Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Кілемді жабын» жобасы бойынша жиын болып өтті. Аталмыш шараға аудан әкімі, прокурор, мәслихат төрағасы мен учаскелік полиция инспекторлары, ауыл билері және кәсіпкерлер қатысты.
Басқосуда аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мен алдағы жоспарлар жайында айтып өтіп, туған жерді көркейту-көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға бірлесе атсалысу керектігін жеткізді.
Сондай-ақ полиция бастығының міндетін атқарушы Қ.Сатыбалдиев аудан тұрғындарына акциясы барысында тазалықты сақтауға шақырып, кәсіптік мекемелердегі бейнебақылау камераларын «Кілемді жабын» жедел басқару орталығына біріктірген жағдайда кәсіпкерге қосымша қауіпсіздігі күшейтілетіндігін ескертіп, тазалық жұмыстарына тек мекеме, кәсіпорын ұжымдары ғана емес барлық аудан тұрғындары мен кәсіпкерлер өз аулаларынан бастап атсалысу қажет екендігін айтты.
“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы Қазығұрт ауданында жалғасын тапты. Яғни полицейлер әрбір тұрғын өз ауласы мен айнала төңірегіне жанашырлықпен қарап, көркейтуге, көріктендіруге үлес қосуы қажет деген ұранмен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шарада полиция бастығы Алмас Серікбаев бастаған жеке құрам мен ұйым қызметкерлерімен бірге республикалық акцияның бағыты бойынша аудан көшелерін тазартуға шықты.
Шарада аудан тұрғындарын, қоғамдық мекеме, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлерін өз аула аумақтарын тазартуға шақырған акция барысында біршама шаруа атқарылып, олқылықтар реттелді.
«Кілемді жабын» жобасы — өңірлік жедел басқару орталықтарының бейнебақылау жүйесіне, бөгде бейнекамераларды біріктіру арқылы кәсіпкерлік нысандарда терроризмге қарсы қорғалуды, жаппай тәртіпсіздіктер мен қоғамдық құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз етуші жоба болып табылады. Егер де кәсіптік мекемелердегі бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығымен біріктірген жағдайда, кәсіпкерлердің де қосымша қауіпсіздігі күшейтілетін болады.
Ал, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері мен ғалымдар да атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтіп тұрады.