Интернет тарихы 1969 жылдан басталады, ең бірінші АҚШ та Лос-Анжелс штатының Калифорния университетінде орнатылған. 1970 жылы электронды почта қолданысқа енсе, 1989 жылы чат өмірге келді. 1990 жылы телефон арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік ашты. 1991 жылы мобильді интернет пайда болды. Міне пайда болғанына 30 жылдың көлемі болған ғаламтор белгілі бір адамдарды бақытты, ал кейбіреулерді өкінішке орай бақытсыз, бірімізді бай, ал бірімізді рухани кедей етуге дейін құдыретті болып шықты.
Бұл әсіресе жастар арасындағы күрделі мәселе. Күн-түнімен желіні пайдаланатын бала жан-жағындағы адамдармен шынайы араласудан қалады. Оның желіге тәуелділігі сондай бас алмастан отырып, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамайды. Тұйықталып ғаламторға тәуелді болады. Ғаламтор әрбір үшінші отбасының ажырасуына себеп болады екен. Ғалымдардың пайымынша, жастар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған жанжалдың кесірінен ажырасатын көрінеді. Ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулерінде, «Инстаграм» желісі депрессияға ұшырататын желі деп аталған. «В Контакте», мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шыққан. Мүмкін, оның еліміздегі жасөспірімдер арасында суцидтің белең алып тұрғанына да ықпалы бар шығар.
Әлеуметтік желі үйдегі ас тұзы секілді. Күнделікті қолданыста өте қажет, бірақ мөлшерден көп қолданса денсаулыққа зиян. Бір ғана айырмашылығы – ас тұзын қолдану есебі, ережесі, мәдениеті қалыптасқан. Ал әлеуметтік желіні қолдануда бізде есеп те, ереже де, мәдениет те жоқ. Есеп пен ереже болмаған жағдайда мәдениет қайдан болсын. Мүмкіншілігі мол, зияны зор ғаламды торда ұстап отырған ғаламтор әлеуметті ұлттық дамудан айырады. Сондықтан желі қолданушылары үшін әлеуметтік мәдениеттің біркелкі жолын жүйелеп қалыптастыру, оны қоғам санасына сіңдіру жаһандану заманында жастарға жүктелетін маңызды миссия. Себебі әлеуметтік желіні көп қолданушылар да сол жастар.
Әлем бойынша сайттың қолданушылары 50 миллион екен. Бұған дейінгі заманда әлеуметтік желі болған жоқ, сәйкесінше ешқандай әдет, қағида қалыптасқан жоқ. Біздің пайымдауымызша, әлеуметтік желі мәдениеті мәселесін көтеру, шешу жолдарын ұсыну бүгінгі күні өзекті.
Жастарды ғаламтордың зиянынан сақтандыру үшін кез келген ата-ана баласына оны пайдаланудың шарттарын айтып түсіндіруге, ондағы ақпараттардың үнемі шындыққа жанаспайтынын, оған сын көзімен қарау қажеттігін, ол ақпараттарды кітаптағы, энциклопедиядағы ресми газет-журналдардағы ақпараттармен салыстырып, қабылдау керектігін ескертуге тиіс. Және де ғаламтордағы зорлық-зомбылыққа, қылмысқа, психологияны бұзылуға тәрбиелейтін бағдарламалардан, діншілдік, нәсілшілдік туралы ақпарттардан сақтандыру – ата-аналар мен ұстаздардың да негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда есте болатын бір жағдай, он жасқа дейінгі балалар ата-анасы рұхсат берген сайттарға ғана енуге тиіс. Бұл ақпараттық технологиялар мамандарының, дәрігерлердің талабы. Ең бастысы, кәмелетке жасы толмаған балалардың электронды поштасына енуге ата-анасының мүмкіндігі болуға тиіс. Ол ең бірінші, сол баланың қауіпсіздігі, бақытты болашағы үшін қажет. Әсіресе, балалар он төрт жасқа толғанында өз-өзімен болып, оқшаулана бастағанында, ата-анасы олардың беймәлім адамдармен ғаламтор арқылы танысуына жол бермеуге міндетті. Мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ ассақ, ғаламтор балаларға қауіпсіз болсын десек, оны үнемі жаңа бағдарламалармен жабдықтап, спамфильтр орнатуымыз, қауіпсіздік туралы ақпараттарды біліп отыруымыз керек. Баламыздың ғаламтордағы компьютерлік ойындарға тәуелділігін тексеріп, сол бойынша тиісті шаралар қолданып отыруымыз да – ата-аналық парызымыз.
Идеологиялық өңдеуге алынатын құрбандардың әлеуметтік портреті қанша уақыт өтсе де өзгерген емес – олардың бәрі дұрыс діни сауаты жоқ жастар (17-30 жас). Теріс ағымның жетекшілері радикалдық идеологияны олардың санасына айдай анық ақиқат ретінде құя біледі, сендіре білетіндері сонша, олармен ешкім таласпайды да. Бұл Құранның кейбір аяттарын бұрмалап түсіндіру жолымен жүзеге асырылады. Азғырушылар оларды сенімі адасқан ізбасарларының санасына құю үшін, кейін сол соқыр сенімдегілерді өз мақсаттарына пайдалану үшін Парсы шығанағындағы петромемлекеттердің сәләфи ғалымдары даярлайтын радикалдық үлгімен қасақана бұрмалайды. Теріс діни ағымдардың белгілі қазақстандық көшбасшылары өз ізбасарларын мәдени-рухани-моральдық тұрғыдан сәләфия-ваххабия ағымының экстремистік пиғылдағы радикал ғалымдарына (шейх Солих Фаузан, Усеймин және т.б.) бағыттаумен айналысуда. Онда да, Парсы шығанағы елдерінің (Сауд Арабиясы, Египет және т.б.) идеологиялық орталықтарында әрекет етуші ғалымдарды қолдан әспеттеп, қазақстандық жастардың діни санасына сіңіріп жүрген бұл көшбасшылар теріс ағым өкілдерін мәңгүрттендіріп, кейін радикалға айналдырады. Парсы шығанағы елдерінің шейхтары өз кезектерінде діни түсініктерді өз ыңғайына қарай бұрмалап түсіндіріп, зайырлы заңдарға жау көзімен қарауды, үкіметті мойындамауды, мемлекеттік рәміздерді жақтырмауды насихаттауда; ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерлерге барып, заңды билікке қарсы соғысып жатқан содырлық құрылымдарға қосылуға үндеуде. Діни терминологияны бұрмалап түсіндіру діндар адамды сенім (акида) мәселелерінде әбден шатастырып, таухид, иман, күпірлік, мазхаб, масих және ширк ұғымдары туралы түсінігін тас-талқан етеді. Мұндай сенімге бой алдырған адам қазақ халқының тарихын, мұсылманшылық жолын, ер мен әйел теңдігін, ар-намыс еркіндігін, жаппай сауаттылықты түгелімен жоққа шығарып, Қазақстанның дәстүрлі мұсылмандарын кәпір деп айыптайды және т.б., сонымен қатар, ортағасырлық мұсылмандықты қайта жаңғыртуға бағытталған утопиялық ұмтылысқа бейім тұрады.
2021 жылы Түркістан облысы Полиция департаментінің полиция қызметкерлері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың қатысуымен 21 қылмысты ашты. Оның ішінде діни араздықты қоздыруға, жеке мүлікті ұрлауға, есірткі құралдарын өткізу мен сақтауға және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар болған.
Сонымен қатар, Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттаумен айналысатын адамдарды ұстау бойынша бірқатар арнайы операциялар жүргізді. Тінту кезінде күдіктілерден ұялы телефондар, діни мазмұндағы баспа әдебиеті және компьютерлік техника тәркіленді.
Баланың мінез-құлқының ғана емес, сырт келбетінің де өзгере бастауына көңіл аударып отыру қажет. Діни мағынадағы жаңа сөздер айта бастаса назар аударған жөн. Негізі, мағынасы жаман болмаса да, бір сөздерді жиі қайталаса, аса жақсы емес. Сақал өсіріп, шалбарының балағын шолтитып, қара киім киюге әуестене бастауы мүмкін. Дәстүрлі Ислам діні мен қазақтың ұлттық дағдысына сай, мінәжаттан соң немесе ас қайырғанда бет сипамай қояды. «Теледидар көру – һарам іс, яғни күнә; қазіргі оқу мекемелерінде (жалпы білім беретін, орта және жоғары оқу орындарында) оқуға болмайды, олар кәпірдің оқуы» деген сияқты әңгімелер айта бастайды. Мұның бәрі баланың жақындары үшін белгі болуы керек: бұл оның «мен радикал болып барам, ұлттық, моральдық, діни дәстүрлер енді маған жат!» деген жаңа көзқарасының айғақтары. Ал осының бәріне себеп – оның жақындары да дәстүрлі діннің негіздерінен бейхабар. Радикалдық экстремистік ағымдарға керегі де осы. Абайдың мұрасын білмеу, қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсаринді, діни сенім мәселесінде Мәшһүр Жүсіп Көпеевті, Шәкәрім Құдайбердиевті, Міржақып Дулатовты, тағы да сол секілді ұлтымыздың ұлы тұлғаларын танымау, өз халқының ұлттық діни-мәдени құндылықтарын білмеудің ақыры осындай қасіретке апарып ұрындырады. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деген сол. Басқа жол жоқ. Қазақтың маңдайалды зиялылары да білген негізгі діни қағидаларды білуіміз керек, олай болмайды екен, балаларымыз ертең діни мәңгүртке айналады. Сондықтан, ата-аналар өз балаларының қандай діни ақпаратты қайдан және кімнен алып жүргенін байқауы керек. Олар ақпаратты ғаламтордан немесе баспа өнімі түрінде (кітаптар, шағын кітапшалар, газет-журналдар, т.б.) алуы мүмкін.