Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастармен кездесу өткізілді.
Кездесудің мақсаты – пробация қызметі есебінде тұратын қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазаға сотталған тұлғаларға қоғамға бейімдеп, олардың қайта қылмыс әлеміне оралмауына, олардың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуге, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кәсіпкерлік дағдыларын үйрету, жұмыссыздық деңгейін қысқарту болды.
Кездесуге Сауран аудандық ПҚ бөлімінің аға инспекторы,әділет лейтенанты, М.Мырзатаев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Ажибай қатысты.
Қазіргі қоғамда дінге бет бұрған жастар көп. Солардың кейбірі ислам дінін әртүрлі уағыздап жүрген экстремистік ұйымдардың ықпалына түсіп қалып жатады. Діни сауаттылық болмағандықтан буыны беки қоймаған бозбалалар мен бойжеткендер арам пиғыл жандардың сөзіне ұйып, артынан ереді. «Интернеттегі, не болмаса түрлі әдебиеттердегі ақпаратты саралай білген жөн. Діннің дұрыс бағытын ажырата білу керек.
Теріс ағымдағы ұйымдардың басты құралы – халықтың сеніміне кіру. Көп жағдайда олар жастарға «сенімді дос» болуға тырысады. «Жастарға қолдау көрсетеміз» деген ұранмен жас өспірімдерге арналған спорттық жарыстар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Қамқорлықтың астарында деструктивтік бағыттағы уағыздар мен сананы улау жатады.
Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі — деструктивті идеологиялардың таралуы. Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуы. Мұндай ұйымдар тұлғаның рухани, психикалық және физикалык жағдайына қауіпті. Көбіне олар мемлекеттік стандарттар мен нормаларға, дәстүрлі дінге қарсы, мойындамайды. Сонысымен де қоғам үшін қауіпті және деструктивгі ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады.
Деструктивті діни ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатер төндіреді.
Олардың жақтастары:
Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін (Наурыз мейрамын тойлауды, қазақ халқының «бет ашар», «сәлем салу» салттарын, өмірден озған жандарға Құран бағыштауды және т.б.) жоққа шығарады;
зайырлы мемлекеттерге және зайырлы өмір сүру салтына қарсылық танытады;
мемлекеттік рәміздерді және мемлекеттік мерекелерді құрметтемейді;
мазхабтарды (Орталық Азияда және мұсылман әлемінің басқа да аймақтарында орныққан діни мектептерді), оның ішінде Қазақстанның көпшілік мұсылмандары ұстанатын ханафи мазхабын жоққа шығарады;
дәстүрлі исламды ұстанатын мұсылмандарды күпірлік жасайды да айыптайды, өзге діндердің өкілдері мен дінді ұстанбайтын адамдарға төзімсіздік танытады;
заманауи мәдениет және өнер түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) өшпенділік танытады;
заңда белгіленген міндеттерді (әскерде қызмет ету, міндетті орта білім алу және т.б.) орындаудан бас тартады;
медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен (қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау және т.б.) бас тартады;
білім мекемелеріндегі жекелеген пәндерге (биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу және т.б.) қатыспауға шақырады.
Қазақстан Республикасы – Зайырлы Мемлекет
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы басты құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, кұқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде өзін орнықтырады.
Зайырлылық – ол:
мемлекеттің діннен және діни бірлестіктерден бөлінуі;
азаматтардың дінге деген көзқарастарына қарамастан теңдігі;
азаматтардың дінді таңдауғажәне діннен бас тартуға құқығын қамтамасыз ету;
рухани оқу орындарынан басқа білім беру ұйымдарында қандай да болсын дінді насихаттауға жол бермеу;
қоғамда әлеуметтік қатынастарды діни догмалармен емес, елдің заңдарымен реттеу.
Әрбір халықтың басынан өткерген тарихи тағдыр кешулері бар. Халық осы тарихи үрдістердің негізінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен астасып-қойындасып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады. Сол үшін де халықтың дәстүрлі жүйесін күшпен өзгерту былай тұрсын, негізсіз сынауға да болмайды.
Салт-дәстүр және ұлттың басқа да құндылықтары тек табиғи жолмен ғана трансформацияланады. Біз дәсүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттерге деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті дін», «діни экстермизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп ғана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстермизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ.
Діни экстермизм деп діни дұшпандылық пен жек көрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және мемлекеттік құрылысты күшпен өзгерту мен билікті күшпен басып алуға үгіттейтін дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтыған қауіпті іс-әрекетті айтамыз. Діни терроризм деп – дін атынан камуфляждалыпжарылыс жасау, өрт қою немесе адамдарды қаза ұшырату, елеулi мүлiктiк залал келтiру, қоғамға қауiптi өзге де зардаптарды тудыру, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, мемлекеттiк органдардың, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру және т.б. діни элементке негізделген содырлық іс-әрекеттерді айтамыз.
Ал, деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, прозелетизмді насиқаттайтын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жиырмадан астам діни ұйымдіни экстремистік һәм террористік деп танылды. Атап айтар болсақ, «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»), «Асбат аль-Ансар», «Ихуан муслимин», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Хизб-ут — Тахрир», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы», «Джунд-аль-Халифат», «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі, «Таблиғи жамағат», «ДАЙШ», «Ан-Нуссра» ұйымдары ел заңдары бойынша діни экстремистік және террористік деп саналады.