Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Адам саудасымен айналысатындар да аз емес

Адам саудасымен айналысатындар да аз емес

Қазір көзін тапқанның көпшілігі реті келсе саудамен айналысқысы келеді. Өкінішке қарай, олардың арасында адам саудасымен айналысатындар да аз емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде адам саудасына қатысты 110 қылмыстық іс тіркеліпті. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп.
Нақты статистикалық деректерге сүйенсек, бұл бағытта 2021 жылы – 103, 2022 жылы 77 іс тіркелген. Жаға ұстатарлық деректердің тек 110-ы ғана анықталғанын ескерсек, тіркелмеген әрі ашылмаған қылмыстар саны қаншама десеңізші!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында адам саудасына қатысты мәселенің маңыздылығын, осындай қылмыс түрлерін тергеу кезінде тың тәжірибелерді қолдану керектігін, құқық қорғау қызметкерлері ылғи ізденісте болу қажеттігін назарға алған болатын. Біз үлгі тұтып жүрген өркениетті қоғамда адам тәнін саудалайтындар баршылық. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуінше, адам саудасы құрбандарының 70 пайызын нәзік жандылар құрайды екен. Әрбір үшіншісі – жасөспірімдер. Біздің елдегі ахуал да осыған қарайлас.
Халықаралық «Walk Free Foundation» қорының мәліметі бойынша әлемде 40 миллионнан аса адам құлдық қамытын киіп жүр. Олар ауыр жұмысқа күштеп жегілген немесе тән саудасымен айналысуға мәжбүр. Құлдар саны жөнінен Солтүстік Корея бірінші орында тұрса, Эритрея, Бурунди, Ауғанстан, Пәкстан, Иран мен Камбоджа секілді елдер алғашқы ондықта. Біздің елімізде де құлдыққа ұшырағандар жоқ емес. Бейресми мәліметтер елімізде 200 мыңға жуық қазақстандықтың құлдықта жүргенін айтады. Олардың арасында шекара асып кеткендер де бар. Адамды құлдыққа салатындар, сататындар алғашында жоғары жалақы ұсынып, жайлы өмір сүретіндігіне кепілдік береді. Артынша айтқанынан айнып, құжаттарын тартып алып, өздерін күштеп жұмысқа жегеді. Тіпті, олардың арасында шетелдік оқу орындарында оқитын жастарымыз да бар.
Ал, еліміздегі құл иеленушіліктің сипаты қандай? ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері анықталған адам саудасының басым көпшілігі жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарға қатысты. Мәселен, былтыр қыздардың тәнін саудалап, жеңіл жүріспен айналысуға мәжбүрлегендерге қатысты 67 іс тіркелген екен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге көп деген сөз. Қаншама қаракөздеріміз тағдырлары талқан болып, осы кәсіп түрімен айналысып жүр. Оларды анықтау да, біржолата жолын кесу де мүмкін болмай тұр. Ең сорақысы, мұндай жолға түскендердің арасында кәмелетке толмаған көк өрім қыздар да кездеседі.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің  2023 жылғы мәліметі бойынша, өңірлерде адам саудасына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың дені Алматы қаласында орын алады екен. Бұл қалада былтыр осындай 17 дерек орын алса, 2022 жылы 5 факті тіркеліпті. Ақмола және Қызылорда облыстарында 8 дерек анықталса, Алматы, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да жағдай соншалықты мәз емес. Бүгінге дейін әр облыста 7 істен тіркелген.
Қылмыстық кодекстің 8-бабында адам саудасы мен эксплуатациясына қатысты жауапкершілік қарастырылған. Онда осындай құқық бұзушылыққа барған қылмыскердің дүние-мүлкін тәркілеп, өзін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Аталған нормаға соңғы түзетулер 2019 жылы желтоқсан айында енгізілді. Бұған қоса елімізде ағза мүшелерінің саудасына, кәмелеттік жасқа толмағандардың саудасына, жезөкшелікке тартуға қатысты жаза түрлері қатаңдатылады.
Тағы бір айта кетерлігі, адам саудасы қылмысын түбегейлі жою үшін құзырлы органдардың ғана жұмысы аздық етеді, ол үшін бұл рухани кеселге тұтас қоғам болып қарсы тұру керек. Сонымен қатар табысты жұмысқа қатысты күмәнді ұсыныстарға сенбеген дұрыс. Құжатты, жеке куәлікті ешкімге беруге болмайтынын да естен шығармау керек. Басқа қалаға немесе мемлекетке жолға шығарда ата-анаға, туған-туысқа байланыс нөмірі мен мекенжайды міндетті түрде қалдыру өте маңызды. Осындай оқиғаға тап бола қалған жағдайда бірден жақын жердегі полиция учаскесіне немесе 102 нөміріне, болмаса 11616 сенім телефонына хабарласқан жөн. Сондай-ақ, әр өңірде адам саудасының, құлдықтың құрбаны болғандарға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың да барын ұмытпаған абзал.
Т. ЗЕБЕРХАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*