Жер бетінде сатылмайтын зат жоқ. Бәрі сатылады. Мүмкін бұл капитализмнің заңдылығы да шығар. Сол сауданың үлкені – адам саудасы.
Жаһан мұны траффикиң (trafficking) дейді. Адам саудасы әлемнің ең өзекті проблемасы. Оған адамды пайдалану мақсатында сатып алу, сату, зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту және басқа да мәжбүрлеу фактілері жатады. Бажайлап көрсек, адам саудасы көбіне-көп адам құқтары қорғалмаған, демократия жоқ елдерде өршіп тұрғаны байқалады. Бірақ бұл демократиялы елдерде траффикиң жоқ деген сөз емес. Бұл туралы janabastau.kz агенттігіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі жазады.
Адам саудасының тарихы тым тереңде жатыр. Құл иелену үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталды. Соғыста қолға түскен тұтқындар құлдықтың қамытын киеді. Ал құл деген өзі тауар секілді емес пе? Құлдың хақысы болмайды. Олар тек берген тапсырманы орындауы тиіс болды. Құл базар әлемнің біраз жерінде болды. Мәселен, оның классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр (мысалы Бибарыс бабамыздың құл саудасымен барғаны тарихтан белгілі), Грекия, Римдегіні айтуға болады. Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың ашылуы, плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алған. Қазірдің өзінде мұндай жағдайлар аз емес. Құл саудасы аграрлық қоғамда өршіді, мүмкін индустриалды қоғамда бұл азаятын шығар деп болжаймыз. Өйткені жетілген жаңа технология жұмысшы таптың орнын біршама басатыны анық. Алайда, секуалды құлдық жоғалып кетпейді. Оған мәжбүрлі адам ағзасының саудасын қосыңыз (бұл өз алдына үлкен тақырып). БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемдегі траффикиң құрбандарының 70 процентінен астамы әйелдер болса, оның үштен бірі балалар екен. Бұл қылмыстық бизнестің Қазақстанға да әсері мол екені белгілі. Жыл сайын 23 тамызда бүкіл әлемде траффикиң құрбандарын еске алу және оны жою Халықаралық күні атап өтіледі. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы маусым айының басында адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қабылдануы қажет бірінші кезектегі шаралар туралы жарлық шығарған болатын. Сонымен қатар, адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 7 Нормативтік қаулысы бар. Адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты бекітілген. Алайда заңгер мамандар елімізде бұл саладағы заңдар әлі де болса жетілмей жатқанын айтады. Zanmedia.kz дерек көзінің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстан АҚШ Мемлекеттік департаментінің Адам саудасы туралы жыл сайынғы баяндамасында осы проблемаларды шешу үшін заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігіне байланысты екінші деңгейдегі бақылау тізіміне енді. Баяндама авторлары Қазақстанға позициясын жақсарту үшін 11 ұсыныс жасаған. Ал 2020 жылғы пандемия кезінде «адам саудасы» бабы бойынша елде антирекорд орнады. Қазақстан бас прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, тіркелген қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артқан. Кінәлілердің көбі орта немесе орта арнаулы білімі бар жұмыссыздар. Сол жылы Бахрейнде 20-дан астам Қазақстан азаматының сексуалдық құлдықтан босатылуы қоғамда резонанс туғызған болатын. 2021 жылы Қазақстанда адам саудасына байланысты 141 қылмыстық іс қозғалған. «11616» адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел байланыстың деректері бойынша, бірінші жарты жылдықта оларға 837 өтініш келіп түскен. «Social Development Center» қоғамдық қорының атқарушы директоры Біржан Қазтұрғановтың сөзіне қарағанда, 2018 жылы жарияланған ең соңғы адам саудасының ғаламдық индексінде Қазақстан 86-орынды алған болатын. Сондай-ақ, Еуропа мен Орталық Азиядағы 50 мемлекеттің арасында 25-орыннан көрінді. 2020 жылмен салыстырғанда былтыр елдегі адам саудасы біршама азайғанымен, мәселе әлі де өзектілігін жоймай отыр. Мәселен, 2021 жылы адам саудасына қатысты 60 адамның 56-сын Өзбекстаннан келген мигранттар құрады. Ал биыл жыл басынан бері елімізде адам саудасының құрбаны болған 4 адамның екеуі – Өзбекстан, екеуі – Тәжікстан азаматы болып отыр. Ал «Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» қоғамдық қорының директоры Нина Балабаеваның айтуынша, олардың статистикасы бойынша 2005 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда 588 кісі адам саудасының құрбаны болған. Оның 322-сі әйел, 266-ы еркек. Мәселен, биыл жыл басынан бері олар адам саудасының құрбаны болған 4 кісіні анықтап отыр. Қазақстанда адамдарды көбінесе жыныстық және еңбекке пайдалану мақсатында сатады. Олардың басым бөлігі Қазақстанға табыс табу үшін басқа елдерден келген мигранттар. – Аzattanu.kz ақпараттық ресурсы адам саудасына қарсы. Ол қазақ, орыс, қырғыз және өзбек тілдерінде жұмыс істейді. Сайттан қауіпсіз көші-қон, шетелде жұмыс істеу және адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың жадынамаларын табуға болады. Жеке блок Қазақстандағы және әлемдегі адам саудасы мәселелері тақырыбындағы жаңалықтарға арналған. Ресурс үнемі өзекті ақпаратпен жаңартылып отырады, – дейді Біржан Қазтұрғанов.