Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр.
Мемлекеттің дамуына бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.
Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
«Коррупция» термині латын тілінің «corrutpere» деген сөзінен шығып, мағынасы жағынан «мемлекет организмін, қоғамдық қарым-қатынастарды бұзу» дегенді білдіреді, «параға сатып алу» терминімен сәйкес, яғни лауазымды тұлғаның өз билігі өкілеттігі мен сеніп тапсырылған құқығын заңға және моральдық нормаларға қайшы келетін өтірік айту, бопсалаушылық, сөзбұйда жасау жолдарымен жеке бас пайдасы үшін пайдалануы.
Сыбайластық жемқорлықпен күрес мыналардың негізінде жүзеге асырылады:
● заң мен сот алдында бәрі тепе-тең;
● мемлекеттік органдар қызметін нақты құқықтық реттеумен (регламенттеумен) қамтамасыз ету, аталмыш қызметтің заңдылығы мен жариялылығы, оған мемлекеттік және қоғамдық бақылау жасау;
● жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, ұйымдастыру-басқару жүйелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдылығы;
● жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қайта қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою және алдын алу;
● сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылармен күресуге жәрдемдескен азаматтардың жеке қауіпсіздігін және оларды ынталандыруды қамтамасыз ету;
● мемлекеттің мемлекеттік қызметті орындауға уәкілетті және оған теңестірілген тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауы, аталмыш тұлғалар мен олардың отбасыларының лайықты өмір сүрулері үшін бұл тұлғаларға еңбекақы (ақшалай қолдау) мен жеңілдіктер тағайындау;
● жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметтерін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын тұлғалардың өкілеттіктерін делегирлеуді болдырмау, сондай-ақ оларға бақылау мен қадағалау жүргізу.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылды ұйымдастыру ел үшін тағдыр шешті бағдарламаның ажырамас бөлігі болып табылады.
Бұл өте асқақ міндет және оны жеке-дара іске асыру мүмкін емес. Өте маңызды және күрделі міндетті шешу үшін мемлекеттік органдар мен қоғамның барлық күш-жігерін біріктіру қажет, себебі, жүйелі көрініс ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеу кешенді тәсілдерді қажет етеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.