әйелдер қанатымен, Жастар қанатымен қолға алынған іргелі жұмыстар баяндалып, бастауыш партия ұйымдарымен ықпалдастық байланыстардың жүзеге асуы сөз болды. Еліміздің қарғын су басқан аумақтарына гуманитарлық көмек жеткізу, экологиялық акциялар өткізу жұмыстарының атқарылуы баяндалды. Қоғамдық қабылдаулар барысында, оның ішінде шалғай елді мекендердегі мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауларда сайлаушыларымыздан түскен өтініштердің орындалу көрсеткіштері жөнінде ақпар берілді.
Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуын үйлестіруде және бастауыш партия ұйымдарымен бірлескен жұмыстары туралы Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, партиялық фракцияның мүшелері Жарқынбек Қанаев, Нұржан Сейтжанов, Мырзахан Манапов, Сайдурасулхан Ералиев, Талғат Сәдуов есеп беріп, атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Партия филиалының Саяси кеңес Бюросы мүшелері тарапынан депутаттарға жұмыс тиімділігін арттыруда бірқатар ұсыныстар берілді.
Оның ішінде Мақтарал ауданы бойынша білім саласы қызметкерлерінің уақтылы еңбекақы алуын қадағалау, аудандарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан нысандарға ерекше бақылау жүргізу, мақта өңдеу зауыттарының өнім қабылдауға дайындығын партия мүшелерінің тұрақты назарында ұстау мәселелері айтылды.
Отырар ауданы бойынша облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың сапасын қадағалау, ауданда жастар саясатын іске асыруға бағытталған қаржы көлемін ұлғайтуға ықпал ету, партия филиалы мен бастауыш партия ұйымдарында қоғамдық қабылдау жүргізуде белсенділікті арттыру, ақпараттық тұрғыда проактивті ұстанымда болу, бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындарын әбігерге салып жатқан шіркей ошақтарын жоюда ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты арттыруға депутаттар белсене кірісуі керек екені назарға алынды.
Сайрам ауданы бойынша тұрғындардан жер дауына қатысты шағымдар көптеп түсетіні айтылып, оларды реттеуде тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізу ұсынылды. Партиялық жобаларды іске асыруда, мектеп құрылысы мәселелерінде, аудан аумағынан өтетін республикалық маңыздағы автожолдың ойылған тұсын ретке келтіруде және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс сапасына қоғамдық бақылау жүргізуде, Қарабұлақ елді мекенінде электр қуатының авариялық жағдайда жиі сөніп қалуын болдырмауда тиісті ұйымдармен және жауапты өкілдермен депутаттық ықпалдастықты арттыру мәселесі назарға алынды.
Кентау қаласы бойынша қала тұрғындарының басты мәселесі болып табылатын – жылумен қамту мәселесін айрықша бақылауға алу керектігі айтылды. Көпқабатты тұрғын үйлерде ішкі жылу беру жүйелерінің техникалық дайындығын қамтамасыз етуде тұрғындармен етене жұмыс жүргізу ұсынылды. Қаладағы бастауыш партия ұйымдарымен байланысты жолға қою, халық көп шоғырланған Қарнақ, Байылдыр елді мекендерінің тұрғындарымен тұрақты байланыста болу, көпқабатты тұрғын үй аулаларында заманауи ойын алаңшаларын орнату мәселесін депутаттық бақылауға алу, жаңадан салынып жатқан арнайы әлеуметтік қолдау мен оңалту орталығының құрылысын, күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім беру ұйымдарының мәселесін қадағалауға алу ұсынылды, көпшілік серуендеуге шығатын Хантағы демалыс аймағында қоқыс тастайтын жәшіктер санын көбейтуге ықпал ету керектігі айтылды.
Жиынның күн тәртібіне қойылған үшінші мәселе – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының атқарған жұмыстары туралы филиал директоры Нұрлан Қыдырбаевтың есебі тыңдалды. Қордың дерекқорына барлығы 311 денсаулық сақтау субъектілері тіркелген болса, оның 46-сы – мемлекеттік, 265-сы – жеке меншік субъектілер екені айтылды. 2024 жылы Түркістан облысы бойынша 183 медициналық ұйымдармен 367 келісімшарт түзілен. Оның ішінде түзілген келісімшарттардың 43-і – мемлекеттік ұйымдар болса, 140-ы – жекеменшік медицина ұйымдарға тиесілі екені белгілі болды.
2024 жылы жүйе бойынша қаржыландыру көлемі 7 пайызға артқаны мәлімделді. Оның ішінде консультативтік-диагностикалық қызметке, ауыл тұрғындарына станционарлық және стационар алмастыратын көмектерге, оңалту еміне және медициналық реабилитацияға қаралған қаржы көлемі артқан. Биылғы жылдың 1 тоқсаны бойынша азаматтардан келіп түскен шағымдардың саны 732 болған. Осы және өзге де мағлұматтар берілген жиында партия филиалының Саяси кеңес Бюросының мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, олардың орындалуы партия филиалының бақылауына алынды.
Мәжілістің қорытындысымен отырыстың қаулысы қабылданып, жиын барысында айтылған ұсыныстар құжат жүзінде бекітіліп, олардың орындалуын Саяси кеңес Бюросының мүшелері жүйелі бақылауында ұстайтын болады.
© Jetpisbai.kz