Қазақстандағы ең басты құндылық – адамның өмірі мен бостандығы екені Конситуцияда жазылған. Адам саудасы адам құқығын бұзудың өрескел түрі. Табыс табу жағынан заңсыз бизнестің ішінде бұл үшінші орында тұр. Заңсыз бизнес арқылы табыс табуды бірінші орында қару-жарақ сату, екінші орында заңсыз есірткі сату және үшінші орынға адам саудасы шыққан. Бұл туралы janabastau.kz агенттігіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі жазады. БҰҰ көші-қон комитетінің есебі бойынша адам саудасымен айналысатындар жылына 150 млрд доллар табыс табады. Қазақстанда 2018-2020 жылдары аралығында адам саудасына қатысты 1 100-ге жуық қылмыс тіркелген. Адамды еркінен тыс мәжбүрлеп құлдыққа сату, құлдықта ұстау, құлдықта жұмысқа жегу, зат секілді сату дамыған мемлекеттердің өзінде әлі күшін жойған жоқ. БҰҰ мәліметінше, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Ал Strategy2050.kz ақпараттық сайтының зерттеуінше, әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты екен. Көршілес Орталық Азия елдерінен, яки Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр. Аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, ауылшаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. 2008 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни, еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орында болған. Бұл жағымсыз көрсеткіш болғанымен, мұнда ресми деректер айтылмайды. Оның айқын болуының себептері де жоқ емес. Мәселен, алдымен сырттан келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Одан соң құлдыққа түскендер кейін зәбір көргенін, қорқынышын айтып, шағымдана бермейді. Ал әйел саудасына тап болғандар болашағын ойлап, жұртқа жариялағысы келмейді. Бұл жерде қазақ бойында қанына сіңген менталитет жатыр, әсілінде. Ол – ұят болады. Сол ұят боладының нәтижесі, статистикалық деректердің толық болмауына әкеледі. Осыдан соң тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге алып болжам жасап отыр. Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны қатаңдатты. Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, кейіннен біртіндеп жауапкершілік деңгейі қатаңдай түсті. Еліміз 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойды. Былтыр АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, елдегі заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Бақылаудағы елдер дегеніміз не? Алдымен бұл 4 санатқа бөлінеді. Қазақстан аталған есепте үшінші санаттағы елдер қатарына қосылды. Бұл санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату т.б.) немесе АҚШ бастаған кейбір елдердің санкциясы салынуы мүмкін екенін айта кету керек. Бұл ретте, қалыптасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданған. Осыған байланысты, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, адам саудасына байланысты кінәлі тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Интернеттің дамуы адам саудасын жеңілдеткен. Ал Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады. ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев өткізген онлайн брифингте Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға тұрақтағанын айтқан. Сонымен қатар, ол елімізде із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарға қатысты ақпаратты бөлісті. Қазақстанда жоғалып кететіндердің басым бөлігі мерзімді жұмыс жасайтын ер адамдар екені анықталған. Бүгінде елде із-түзсіз жоғалған 1200 адам тіркелген. Оның 22-сі бала. Көп жағдайда мерзімді жұмысқа басқа қалаға кеткен ер адамдар жоғалып кетіп жатады. Ал кәмелетке толмаған балалар арасында ата-аналарымен келіспей, ұрсысып қалған жасөспірімдердің жоғалуы кездеседі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Сарапшылар кеңесінің Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын Комиссияның «Азаматтардың және өзге де адамдардың Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы әлеуметтік-экономикалық, еңбек, азаматтық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» арнайы баяндамасының жобасын талқылауға арналған жиынында жұмыс тобының жетекшісі, комиссия хатшысы Тастемір Әбішев баяндамасында Қазақстандағы адам саудасына қарсы күрес, адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау тиімділігін арттыру жөнінде айтқан. Адам саудасы – адамның қадір-қасиеті мен жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіретін аса ауыр қылмыс. Адам саудасы заң үстемдігін әлсіретеді, халықаралық қақтығыстар туғызып, тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін. Ең сорақысы, әлем бойынша шамамен 25 млн адамды құрбан етуді бизнеске айналдырған трансұлттық қылмыстық ұйымдарды байытады. «Қазақстанда адам саудасына қатысты заң жобасының жоқтығын байқаған АҚШ 2019 жылы адам саудасына қатысты арнайы баяндама әзірледі. Ең жақсы көрсеткіш Норвегия, Щвейцария мен Голландияда бар. ТМД елдерін алсақ, Грузия, Литва мен Эстония бірінші деңгейде тұр. Олар адам саудасына қатысты заң қабылдаған. Түркменстан мен Арменияда да мұндай заң бар. Ал Қазақстанда мұндай заң жоқ», – деді Тастемір Әбішев. «Бұл құжатта маңызды ұсыныстар (АҚШ-тың ұсынысы – авт) өте көп. Ұсыныстар шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеуге арналған, сонымен қатар адам саудасына қарсы бағытталған тармақтары да жетерлік. Қазақстанда адам саудасына қарсы Заңның жоқтығы мен үшін таңқаларлық жағдай. Сонымен қатар, менің ойымша, шетелдегі отандастарымызды мемлекеттік қорғау сияқты заң да қабылдану тиіс. ТМД елдерінің барлық мемлекетінде мұндай заңдар бар», – деді заң ғылымдарының докторы, адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы Светлана Жаркенова. Жаркенованың айтуынша, мұндай заңнамалық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір рейтингтерде төменгі орында болуына себеп болып отрыр. «Еңбек Кодексі» қабылданғаннан кейін кодекстің тармақтарын түсіндіру жөнінде бейнероликтер телевидениеден көрсетілу керек деген пікірлер айтылған. 2021 жылы 22 ақпанда сарапшылар мамандар «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірлеп, қабылдауды және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізуді ұсынған. Аzattanu.kz сайты зардап шеккендер мен олардың жақындары үшін көмек ресурстары көрсетілген парақша. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде адам саудасының құрбаны болғандарға кәсіби көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдар мен дағдарыс орталықтарының байланыстары және мекенжайлары көрсетілген. Байланысуға арналған контакті формасы мен адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел желінің қысқа нөмірі – «11616» ұсынылды. Адам саудасы әлемдік қоғамдастық болып күресіп, заң күшейгенімен тоқтар емес. Тіпті мүлде жойылып кетуі де неғайбыл. Тек күрес тоқтамауы керек. Ең бастысы қылмысты азаютуға деген қадамның өзі үлкен жетістік болып отыр.