Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШАРДАРА: ТЕРРОРИЗМНЕН САҚТАНУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛДІ

ШАРДАРА: ТЕРРОРИЗМНЕН САҚТАНУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін Шардара ауданында террористік тұрғыдан осал обьектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру шараларына қатысты Түркістан облысынан ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері ауданға арнайы келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Семинар мәжіліс Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Қуанышбайұлының төрағалығымен өтті.
Аталған іс-шарада елімізде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға ерекше назар аудару, діни экстремизмді шектеу, лаңкестік шабуылдарға тосқауыл қою және радикалды діни идеологияның таралуына жол бермеу жайында бірқатар мәселелер талқыланды.
Жиын барысында жауапты мекеме басшыларына осал обьектілердің қорғалуына қатысты нақты тапсырмалар беріліп, кемшіліктер орын алған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қолданылатыны жайында ескертілді.
Мамандар терроризмнен қорғану бойынша жан-жақты ақпараттар мен тәжірибелерді айтып,жоспарларды пысықтады.
Шетелдік теологиялық оқу орындары не үшін қауіпті?

Діни білім алу не үшін қажет?

Қазіргі қоғамда адамдар тек бір саланың ғана соңынан ерсе аса көп жетістіктерге қол жеткізбеуі мүмкін. Себебі, бүгінгі қоғам әралуан саладан хабары бар, бірнеше мамандықты игерген әмбебап адамдарға мұқтаж. Әрине, адам баласының барлығы да бірдей діндар бола алмауы мүмкін. Бірақ, діни сауатты болғаны абзал. Зайырлы қазақ қоғамында Тәуелсіздік алғалы талай білім ордалары құрылып, салалық мамандықтар көбейе түсті. Солардың бірі діни білім алу мәселесі.

Сауатты да зиялы адамдар білімнің діни және дүниелік деп екі тармаққа бөлінетінін біледі. Діни білім адам өмірінің мәнін түсіндіретін болса, дүниелік білім белгілі бір кәсіпке, қызметке мамандандырады. Адамдардың көбі осы екеуінің бірімен ғана қанағаттанып, екіншісіне өте немқұрайлылық танытатыны өкінішті. Шындығында, дүниелік оқумен діни білімді, ал діни оқу арқылы дүниелік білімді ала  алмайсың. Сол себепті жастар жоғары деңгейдегі университетті бітіре тұрып рухани надан болып қалуы да мүмкін. Керісінше, діни білімді біршама дәрежеде игерген адам да белгілі бір дүниелік білімді меңгерімесе бүгінгі қоғамнан өзінің лайықты орынын таба алмайтыны да  рас. Бұл дүниеде осынау екі білімнің алатын өз орындары бар және олар бірінің орындарын бірі алмастыра да, толтыра да алмайды. Екеуі де адамның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін қажетті білімдер болып табылады. Сондықтан білімді діннің білімі, дүниенің білімі деп бір-біріне қарсы қою немесе бірін таңдап, біріне немқұрайлы қарау дұрыс емес.

Қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін түрлі саладағы мамандар қажет. Білім беру үшін – мұғалім, денсаулық сақтау саласында – дәрігер, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде – полиция дегендей. Біз қоғамды бүтіндей діндар болуға емес, діни сауатты болуға үндегіміз келеді. Себебі, діни ағым өкілдері қоғамның барлық салаларын дендеп үлгерді. Ал, олармен біз кәсіби маманданған теологтармен қатар өз саласындағы діни сауатты адамдар арқылы да күрес жүргізуіміз қажет. Тым құрығанда діни сауатты ата-ана өз балаларына дұрыс бағытты сілтей алса, біз діни сауатты қоғам қалыптастыра аламыз. Діни білімді, негізгі іргетасты, дұрыс көзқарасты қоғамның әрбір мүшесі қалыптастыра алса бізде деструктивті діни ағымдарға бірыңғай иммунитет қалыптасады.

Діни білім алуда ұлттық иммунитет керек па?

Бұл мәселенің өзекті болып отырған жөні бар. Тәуелсіздікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдары сенім-наным бостандығы тар құрсаудан шығып, еркіндік берілген кезде жастардың алдыңғы легі діни білім аламыз деп Түркия мен араб елдеріне бел аса бастады. Бұған алғашында елдің қуанғаны да рас. Ол жерлерде жастардың қандай, кімнен білім алғандары жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында сезіле бастады. Бірі «сәләфи», «хизбутшы», бірі «сопы», енді бірі «таблиғшы», «құранит» болып шыға келді. Қазір енді олар бір елде, бір дінді оқыса да, бірнеше ағымның сойылын соғып жүр. Демек, діни білім алу мен діни танымның қалыптасуында ұлттық иммунитет қажет деген сөз.

Қазіргі таңда жастар дін десе өзге елдің киім кию үлгісі мен іс-әрекеттерін көз алдына елестетуде. Себебі, шетелдердің теологиялық оқу орындарында білім алған азаматтар сол елдің киім кию, тамақтану, сөйлеу әдебін де тасымалдауда. Ал, шындығында дінде киім, сыртқы көрініс секілді дүниелер маңызға ие емес. Өкінішке орай, оны осылай маңызды етіп, діннің құрамдас бөлігі ретінде көрсетуге тырысып жатқан топтар бар. Бүгін киімі мен дастархан мәдениетін өзгерткен адам ертең тарихы мен салт-дәстүріне тасадан тас лақтыруы да әбден мүмкін. Дін мен тіл, тарих пен мәдениет біздің ұлттық құндылықтарымыздың ұстыны. Оны өзгертуге, жоюға әсте болмайды. Сондықтан діни салаға бет бұрған азаматтар өз елінің тарихын, мәдениетін, тұрмыс-салтын жетік меңгергені, яғни ұлттық иммунитетті бойына сіңіргені абзхал.

Рұқсат етілген шетелдік теологиялық оқу орындары бар ма?

Мемлекет азаматтарымыздың діни білімді шетелдерден алуға түбегейлі қарсы емес. Алдымен осы мәселені түсініп алсақ. Екіншіден, дін саласындағы білімнің алғашқы іргетасын өз елімізде қалыптастырып, одан кейінгі магистратура, докторантура деңгейіндегі білімді шетелдік теологиялық оқу орындарынан алса дейміз. Ал, жалпы қазіргі таңда дін саласындағы мемлекеттік саясатты дұрыс жүзеге асыру барысында зерттелген, таңдалған бірнеше теологиялық оқу орындарын ұсына аламыз. Олар, Египет Араб Республикасы Каир қаласындағы – «Әл-Азхар» университеті, Түркия Республикасы, Стамбул қаласындағы – Стамбул университеті, Мармара университеті, Хасеки институты, Анкара қаласындағы – Анкара университеті, Кония қаласындағы – Селжук университеті, Малайзиядағы – Малайзия Халықаралық ислам университеті, Ресей Федерациясындағы – Мәскеу ислам университеті, Ресей Ислам институты және Өзбекстан Республикасындағы – Ташкент ислам университеті. Сонымен қатар, христиандық бағыттағы діни білім алушылар үшін де шетелдік теологиялық оқу орындарының тізімі қалыптастырылған. Атап айтқанда, Ресей Федерациясындағы – Мәскеу рухани академиясы, Санк-Петербург рухани академиясы, Украина Республикасындағы – Киев рухани академиясы, Беларус Республикасындағы – Минск рухани академиясы және АҚШ, Канада, Сингапур секілді мемлекеттердегі діни-рухани, теологиялық оқу орындары ұсынылады. Аталған оқу орындарына қызығушылық білдірушілер толық мәліметтерді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ресми сайтынан ала алады.

Шетелдік теологиялық оқу орындары не үшін қауіпті?

Облыс көлемінде тұрғындар мен жастар арасында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында көптеп қойылатын сұрақтардың бірі десемде болады.

Өйткені қазіргі ақпарат заманында ғаламтор беттерінде діни материалдар көптеп шығуда. Жөн-жосықсыз білгіштер діннен сөз қозғауда. Өздерін шейх-ғалым ретінде таныстырып көптеген жастардың санасын улап жатқаны тағы бар. Сондықтан, аталған сұрақтың қойылуы мен сол төңіректе сөз қозғалу заңды деп білемін.

Ал енді сол «діндар» азаматтардың кейбіреулері аяғын тәй-тәй басып, экономикалық іргетасын қалап, ата-салты мен әдет-ғұрпын жаңғыртып келе жатқан мемлекетімізді даму даңғылынан тайдырғысы келеді. Неге? Неліктен? Өйткені олардың басым бөлігі, ислам дінінің қайнар көзінен білім алдық деген оймен, мәзхаб мәселесін ұмытып, ислам ойшылдары мен ұлық имамдарды адасқан деген ұстанымдағы мектептердің өкілдерінен білім алған.

Сонымен қатар, шетелдердегі діни-саяси ахуал да үнемі тұрақты бола бермейді. Соның ішінде араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие.  Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді.

Ең бірінші білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, сенімсіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін.

Балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, сенімсіз «хұжыралар» мен «марказаларға» байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Және балаларының бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды. Ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы немесе ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Барлық аталған факторлар деструктивті, соның ішінде діни идеялар мен көзқарастардың елімізге енуі мен таралу қаупін тудыратынын естен шығармаған жөн. Олар діндарларымыздың арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамымыздың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және моральдық-этикалық өмір сүру аяларында теріс қоғамдық көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал.

Еліміздегі теологиялық білім берудің әлеуеті қандай?

Егер жастар діни білім аламын және сол салада еліміз үшін қызмет қыламын десе, діни білімді отан­дық діни оқу орындарында ал­ған маңызды. Ата-аналар мен студент­тер сапалы діни білім алу үшін Қа­зақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Алғаш құрылған 2000 жылдан қазіргі кезге дейін «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы мамандарын даярлаумен айналысады. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Теология» факультеті ашылып, онда теология және дінтану саласында сапалы мамандар даярлануда.

Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде еліміздегі жоғары оқу орнында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атын­дағы ҚарМУ дінтанушы мамандар әзірлеуде.

Діни білімге қызығушылық танытқан талапкерлер үшін айтарымыз отандық діни оқу орындарында алған маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстанда бір ислам университеті мен 9 медресе-колледж, бұдан өзге православие мен католиктік діни семинариялар жұмыс істейді.

Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамда жастардың діни білім алуға деген ынта мен жігері қуантады. Жастарымыз елді дамыту жолында діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындаса тіптен жақсы. Түйіп айтқанда, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған. Бүгінде мемлекет пен отандық оқу орындарының тарапынан шетелдің діни оқу орындарынан Отанға қайтып оралған қазақстандық студенттердің діни білімдерін жалғастыруын қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қолға алынып отыр. Осы орайда, біз ата-аналардан тағы да балаларының шетелдің қандай діни орталықтарында білім алып жатқанын қадағалауды өтініп сұрар едік. Себебі, мұның жастар мен тұтас Қазақстан қоғамының рухани қауіпсіздігіне ықпал ететін мәселе екенін атап көрсеткіміз келеді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*