Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ТҮРКІСТАНДА ДІН САРАПШЫЛАРЫ КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

ТҮРКІСТАНДА ДІН САРАПШЫЛАРЫ КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Түркістан облысындағы діни ахуалды тұрақтандыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында облыстық дін сарапшыларының кеңесі өтті. Шараға дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы және Түркістан облысының бас имамы Е.Сматұлы, дінтану саласындағы жетекші сарапшылар, сондай-ақ дінтанушы-теологтар қатысты.
Жиынды дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы ашып, бұл шараның облысымыздағы діни мәселелердің шешілуіне ықпал етуіне әсері мол боларына сенім білдірді.
Талқыланған өзекті тақырыптардың бірі діни экстремизм мен радикалдану мәселесі болды. Жиынға қатысушылар экстремистік идеологияның таралуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Халықтың діни сауаттылық деңгейін арттыруға, діни ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейтуге, сондай-ақ радикалды идеялардың ықпалына түскен тұлғаларды оңалту бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған нақты шаралар ұсынылды.
Сонымен қатар мәжілісте сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрі рухани-адамгершілік жағдайын қалыптастыруда дін өкілдерінің алатын орны ерекше екендігін тілге тиек етіп, жемқорлыққа қарсы түсіндіру шаралары тұрақты түрде жүргізу қажеттігі айтылды.

Діни фанатизм мен көзсіз  еліктеушілікке қарсы тұратын қалқан болатын  діни мәдениет пен діни сана қалыптастыру үшін діни білім беру зайырлы тұрғыда берілуі керек. Елімізде ұлтаралық келісім, діни төзімділік мәдениеті мен өзара құрмет қағидаты орныққан. Дін адамның рухани әлеміне тыныштық беріп, адамның абыройы мен ар-намысын үйретеді. Әрбір адамның жан-дүниесіндегі келісім мен ішкі мәдениет бұл қоғамдағы адамаралық қарым-қатынас  мәдениетідегі өзара  түсіністіктің шарты. Әрбір адам парасатты және рухани дүниесі бай, рухы мықты болғанда ғана зұлымдық пен зорлыққа қарсы тұра алады. Сол себептен адам жанын тәрбиелеу және оның дүниетанымын қалыптастыру үшін әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарын тиімді қолдану маңызды болып саналады.

Бүгінгі күнде еліміз үшін бейбітшілік пен келісімді сақтау маңызды. Сондықтан да дін  қызметкерлері елімізде  тіркелген діни  бірлестіктердің  діни сенімі туралы хабардар болуы керек. Өйткені, дін  этностың ұлттық сана-сезімі мен  рухани мәдениеті мен ұлттық рух ерекшелігін ашатын феномен. Еліміздегі  діни  білім беру  орындары  болашақ дін қызметкерлерін зайырлы  мәдени ұстанымға,зиялылық пен  ізденгіштік рухында тәрбиелеп, әлемдік  және  дәстүрлі   діндердің құндылықтарына оң көзқарас қалыптастыруы тиіс. Дін  қызметшілерін ұлтаралық және  дінаралық қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, діни мәдениетке  баулу,  өзге діндегілерге құрметпен қарауға, діндердің құндылықтық негіздерін терең  түсініп  пайымдауға,зайырлы ұстанымға  сай  қызмет  жасауға  құзіретті  даярлау бүгінгі  діни  білім  берудің  мақсаты. Бұл діни білім беру жүйесі үшін өте өзекті болып табылады.

Зайырлы мәдениет және діни мәдениет ерекшелігін және  жалпы адамзаттық құндылықтардың артықтығын, яғни діни және діни емес дүниетаным түсініктерінің біріктіруші және сұхбаттастық негіздерін төзімділікпен түсіндіру  жұмыстары  да маңызды. Исламтануды оқыту мазмұны мен әдістемесі зайырлылық пен төзімділік қағидаттары, ар-ождан, діни сенім бостандығы және ой-еркіндігі   сынды еліміздің және халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына сәйкес болуы тиіс. Исламтану мамандығын оқытуда заманауи ақпараттық-аналитикалық және оқу-әдістемелік негіздерге сүйену керек. Зайырлы қоғамдағы исламтанулық  білімнің  мақсаты – зайырлы  мәдени  жүйеге  сай  қызметжасау  мен  діндар  азаматтардың  діни  сұранысын  өтеуді  іске асыру.

Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің діндар  жастар да зайырлы  мемлекеттік қағиданы, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және ата мұрасын қастерлеуі тиіс. Дін саласындағы мемлекеттік  қызметшілер  дүниетанымында және  әдептік  ұстанымында зайырлы  және ұлттық қадір-қасиетінен туған киелі ұғым түсініктерін құрметтеуді қалыптастыру еліміздің қарқынды инновациялық-индустриялық тұрғыда жаңғыруын қамтамасыз ететін ұлттық мүдде мен азаматтық парызға адал  дін  мамандарын белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу болып табылады.

Әсіре діншіл  топтарға қарсы діни-ағартушылық жұмыстың тиімді тәсілдерінің  бірі  өңірлердегі діни ахуалдардың динамикасы мен тенденцияларына ықпал етуші сыртқы  және  ішкі ықпал-әсерлерді анықтау дінтанулық және исламтанулық зерттеулер жүргізуде негізгі мақсаттардың бірі деп білеміз. Зайырлы мемлекетте дінтану және исламтану мамандығы қоғамның рухани жаңғыруына, діни сауаттылықты  арттыруға,  дін қызметкерлерінің беделін көтеруге және  деструктивтік  ағымдардың алдын  алуға   көмектеседі.

Қорыта айтқанда, бүгінгі қоғам діни сауаттылықтың ауадай қажет екенін жоққа шығармайды. Қазіргі ақпараттың кең дамыған уақытында ақпараттық ресурстарды қолданып халықты дұрыс мәлімет пен  қамтамасыз ете алсақ өз жемісін берері сөзсіз. Сонда ғана еліміз өркендеп, діни сауатты азаматтарымыз көбейіп, мемлекетімізді теріс діни ағымдардан сақтап қаламыз.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*