Түркістан облысы Мақтаарал ауданының полициясы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елді мекендерді аралап мотоцикл, мопед, скутер, электросамокат жүргізушілерімен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Осы орайда облыс полициясымен мүдделі мемлекеттік органдарды, зиялы қауым өкілдерін, бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, профилактикалық шараларды күшейту жұмыстары жалғасуда.
Кейінгі жылдары елде мопед, электросамокат, велосипед сияқты шағын көлік құралдары көбейіп кетті.
Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет.
Тағы бір маңызды талап – «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу. Ол «А», «В» және «С» санатындағы жүргізушілерге қосымша дайындықсыз автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ жүргізуші куәлігіне қатысты мәселелерді шешуге 6 ай уақыт беріледі.
Бұл ретте мопед жүргізушілері де автокөлік жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерінде айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін автокөлік жүргізушілері секілді мопед жүргізушілеріне де барлық жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, тыйым салынған бағдаршамнан өткені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабында көзделген 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Қазір мас күйінде мопед жүргізу ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Оған сәйкес қоғамдық орындарға мас күйінде шыққандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ереже қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері ӘҚБтК-нің 608-бабы – жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру қарастырылған.
Мопедші мен самокатшыға қандай талап қойылады?
Кептеліске толы қалада мұндай көлік қолайлы екені рас, бірақ оларды бақылайтын ешбір заң-ереже болған жоқ. Салдарынан мопед немесе электросамокат қатысқан жол апаты жиілеп кетті, кісі өлімі де болды.
Тұрғындар мен мамандар мопедшілер мен самокатшыларды жөнге салуды көптен бері сұрап жүр. Бірақ заңда нақты белгіленбегендіктен, полицейлер оларды жазаға тарта алмады. Тіпті бұған дейін билік электросамокатты қандай көлік құралы деп атарын білмей басы қатты.
Ұзақ дау-дамайдын кейін 2022 жылы «электросамокат» ұғымы мемлекеттік стандартқа еніп, ол «Жол қозғалысы туралы» заңға қосылды. Аталған заңға биыл маусымда президент қол қойды.
Құжатқа сай жол ережесі мен заңда жаңа ұғымдар пайда болады:
- «электросамокат — екі не үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышпен жүретін, бір адам ғана тасымалдауға арналған, орындығы жоқ, ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 км-ден аспайтын жеке мобильділік құралы»;
- «шағын электрлі көлік құралы — электр қозғалтқышпен жүретін, жеке қозғалысқа арналған бір немесе бірнеше дөңгелегі бар көлік құралы, бұл электромотормен жүретін самокат пен мопедті қамтымайды».
Заң шыққан соң ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ұсыныс дайындап, мопед пен электросамокатты жол ережесіне енгізді.
Заңда электросамокат жайлы жеке талап бар, бірақ полицейлер жол ережесінде мопедшілер мен самокатшыларды бір бөлімге біріктірді. Түзету жобасын әзірлегендер Жол ережесінің 24-тарауын «Мопед, электросамокат, велосипед, шағын электрлі көлік құралы, ат арба қозғалысы және жануарларды айдауға қойылатын қосымша талаптар» деп атауды ұсынды.
Жаңарған жол ережесінде мопедшіге веложол, веложолақ, жол жиегі, тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Яғни, мопедші автомобиль жолымен ғана жүре алады. Ал самокатшы веложол немесе веложолақпен жүруге міндетті. Олар болмаса:
- осы тармақтың 2-бөлігінде белгіленген талапқа сай жолдың оң жақ шетімен, қоғамдық көлікке арналған жолақ бойымен;
- жол жиегімен;
- сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолағымен жүру қажет.
Сондай-ақ 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адам ғана электросамокат мініп жолдың жүріс бөлігімен жүре алады. Жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Автомобилист сияқты смартфоннан көрсетуге болады.
Жол ережесіне өзгеріс енгізу жобасына сәйкес мопед, электросамокат және велосипед жүргізушілеріне мына әрекеттерді істеуге тыйым салынады:
- рөлді кем дегенде бір қолмен ұстамай жүргізуге;
- жолаушы тасуға (жолаушы тасуға арналған арнайы құрылғысы бар велосипед пен мопедті қоспағанда);
- жүк тасуға (жүк тасуға арналған арнайы құрылғысы бар велосипед пен мопедті, сондай-ақ ұзындығы мен ені 50 сантиметрден аспайтын, алып жүргенде қиындық тудырмайтын жүктерді қоспағанда);
- трамвай жолы бар және бір бағыттағы жолақ саны бірден көп жолда солға немесе кері бұрылуға;
- мопед, электросамокат, велосипед сүйреуге (мопед және велосипедпен сүйреуге арналған тіркемені қоспағанда);
- көліктен түспей жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтуге;
- жол бойында шлем тақпай жүруге;
- қараңғы уақытта өзге көлік жүргізушісіне көрінетін жарық шағылыстыратын зат тақпай жол бойында жүруге.
Шағын электрлі көлік құралы жүргізушісіне:
- рөлді тым болмаса бір қолмен ұстамай жүргізуге (кейбір рөлі жоқ шағын электрлі көлік құралын қоспағанда);
- жолаушы тасуға;
- жүк тасуға;
- жолдың жүріс бөлігімен жүруге;
- жақын жерде велосипед жолы бола тұра, тротуар не жаяу жүргіншілер жолағымен жүруге;
- шағын электрлі көлік құралын өзге шағын электрлі көлік құралымен сүйреуге;
- шағын электрлі көлік құралынан түспей жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтуге тыйым салынады.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қозғалтқыш көлемі 50 кубтан аспайтын мопедтерді тіркеп, мұндай көлік құралын жол ережесіне енгізуді ұсынған. Ұсыныс қабылданса:
- мопедті 16 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адам жүргізе алады;
- мопедші мотошлем киюге міндетті және мотошлем кимеген жолаушыны тасуға болмайды (мотоциклшілерге де осындай талап қойылады);
- мас болып мопед жүргізуге болмайды;
- ұзындығы мен ені 50 сантиметрден асатын және алып жүргенде қиындық тудыратын жүктерді тасуға болмайды;
- мопедті эстакада, көпір және жол өтпесі бойына, сондай-ақ гүлзар, көгал және балалар ойнайтын алаңқай мен спорт алаңына қоюға тыйым салынады;
- мопедпен көлік құралы құрылымында көзделген саннан асатын және мас немесе 16 жасқа толмаған жолаушыны тасуға болмайды (қазіргі жол ережесінде мопедпен жолаушы тасуға мүлде болммайды);
- мопедшіге тротуар, жаяу жүргіншілер жолы және веложолмен жүруге болмайды. Ал түнде мопедшінің киімінде жарық шағылыстыратын элемент болуы керек. Веложолақпен жүруге рұқсат етіледі.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы елімізде мопед қатысқан жол апатының саны 2021 жылмен салыстырғанда 3.5 есе (101-ден 352-ге), жараланған адам саны үш есеге (117-ден 390-ға) өскен. Сондай-ақ биыл алғашқы бес айда мопедшілер қатысқан жол апатында өлім көрсеткіші де үш есеге өсіпті.
Ал ҚР ІІМ мәліметі бойынша 2021 жылы елде электросамокат қатысқан 68 апат болып, бір адам қаза тапты және 71 адам жараланды. Ал 2022 жылы алғашқы 6 айдың өзінде мұндай 41 жол апаты тіркеліп, бір кісі көз жұмған.
Осы мәліметтерге қарасақ, биліктің мопед пен электросамокатты жол ережесі мен Жол қозғалысы туралы заңға қосқаны орынды болған сияқты. Талапты осылай күшейту қажет. Әйтпесе, мұндай шағын көліктерге кәмелет жасына толмаған жеткіншектер де мініп, жол бойында ойқастап жүр…