Соңғы уақытта электронды темекілер сәнге айналып үлгерді. Оның себебі де жоқ емес.
«Вейп өнімдердің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерді талдау рәсімінен өтуде. Үкімет осы норманы қолдады. Қоғамдық талқылау қорытындысында тиісті кодекске түзетулер ұсынылатын болады. Сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Оның аясында «вейп» және «электронды сигарета» ұғымдарын ажыратуға, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін, вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге қатысты түзетулер талқылануда», – делінген жауапта.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық кодексіне түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеген. Бұл құжат былтыр дайындалған еді. Енді Үкімет «никотинді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынудың электронды жүйелерінің айналымына толық тыйым салуға» ниетті. Заң жобасы да соған сай өзгертілді. Оның аясында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 110-бабының 9-тармағында «Шегілмейтін темекі бұйымдарын, тұтынудың электронды жүйелерін, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады» делінген. Енді тиісті заң Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл туралы жуырда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Министр және оның ведомствосы бұл заңды қолдайтынын айтты. Ведомство басшысының келтірген деректеріне сай, елімізде ересек тұрғындардың 21%-ы темекі тартады, балалардың 20%-ы артық дене салмағынан, ал 6%-ы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің вейптерді тұрақты түрде шегуі – 10%-ды, энергетикалық, тәтті сусындарды ішуі – 17,5%-ды құрайды.
Министр атағандай, темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілген.
«Тұтынудың электронды жүйелерінің (вейптер), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салуды енгізу бойынша Мәжілісте заңға өзгерістер қарастырылды. 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Сонымен қатар Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан да нашақорлық, ойын құмарлық, буллинг және кибербуллингпен қатар вейпинг те үлкен проблемаға айналғанын айтқан болатын.
Осы ретте біз Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымоваға хабарласқан едік. Оның айтуынша, Қазақстанға вейптер мен олардың құрамдас бөліктерін әкелетін, әрбір азық-түлік дүкеніне вейптер жеткізетін дистрибьюторлардың кең желісі, сондай-ақ оларды әлеуметтік желілерде және интернетте жарнамалайтын маркетингтік агенттіктердің ықпалы зор.
«Вейп – нарықта үлкен пайда табады, өйткені олар 2 долларға әкелініп, 8 долларға және одан жоғары бағада сатылады. Ең маңыздысы, бенефициарлар халықаралық темекі компаниялары. Олар тұтынушылар сапына мектеп оқушыларын да тартып алды. Өйткені химиялық никотин балаларды осы қауіпті өнімге мәңгі байлайды. Вейп – бұл өте қауіпті өнім, ең алдымен никотин, пропиленгликоль, глицерин және тағы 2 000-нан астам химиялық қоспа түрі бар. Дегенмен олардың басым көпшілігі анықталмаған. Химиктер вейптердің ішінен қауіпті алты химиялық қоспаны тапқан, оның ішінде бұрын-соңды электронды темекіде кездеспеген үш химиялық затты анықтаған. Хош иістер де өте зиянды. Мысалы, циннамальдегид, 2,5-диметилпиразин (шоколад хош иісі) және 2,3-пентандион тыныс алу жолдарының қабынуына және иммунологиялық реакциялардың өзгеруіне ықпал етеді. Диацетил «попкорн өкпесі» деп аталатын сыртқатты тудыратын қоспа», – дейді ол. Сонымен қатар мәжілісмен вейп қыздырылған кезде 2 мыңнан астам химиялық заттың қоспасы қауіпті салдарға әкелетінін жеткізді.
«Вейптер никотинге тәуелділікті арттырады, өйткені бірреттік вейпте темекіге қарағанда он есе көп никотин бар және тәуелділіктің даму жылдамдығы никотин концентрациясына тура пропорционал. Жасөспірімнің темекі шегуші болу қаупі болашақта 2-4 есе артады», – дейді Гүлдара Нұрымова.
Түйін:
Шынында, вейптер мен никотинді тұтынудың электронды жүйелері барлық дерлік сауда, ойын-сауық орталығында әрі көрнекті жерде сатылады. Оған жеке дүңгіршектер, тұғырлар арналған. Мысалы, заң бойынша темекі атаулы жабық перденің астында жасырулы саудалануға тиіс, яғни клиент арнайы сұраса ғана сатушы соны ашып, алып беруі шарт. Олар бұл талапты
сақтамайды. ДДҰ мәліметтері бойынша, 33 ел вейптерді сатуға тыйым салған. Олардың ішінде Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Тайланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Катар, Оман, Иордания сынды мемлекеттер бар. Ал 79 ел бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, насихаттауға және демеушілікке тыйым салған. Енді біздің елімізде де осындай шара қабылданса, ұлт денсаулығына қатысты маңызды шешім болмақ. Ұлт болашағын ойласақ, ұрпақ денсаулығын да естен шығармаған жөн.