Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Сауран ауданы көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жиын өтті

Сауран ауданы көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жиын өтті

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты имамдармен кездесіп, пікір алмасты. Ауданның бас имамы Бауыржан Ақауов бүгінгі таңда аудан бойынша діни ахуал жайлы кеңінен баяндап өтті.

Сауран ауданында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты — 37 мешіт, 16-намазхана жұмыс істейді. 37 мешітте 56 діни қызметкер жұмыс жасайды. Кездесуде ауданның бас имамы ауданға қарасты барлық мешіттер мен намазханалардың құжаттарын заңдастырылып жатқанын, мешіттерге бейне бақылау камераларын қою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын атап өтті.

 Аудан көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша аудандық ақпараттық-түсіндірме жұмыс тобы жұмыс жасайды. Жергілікті ақпараттық-түсіндірме тобының мүшелері мен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы, теолог мамандары жат діни ағымдардың қауіптілігі, тиым салынған діни экстремистік ұйымдар жөнінде мектептерде, арнаулы оқу орындарында, мекемелерде, елді мекен тұрғындары арасында жыл басынан бері 35 кездесу ұйымдастырылып, оған 1200-ден астам адам қамтылған.

«Ел бірлігі — бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық — халқымыздың әл-ауқатының жақсаруының, ел экономикасының өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік екені сөзсіз», — деді аудан әкімі.

 Аудан әкімі имамдарға мешітке келетін жамағатқа, түрлі деңгейдегі астарда елді бірлікке, ынтымаққа шақыруда жүйелі жұмыс жүргізу керектігін атап өтті. Осы орайда, дін өкілдерінің қоғам алдындағы міндеттері, жамағатты жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарып, қоғамдық істерде белсенділік таныту керектігі айтылды. Кездесу соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров дін өкілдері тарапынан айтылған барлық ұсыныстарына қолдау көрсететінін жеткізді.

Түркістан облысында халық санының басым бөлігі Ислам дінін дәстүрлі түрде ұстанады деп айтуға болады. Сондықтан да саны жағынан ең басым діни бірлестік Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болып табылады. Республика бойынша 18 конфессияны қамтитын 3877 діни бірлестік тіркелген. Елімізде жалпы ҚМДБ қарасты 2744 діни бірлестік болса, соның ішінде Түркістан облысында 765 мешітте 1112 дін қызметкері жұмыс атқарады. Олардың 18% ғана жоғары білімді. Ал 29% орта арнаулы (медресе) және қалған 53% діни сауат ашу курстарында білім алумен шектелген. Халық тығыз шоғырланған және ұлттық құрамы әр алуан өңір үшін білімді де білікті имамдар қашан да қажет.

 Түркістан облысында ресми тіркелген 1 миссионер бар.  Еліміздің дін саласындағы негізгі мәселелері дәл қазіргі таңда құқықтық, ұйымдастырушылық тұрғыдан бір қалыпқа салынды десек болады. Солардың ең негізгісі қоғам арасында түрлі бүліктер шығарып, отбасылық және туысқандық қарым-қатынастың үзілуіне, мешіттерде имамдарымызға бағынбайтын, ұлттық құндылықтарымызды дұрыс емес деп, мансұқтап жүрген ағым өкілдеріне заң шеңберінде, құқықтық тұрғыдан ықпал ету мәселесі кемшін.

Діни білім алу мәселесі де қай уақыт болмасын күн тәртібінен түспеген тақырып. Елімізде 13 діни оқу жұмыс атқарады, оның ішінде Ислам бағытында – 11  (1-«Нұр-Мүбарак» университеті, 5-медресе колледжі, 4-медресе, ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру бойынша 1-ислам институты), Христиандық бағытта — 2 (1 — Алматы православие семинариясы және 1 – Қарағанды қаласындағы «Мария — ШіркеуАна» епархияаралық жоғары діни семинариясы). Білім алушылардың жалпы саны – 4378 адам. Сонымен қатар елімізде ЖОО-да арнайы дін саласы бойынша Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті исламтанушы, дінтану, теология салалары бойынша мамандар дайындауда. Алайда, еліміздегі мешіттердің 4/1 Түркістан облысында орналасқандықтан, тиісінше кадр тапшылығы да сезіледі.

Облысымызда алғаш Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде теология факультетінің ашылуы дін саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі болды. Теология саласындағы жоғары кәсіби мамандарды дайындайтын арнайы бөлім ретінде қосылды. Факультетте Оқытушы-профессорлар құрамы 15 адамнан тұрады. Халықаралық Қазақ-түрік университеті 1991 жылы Түркістанда Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ашылған. Білім ордасынан отыз жылдың ішінде 80 мыңдай түлек түлеп ұшты.

Қорыта келе облыс аумағында терроризм актілеріне ден қою, сонымен қатар, терроризм салдарын барынша азайту және (немесе) жою дайындығының деңгейі бойынша да  тұрақты жұмыстар жүргізіліп тұрады.  Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстаграм) парақшаларында теріс діни ағым жолдарын алдын-алу мақсатындағы материалдар, жергілікті баспа беттерінде мақалалар шығарылып отырады.  Орталық мамандарының ұсынған үгіт-насихат материалдары облыстық қала, аудандардың жергілікті  БАҚ беттерінде жарыққа шығарылуда. Түркістан облысындағы діни жағдай тұрақты деп айта аламыз.

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.

Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал, ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бірлікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады.

Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Біз де өткенімізге үңіле қарайықшы. Қазақ халқы да тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін-әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, онан қалды ашаршылықтар мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеп соқты. Әйтседе, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жеткізді.

Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз.

Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы.

Дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген.Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Мемлекет басшысының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Тіпті қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес.«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*