Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Ұлт саулығына төнген қауіп

Ұлт саулығына төнген қауіп

Лоббистердің көздегені не?Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассам­блеясы Аналар кеңесі төрағасы­ның орынбасары, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңе­стің мүшесі Баян Ахатай да вейптерге тыйым салу мақсатында петиция жария­лаған еді. Ол вейптердің еркін саудаға түскендігіне наразы белсенділердің бірі ретінде әлеуметтік желіде өз ойын жиі ортаға салып келеді. Біз Баян Ахатайдың пікірін сұраған едік. Петиция авторы өнім әдетте Қазақстанға заңсыз, белгісіз мөлшерде әкелінетінін, оны кім өндіретінін және құрамында не барын ешкім білмейтінін айтады. Осыған қарамастан петиция сауда нүктелерін бақылауды күшейту және заңсыз өнімді әкелуді реттеуді емес, республика аума­ғында вейптерге толық тыйым салуды көздейтінін жеткізді. Бұл туралы aikyn.kz-ке сілтеме жасаған jetpisbai.kz жазады.«Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесі мүшесі ре­тінде Астана қаласы Білім басқармасы ұйым­дастырған «Қауіпсіздік сағаты» жал­пы ата-аналар жиналысының үнемі спи­керімін. Бұл – әр аптада бір мектепте өт­кі­зілетін шара. Жиыннан ұққанымыз, бұл қасіреттің мектептермен, отбасы­лар­дың қайғысы тым терең. Бұл жиындардан ресми статистикадағыдан әлдеқайда жо­ғары сандар тұрғанын байқадық, себебі біз­ге ата-аналар тәуелді болып қалған ба­лаларына анонимді психологиялық кө­мек сұрағандар тым көбейді. «Неге заң­мен тыйым салынбайды?» деген ашынған ұсыныс-жазбалар көбейді. Нәтижесінде, ата-аналардың үнін мемлекет басшысына жеткізуді петиция арқылы жүзеге асыруды Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі ақылдаса келе жөн көрдік. Бүгінде петицияға қол қойғандар қатары жиырма мыңға жуықтады», – дейді ол.

Сондай-ақ петиция авторы вейп тек бал­алар үшін емес, ересектер үшін де аса зиян, сондықтан жас ерек­ше­лігі бойынша бөлмей ұлтты тұтас сақ­тауы­м­ыз керегін жеткізді.

«Электронды темекі, вейпке тыйым айналасында қазір таласты пікір көп. ДСМ бұл зиянды заттың ұлт, ұрпақ үшін қан­шалықты зиян екенін дәлелдеп бақса да бір топ вейп лоббисттер «тыйым жұмыс істемейді, контрабанда көбейеді» деген жал­ғыз аргументін алға тартып бағуда. Дегенмен әлемдік тәжірибеде болашағын ой­лаған отыздан астам ел тыйым салғаны белгілі. Ең қиыны – вейп тұтынушылардың ба­сым бөлігі мектеп, колледж оқушыларының болуы. Вейп мар­ке­тингі тікелей мақсатты түрде балаларға ба­ғытталған: түрлі түсті әрленуі, 17 мың­нан астам хош иістендіргіші бар иісі, дү­кен­дерде киндер, чупа чупстармен бірге көз деңгейінде орналастырылуы. Хош иіс­­тендіргіші болғандықтан, иісі бі­лін­бейді, ата-аналар да кеш біліп, «қолдарын мезгілінен кеш сермеуде». Біз ұзақ ой­ла­нып жүргенде балалар мен жасөспірімдер ара­сында күн санап артып бара жатыр. «Тыйым жұмыс істемейді» деп емес, «неге жұ­мыс істемейді, қалай тыйымды тиімді ете­міз?» деп бірге ойлануымыз керек», – дей­ді Баян Ахатай.

Сәнге айналған өнімнің салдары қандай?

Вейптерге тыйым салу шарасын қа­былдаудың қажеттілігі өзекті екені рас. Осы жылы вейперлердің ДНҚ за­қым­дануы туралы зерттеу жарияланған екен. Вейперлер мен қарапайым темекі шегушілердің ДНҚ зақымдану деңгейі темекі шекпейтіндерге қарағанда 2,6 және 2,2 есе жоғары екені анықталды, ал ДНҚ за­қымдануының ауырлығы темекі шегу­дің немесе вейп тұтынудың қарқын­дылы­ғы­на тікелей пропорцио­налды. Ал American Journal of Respiratory and Critical Care Medicine басылымының дерегінше, ға­лым­дар вейперлерге ғана тән, ерекше ауыр дертке evali деген атау берген. Бұл – E-ciga rette and Vaping use-Associated Lung Injury, яғни электронды сигареттер мен вейптерді тартудан туындаған өк­пенің зақымдалуы дегенді білдіреді. Бұл ау­рудың механизмдерін медицина ғы­лымы әзірге толыққанды зерттей алған жоқ. Бір белгілісі, е-сигарет немесе вейп ше­гетін адамдардың өкпелері қабынып, іріп кететіні сонша, симптомдары жағы­нан экзогенді липоидтік пневмонияға, химиялық пневмонитке ұқсайды. Аме­ри­калық сарапшылар Вирджиния Достас­ты­ғы уни­верситетінің темекі өнімдерін зерт­теу орталығының ғалымы Томас Айс­сенберг пен Флорида Халықаралық уни­версите­тінің эпидемиология кафед­ра­сының профессоры Васим Мазиактың айтуынша, аталған ауруға электронды сига­реттегі аэрозольдің майлы ком­по­ненттерінің, ацетат пен тетрагидрока­н­на­би­нолдың өкпе тіндерінің жасушаларында қордалануы себеп болады. Оның бел­гілеріне жөтел, кеуденің қысуы, ауыр ты­ныс алу, жүрек айнуы, құсу, диарея жә­не түрлі респираторлық, конс­ти­ту­цио­налдық, гастроэнтерологиялық бұзылу жа­тады.

ДДҰ мәліметтері бойынша, вейпті пайдаланатындар, тіпті оны жай тартып көр­ген болса да, нәтижесінде, кәдімгі те­ме­кіні екі есе артық шегеді. Вейп шегу өк­пе жасушаларына теріс әсер етеді, жас­тар арасында тыныс алу жолдары ауру­ларының жиілеуіне әкеледі және пара­донтозбен ауыру қаупін арттырады.

Сонымен қатар Қазақстанда тыныс алу мүшелері ауруларынан болатын өлім-жітім қан айналымы жүйесі ауруларынан кейін екінші орында тұр. Денсаулық сақ­тау министрлігінің өкілі атап өткендей, бү­гінде 300 мыңға жуық қазақстандық ты­ныс алу жолдары ауруларымен есеп­ке алынған.

«Электронды темекі немесе вейп, элек­тронды тасымалдағыш түрінде, мун­дштук, батарея және қыздырушы бөл­шек­тен, арнайы толтырғыш сұйық­тық­тан тұ­ра­тын атомайзерден құралған. Сұйық­тық хош иістендіргіш қосындылардан және никотиннен тұрады, жеке түрде кан­набиноид құрамына кіретін, тетра­гид­ро­каннабинолдан жасалған. Бұл қондыр­ғылар глицерин және пропиленгликоль негізіндегі сұйықтықты қыздырады, со­дан темекінің түтіні емес бу пайда болады. Бұл заттар өкпенің ішіне тұнып тұрып, фиброзға әкеледі. Оны неғұрлым көп тартса, соғұрлым ол тыныс алу жолына кері әсерін тигізеді. Басқаша айтқанда, «өк­пе дағы» туындайды», – дейді маман­дар.

Сонымен қатар мамандардың ай­туынша, электронды темекі қара­пайым темекіден анағұрлым зиян әрі қауіпті, себебі мұнда никотин буланып, ауыз қуысының шырышты қабатын күй­діреді, бұл онкологиялық ауруларға әке­леді, тыныс алу жүйесін зақымдайды, бас миы тамырларының атеросклерозына апа­ра­ды, себебі, оны тартқан кезде нико­тин қанға өте жылдам енеді. Содан барып, бүй­рек безімен адреналин шығып, арте­риалдық қан қысымы жоғарылап, жүрек ырғағы қысқарады. Бұл жүрекке қатты жүк­теме түсіріп, соның салдарынан жү­рек-қантамыр аурушаңдығы дами түседі. Адам ұйқысы нашарлап, тез ашуланады және назар аудару қабілеті төмен түседі.

Статистиканың да айтары бар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Қазақстанның балалары мен жасөс­пірім­дерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» атты зерт­теу жүргізген болатын. Қорытындысында республикадағы 11-15 жастағы балалар ара­сында ұлдардың 14 пайызы және қыз­дардың 6 пайызы вейп қолданып жүргені анық­талған. Оның жартысынан көбі тұ­рақ­ты түрде тұтынады. Электронды сига­рет бойынша 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіш ұлдар арасында үш есе, қыздар ара­сында екі есе өсіп отыр. 2022 жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижелері 2018 жылғы деректермен салыстырғанда одан да көп ұл мен қыз вейптерді тұтына бас­тағанын көрсетті, оның ішінде өмір бойы қолдану 3,6%-ға, соңғы 30 күнде пайда­лану 2,7%-ға өскен. Әсіресе, өсімнің екі есеге артуы 13-15 жас аралығындағы ба­ла­­­лар арасында байқалады. Бұл 1 млн ба­ланың вейпті қолданып көргенін көр­сетеді.

Қазақстанда тұтынудың электронды жүйелерінің сұйықтықтарында никотин мөлшерінің рұқсат етілген шекті деңгейі 1 мг/ см3, алайда Санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау комитетінің зерт­теу нәтижелері бойынша никотин мөл­шері 67,6 мг/см3 құрап, рұқсат етілген дең­­гейден ондаған есе асып кеткені анық­­талды.

Ал Қазақстан тұтынушылар лигасы­ның ақпараты бойынша, Астана мен Алматыда соңғы 6 айда вейп сатылымы бір­ден 372 пайызға өсіпті. Елімізде вейп сата­тын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, никотинді, хош иістендіргіш­терді және оларға арналған сұйықтық­тар­ды тұтынудың электронды жүйелерінің (ТЭЖ), вейптің нарығы Қазақстанда 2020 жыл­дан бері 300 есеге жуық артқан. Мұн­дай өсім елдегі бірде-бір нарықта жоқ. Мы­салы, 2020 жылы елге 21 608 дана эле­к­трон­ды темекі импортталыпты. 2022 жылы бұл импорт 6,3 миллион болған.

Сонымен қатар қазір вейп және хош иісті сұйықтықтар нарығы заң­­­­наманың кемшіліктері мен веп-ин­дуст­рияның маркетингтік стра­тегиясына бай­­ланысты реттелмей келеді. 2022 жыл­дың қазан айына дейін вейптер Сыртқы экономикалық қызмет тауар номенк­ла­турасы (СЭҚ ТН) 8543 «Осы топтың басқа же­рінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр маши­на­лары мен аппаратуралар» коды бойынша акциздік баж төлемей әкелінді. Осы код бойынша 2020-2022 жылдары аралығында елімізге 3 млн-ға жуық вейп импортталған. Мәселен, 22 мамырда ҰҚК шекара­шы­ла­ры Қытаймен шекарадағы «Достық» БӨП-те Мемлекеттік кірістер депар­та­мен­тінің қызметкерлерімен бірлесіп, ілес­пе құжаттарсыз электронды темекінің ірі партиясын кіргізуге тырысқан Қазақ­стан­ның үш азаматын ұстағаны белгілі болды. Тәркіленген тауар­дың алдын ала құ­ны – 2,4 млрд теңге. Ұсталғандар мен жүк көлігі әрі қарайғы тексеру үшін ҚМ Эко­номикалық тергеу департаментінің ау­мақтық бөлімшесіне берілді. Мұндай жағ­дайлар аз емес.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*