Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Адам саудасына қатысты бірнеше фактілер тіркелген

Адам саудасына қатысты бірнеше фактілер тіркелген

Дүниежүзінде құлиеленушіліктің заңды түрде жойылғанына қарамастан, жаһанданған ХХІ ғасырда да кей елдерде заңсыз адам саудасының бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

Құл иеленушілік саясатын ең соңғы рет 1981 жылы Мавритания заңсыз деп танып, адам саудасын тоқтатқан. Бүгінде дүние жүзіндегі бірде-бір мемлекет құлдықты қолдамайды. Тіпті, ғылым мен ілім, технология дамыған ХХІ ғасырда құлдықты елестету мүмкін де емес сияқты. Алайда мұның бәрі заңдық тұрғыда, қағаз жүзінде. Ал, іс жүзінде…

«Walk Free» – Батыс Австралияның Перт қаласында орналасқан тәуелсіз халықаралық адвокаттық ұйымның мәлімдеуінше, әлемде заңсыз сауда-саттықтың таралымы бойынша қару-жарақ сату мен есірткі сату бизнесінен кейін құлдыққа адам сату кәсібі үшінші орында тұр. Бұл туралы «Жас алаш» басылымына сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі жазады.  Әр түрлі деңгейдегі құлдыққа іліккен адамдардың саны 2016 жылдан 2021 жылға дейін 45,8 миллионнан 49,6 миллионға дейін жеткен. Бұл әлемдегі әр 150 адамның біреуі құлдықтың құрбаны болады деген сөз. Аталған 50 миллионға жуық адамның ішінде 27,6 миллион адам еріксіз еңбек құлдығына түссе, 22 миллион адам мәжбүрлі түрде некеге тұрған. Адам саудасына байланысты фактілер іс жүзінде әлемнің барлық елінде тіркелген. Кез келген халықтың, ұлт пен ұлыстың өкілі құлиеленушілік саясаттың құрбаны болуы мүмкін. Оның үстіне, барлық мәжбүрлі еңбек жағдайларының жартысынан көбі және жыныстық құлдыққа ұшырағандардың төрттен бір бөлігін табысы ортадан жоғары елдердің азаматтары құрайды. Сонымен қатар, мигранттар басқа ересек жұмысшыларға қарағанда үш есе көп құлдыққа ұшырайды. 2018 жылғы статистикаға сүйенсек, адам саудасы бойынша әлемде топ бастап тұрған елдер: Үндістан (8 миллион), Қытай (3,86 миллион), Пәкістан (3,19 миллион), Солтүстік Корея (2,64 миллион), Нигерия (1,39 миллион), Индонезия ( 1,22 млн), Конго Демократиялық Республикасы (1 млн), Ресей (794 000) және Филиппин (784 000) елдері. Бұдан өзге елдерде де құлиеленушілік жиі кездеседі: АҚШ-та 400 000 адам құлдыққа ұшыраса, Ұлыбританияда 10 000 адам қазіргі құлдық құрбанына айналған.

Әлемдік тәжірибеде адам саудасы қанаудың әртүрлі салаларында жүзеге асырылуы мүмкін. Мысалы:

  • қайыр сұрау (балалар, соның ішінде сәбилер мен мүгедектер);
  • жыныстық құлдық (әйелдер мен балалар: секс индустриясы, порнография өндірісі);
  • еңбек құлдығы (азапты еңбек, бейресми экономика, контрафактілік, балалар еңбегі, үй құлдығы);
  • тағы да басқа түрлері (мәжбүрлі суррогат ана, органдарды трансплантациялау, асырап алу, қарулы топтарға қатысу және т.б.).

Аталған статистикада мәжбүрлі түрде еңбек құлдығына ұшыраған адамдардың жағдайы бірнеше жылға созылса, еріктен тыс некеге тұрып, жыныстық құлдыққа ұшыраған адамдар, әдетте, өмір бойы бостандығын жоғалтады. Соңғы жылдарда әлемде орын алған нарықтағы дағдарыс, COVID-19 вирусынан туындаған төтенше карантиндік жағдайлар, қарулы қақтығыстар мен климаттың өзгеруі – жұмыспен қамту және білім беру салаларында бұрын-соңды болмаған кедергілерге, кедейліктің күрт көбеюіне, көші-қонның артуы мен гендерлік зорлық-зомбылықтың шамадан тыс өсуіне әкеліп соқты. Бұл әлеуметтік мәселелердің соңы құлдықтың барлық түрлерінің көбеюіне әсерін тигізгені анық.

Алғашқы қауымдық қоғам ыдырап, соғыстар басталған кезде, жеңіліс тапқан ел, қарызы көп кедейлер үстем таптың арзан жұмыс күшіне айналды. Сөйтіп, құлиеленушілік қаншама дәуірлер бойы салтанат құрып тұрды және уақытында ол заңдастырылған құбылыс еді. Қазір ше? Рас, қазіргі жаһанданған ХХІ ғасырда құлиеленушілік немесе адам саудасы әлеуметтік әділдік пен адамазаттың адамгершілік моральдарына қарама-қайшы, жат құбылыс. Сондықтан, бұл тараптағы сауда жасырын жүреді.

Қазақстанда да шетелге шығып, еңбек құлдығына ұшыраған адамдардың саны өсіп келеді. Атап айтқанда, Тайланд-Мьянма-Лаос елдерінің ортасында орналасқан атақты «Алтын үшбұрышта» еңбек құлдығына алданып түсіп қалған отандастарымыз бар екенін атап өткен жөн. Бұл турасында 2023 жылы қаңтар айында болған брифингте СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтқан. «2022 жылғы маусым айының соңынан бері «алтын үшбұрыш» деп аталатын Оңтүстік Шығыс Азия аумағында (Мьянма, Лаос және Тайланд) қазақстандықтардың еңбек құлдығында болу жағдайларының жиіленуі туралы атап өткен жөн. Алдын-ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар, көбінесе үшінші тарап арқылы және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер (Telegram, Instagram, Facebook, WhatsApp және т.б.) арқылы Қазақстан азаматтарын Таиланд аумағында орналасқан компанияларға жұмысқа шақырады. Таиландқа келген соң түрлі желеу айтылып, азаматтар алаяқтық жолмен Мьянма аумағына жеткізіледі (өздерін «криптовалюта компаниялары» деп таныстырады). Оны кейін түсінген отандастарымыз қайта елге оралуға ниет білдірген жағдайда, компания олардан 5-10 мың доллар төлеуді талап етеді (жол ақысы, шекарадан өткізу шығындары және т.б.). Осыған байланысты, мұндай соманың болмауына орай, қазақстандықтар қытайлық компанияларда жұмыс істеуге мәжбүр болады».

Сырт мемлекеттерде ғана емес, өз елімізде де адам саудасына қатысты бірнеше фактілер тіркелген. Қазақстанда адам саудасы еріксіз қара жұмысқа жегу, жыныстық зорлық, кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен балаларды, әйелдерді саудалау, күштеп қайыршылықпен айналысуға итермелеу, адам ағзасын саудалау сынды түрлері жиі ұшырасады. Осы қылмыс түрлерінің алдын алу мақсатында заңнамалық, профилактикалық және тәжірибелік шараларға негізделген арнайы механизм жолға қойылған. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабында адам саудасы мен эксплуатациясына қатысты жауапкершілік көрсетілген. Жазаның ең қатаң түрі ретінде осындай заңбұзушылыққа барған қылмыскерді дүние-мүлкін тәркілей отырып 18 жылға дейін бас бостандығынан айырады.

Балық аулаудан жыныстық қанауға дейін

Ескі құлиеленушілік заманында адам саудасында құлдар айтарлықтай қымбат еді, сондықтан, олардың денсаулығын сақтау құлиеленуші үшін әлдеқайда тиімді әрі пайдалы инвестиция болып саналды. Бүгінде адам саудасында құлдарды арзан бағамен алу өте оңай, сондықтан оларды ауыстыру да аса қиын емес. Заманауи адам саудасын бүкіл дүние жүзіндегі сыбайлас үкіметтер «Құлдықты жою туралы» қосымша конвенция сияқты халықаралық шарттармен де, жергілікті заңдармен де тыйым салынғанына қарамастан, адам саудасы бәсеңдейтін емес. Американ профессоры, тәуелсіз «Құлдарды бостау» қоғамдық ұйымының негізін қалаушы Кевин Бейлс «белгілі бір адам еріксіз әрі мәжбүрлі түрде біреудің бақылауында болса және күш көрсету арқылы бір іс-әрекетке жұмсалса, бұл құлдық немесе эксплуатация болып табылады» деген анықтама береді. Әдетте, балалар мен әйелдер құлдықтың құрбанына оңай ұшырайды. Құлдықтың негізгі көрсеткіштерін анықтайтын «Global Slavery Index»-тің сараптамасы бойынша, адам саудасына ұшыраған құлдардың бағасы жылдан-жылға азайып келеді. «Global Slavery Index» мәліметі бойынша, бұрын бір құлдың бағасы 40 мың доллардан басталса, қазір құлдыққа түскен адамдардың бағасы небәрі 90-100 доллардан басталады. Адам неғұрлым көп болған сайын, адам саудасымен айналысатын саудагерлердің табысы соғұрлым көбейе түседі. Мысалы, 2014 жылы адам саудагерлерінің жалпы жылдық табысы 150 миллиард доллардан асса, сол табыстың 99 миллиард доллары коммерциялық сексуалдық қанаудан, жыныстық құлдықтан түсіпті.

Құлдық — адамзат тарихындағы қанаудың ең дөрекі түрі. Әдетте, адам саудасы туралы жаға ұстатарлық жайттарды баспасөз беттерінен оқыған кезде біздің бұл жағдайларға еш қатысымыз жоғын ойлап, аса мән бермей жатамыз. Анығында, күнделікті тұрмыста қолданатын кей өнімдер осы құлдықтың құрбаны болған адамдардың еңбегі арқылы жасалатынын білесіз бе? Мысалы:

1. Электроникалық тауарлар

Барлық жоғары технологиялық электроникамен жабдықталған тауарларды жасауға қажет колтан, вольфрам және қалайы сынды шикізат көздері Конго Демократиялық Республикасынан алынады. Ал аталған республикадағы кеншілердің 90%-ы еңбек құлдығының құрбаны болған.

2. Киім-кешек

Елімізде киімнің 60%-ы Қытай мен Бангладеште өндірілсе, әлем қолданатын матаның жартысына жуығы Өзбекстанда жасалады. Ал Өзбекстанда егін жинау науқаны кезінде үкімет 1,5 миллионға жуық адамды мақта терімшісі болып жұмыс істеуге мәжбүрлейді, олардың басым көпшілігі 7 жасқа толмаған балалар.

3. Косметикалық өнімдер

Индонезия, Малайзия және Сьерра-Леоне елдерінде құлдар мен балалар еңбегі арқылы өндірілетін пальма майы біздің косметиканың 70 пайызында кездеседі.

4. Шоколад өнімдері

Батыс Африка әлемдік какао нарығының 70 пайызын қамтамасыз етеді, оның ішінде Hershey’s, Mars және Nestle сияқты алпауыт компаниялар да дәл осы какао түрін қолданады. Әлемде орта немесе жоғары білім алуға мүмкіндігі жоқ Камерун, Кот-д’Ивуар, Гана, Гвинея, Нигерия, Сьерра-Леоне сынды мемлекеттерде жүздеген мың бала аптасына 80-нен 100 сағатқа дейін какао фермаларында ақысыз жұмыс істеуге мәжбүр.

5. Теңіз өнімдері

Әлемдегі теңіз өнімдерін экспорттау бойынша Оңтүстік-Шығыс Азия үшінші орын алады. Таиланд, Индонезия, Филиппин, Камбоджа, Мьянма, Бангладеш сынды елдерден тасымалданатын теңіз өнімдерін өндіру үшін мыңдаған адам еңбек құлдығына түсіп, жағаны көрмей, бірнеше жыл бойы балық аулайтын қайықтарда жұмыс істейді. Ешқандай ақысыз, күніне 20 сағаттан жұмыс істейтін жұмысшылар қашып кетпек болған күннің өзінде аяусыз өлтіріліп, теңізге тасталған.

Кез келген қоғам үшін басты құндылық – адам. Ешкім өзге азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге, мәжбүрлі түрде бас бостандығынан айырып, еркіндігін шектеуге құқылы емес. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары адам саудасының құрбанына айналмас үшін сенімсіз дереккөздерден бас тартып, сақтық шараларын ұстануды ұсынады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*