Қазіргі таңда елімізде діни экстремизмнің алдын алу және одан сақтандыруда республика көлемінде кешенді шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, халықтың діни сауаттылығы мен патриотизмін көтеру; ақпараттық түсіндіру жұмыстарының пәрменділігін арттыру; , экстремизм мен терроризмді зерттеуді қолдау; экстремизм мен терроризммен айналысатын мемлекеттік орган қызметкерлерінің дайындық деңгейін көтеру,; қалалық және ауылдық жерлерде қауіпсіздік қызметінің жұмысын жақсарту; интернет кеңістігіндегі діни сайттарға мониторинг жүргізіп отыру; қалада бейнебақылау камераларының санын арттыру; мектеп оқушыларының дінтанулық сауатын көтеру; елдегі жағдайы нашар мекендердің экономикалық әл-ауқатын көтеру және т.б.
Қазақстан Республикасының басқару тәртіптері мемлекетіміздің Ата Заңы Конституцияда белгіленгендіктен ол талаптар қоғамның әрбір мүшесі тарапынан орындалуы тиіс. Дін әуелі әлемдік және дәстүрлі діндер адамның діни және рухани негіздерін дамытудың күшті факторы болып табылады.
Діннің негізгі мақсаты адамдағы барлық адамгершілік қасиеттерді сақтау және оларды дамыту, адамның өзінің «бет-бейнесін» сақтап қалуына көмектесу болып табылады. Қазіргі әлемнің, оның ішіңде қазіргі Қазақстанның міндеті жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылык құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалогты ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлі діндердің енгізген принциптері мен қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік, адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін және әр түрлі саяси құрылымдарды, сан алуан этностар мен конфессиялардан тұратын көптеген мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі үшін белсенді пайдалануға саяды.
Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырамыз.
Қазақстан Республикасының Конституция сында ар-ождан бостандығы мен діни бостандықтың принциптері, әр түрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құруға тең құқылығы, мемлекеттің шіркеуден бөлінгендігі туралы принциптер бекітілген.
Сондай-ақ діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер дайындалып шығарылды. Қазақстандағы қандай да болмасын діни бірлестіктіктердің қызмет етуінің нормативтік құқықтық негізі белгілі дәрежеде әзірлен гендігіне қарамастан, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рольі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсерінің мәртебесі, кеңістігі және шекаралары қазірге дейін дәл анықталмаған.
Осы еліміздегі белгісіздік, әсіресе оның теріс салдары еліміздегі қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа тенденцияларға байланысты анық та, айқын аңғарылуда. Бұл, әрине, әсіресе дін мен діни сананың күдік туғызатын діни-рухани нормалары мен догмаларына негізделген жаңа діни ағымдар мен бағыттардың елімізде еркін қызмет жасауының көрінісі. Мұндай әсірешіл нышандар діни фундаментализм мен діни экстремизм ретінде көрініс табуы әбден мүмкін.
Қазіргі дін атын жамылған терроризм зорлық-зомбылықты қасиетті парыз дәрежесіне дейін көтеруді, сол арқылы дінге кір келтіріп, адамдарды хақ жолынан бездіруді көздеп отырғаны байқалады. Террористердің қауіптілігі сонда – қой терісін жамылған қасқыр іспетті, қасиетті Құран аяттарының (өз қажеттері үшін жұлмаланған) үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.
Ең өкінішті жағдай – дін негіздерін жаңадан таныған, өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың «таза ислам» идеясы арқылы террорлық ұйымдардың тұзағына түсіп қалуы. Сондықтан бұл мәселе діни экстремизм мен терроризмнің себептері мен оған түрткі болатын жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған пәрменді шараларды жүзеге асыру міндетін алдыңғы қатарға шығарып отыр.
Шындығына келгенде, бүгінгі таңда орын алып отырған жарылыстар мен бұзғыншылықтардың артында дін дұшпандары тұрғаны анық. Олар Ислам дінінің «маскасын» киіп, жастарға теріс уағыз-насихат жүргізіп, олардың білімсіздігін пайдалануда. Яғни, жастарымыздың, түбі терроризмге апарар, адасушы жат ағымдарға кіріп кетуінің ең бірінші себебі – діни білімнің аздығы. Егер де әрбір мұсылман өз дінін үйреніп, одан кейін балаларына үйретсе, бұндай теріс ағымдарға кету күрт азаяр еді. Өйткені ата-баба дәстүрімен ажырамастай кірігіп кеткен атадініміз адамгершілік мұраттарын насихаттап, кемел адам болуға үндейді.
Жалпы, білімнің мақсаты – адамның көзін ашу. Сондықтан зайырлы білім де, діни білім де адамды дұрыс жолға бағыттап, ойдан шығарылған қате наным-сенімдерге еріп кетпеуіне күш салуы қажет. Әл-Фараби атамыз айтқан «тәрбиесіз білім апатқа апаратынын» есте сақтай отырып, беріліп жатқан білімнің халық игілігі үшін жұмсалуын қадағалау керек. Ғаламтор желісінен экстремистік контенттерді бұғаулау, азаматтардың діни білім алу мәселелерін реттеу, жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешімін табуға тырысу, экстремистік әрекеттері үшін жазаларын өтеп жатқан және экстремистік ағымдардан зардап шеккен жандарды оңалту секілді іс-шаралар – күн тәртібінен түспеуі тиіс істер.
Әсіресе жастардың діни және құқықтық сауатын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл тұрғыда дәстүрлі діни мектепті жаңғыртудың маңызы зор. Ұлттық танымды, ұлттық ділді бойына сіңірген ұрпақ ұрдажық қадамға бара қоймайды. «Обал болады» деп, құмырсқа екеш құмырсқаны абайсызда басып кетуден сақтанып жүретін қазақы мінезді бойына дарытып өскен баланың адам баласына қару кезенуі – беймүмкін нәрсе. Ол үшін, әсіресе, мектеп бағдарламасында ұлттық дәстүрді түсіндіру, жыраулар мен ақындардың, ұлт данышпандарының еңбектерін таратып, түсіндіріп оқыту жолға қойылса, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе және отбасылық құндылықтар насихатталып отырса, құба-құп болар еді.
Қайталап айтамыз: баланың өзге ағымға кетіп қалуына бірінші кезекте ата-аналар жауапты. Жасыратыны жоқ, қазір көптеген жұмысбасты ата-аналар балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Тіпті, намаз оқи бастаса да, «қалай оқып жүр, қайда барып жүр екен» деп қызығушылық танытып, қадағаламайды. Ал бақылаусыз кеткен баланың дәстүрлі емес діни ағымдағылардың қақпанына түсіп қалу мүмкіндігі өте жоғары. Ал кейбір ата-аналар исламофобия үрдісіне еріп, баласын мешітке жолатпайды. Бұл да – қате қадам. Өйткені, баланың ішкі ізденісі дұрыс жолмен қанағаттандырылмаса, ол басқа жол іздейді. Яғни, ресми мекеме болып табылатын мешіттен білім алмаған бала «интернет ұстаз» тауып алады. Ал ол ұстаздардың «шәкірттерінің» қайда барып жатқаны баршаға аян.