Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ЖАТ АҒЫМ – ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

ЖАТ АҒЫМ – ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Қазығұрт ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен “Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» мақсатында 02.08.2024ж. аудан көлемінде ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізілді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Стратегиялық талдау және даму бөлімі» басшысы Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков және Түркістан облысы Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оразалыұлы Оспановтың қатысуымен аудандық «Өнер» мектебінде кездесу өткізілді. Кездесу барысында аудан тұрғындары көкейтесті сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Содан соң, Тұрбат ауыл округінде орналасқан “Ысмайыл ата” мешітінде Смайыл Сүйерқұлұлы, Қызылқия ауыл округінде орналасқан “Қызылқия” мешітінде Арыстан Оразалыұлы жұма уағызын оқып өтті. Жұма уағызынан кейін жамағат тарапынан қонақтарға деген ырзашылығы мен алғысы білдірілді.

Жалпы, экстремизм мен терроризм түрлі идео­логиялық және саяси доктриналарды, он­ың ішінде діннің атын жамылып әрекет ететіндігін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан біз терроризмммен күресеміз деп, Исламмен күресіп кетуден сақ болуымыз керек. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастырған жөн. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет» деген сөздерін басшылыққа ала отырып, пәрменді іс-шараларды атқару қажет. Иә, бұл істе жұмыла жұмыс атқару өте маңызды. Аталарымыз айтқандай, «Дін ұстана білсең – қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің!» Дін ғұламалары да «Дін дегеніміз – қылыш сияқты өткір нәрсе, ұстай алмасаң өз қолыңды кесесің» деп ескертіп кеткен.

Діни экстремизмнің Қазақстанда орын алуы қылмыстық сипат алуымен ерекшеленеді. Бүгінде Қазақстан Республикасы аумағында діни экстремизммен күрес қарқынды жүруде. Діни экстремизмнің алдын алуда бұдан басқа да мына жағдайда жұмыс жасауымыз қажет: мешіттер жанындағы діни сауат ашу курсының жұмыстарын жетілдіру, жастармен кездесулер жиі өткізіп, әсіре діншіл ағымдардың іс-әрекеттерін әшкерелеп отыру, исламның ғылыми-ағарту бағытына серпін беру, жастарға ұлттық менталитет пен мәдениетті дәріптеу, ақпараттық түсіндіру топтары жұмыстарының сапасын арттыру, болашақ исламтану, дінтанушы мамандарды жекелеген діни ағымдарды ғылыми-зерттеуге, мамандануға бағыттау және т.б.

Қазіргі кезеңде экстремизмнің пайда болуының негізгі факторлары ретінде эксперттер мыналарды ұсынады: әлеуметтік экономикалық тоқырау; жергілікті тұрғындардың көп бөлігінің өмір сұру деңгейінің кұрт түсуі; мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси институттардың деформациясы; олардың қоғамдық дамудың пісіп тұрған мәселелерін шешуге қабілеті жетпеу; саяси режимнің тоталитарлық сипат алуы; биліктегілердің оппозицияны басып тастауы; еркін, жаңаша ойлауды қуғындау; ұлттық қанау; жеке топтардың өз міндеттерін шешуін жеделдетуі; лидерлердің саяси амбициялары және т.б

Қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы қатаң әрі дәйекті қарсы тұру қаралды.

Деструктивті діни ағымдардың белгілері

  1.   Діннің, діни қағидалардың ерекшеліктері туралы идеялардың болуы;
  2. Зайырлы тәртіпті, оның ішінде заңдарды, билік және басқару органдарын мойындамайтын ұйғарымдардың болуы;
  3. Діни алауыздық немесе араздық тудыратын, қауіпсіздікке, өмірге, денсаулыққа, адамгершілікке немесе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін  ұйғарымдардың болуы;
  4. Діни догмалардың ғылыми түсіндірмесін мойындамау, мазхабтарды  теріске шығару, оның ішінде Орталық Азия мұсылмандары үшін дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабын сыни түрде қабылдамау;
  5. Адамдарды шынайы діндар, діннен безгендер немесе адасқандар деп бөлу;
  6. Халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын мойындамау, оларды ұстанудан үзілді-кесілді түрде бас тартуға шақыру;
  7. Діндарлардың мәдени-бұқаралық іс-шараларға баруын, теледидар, әсіресе ойын-сауық және музыкалық бағдарламалар мен хабарларды қарауын шектеу;
  8. Әйелдердің киім үлгісін таңдау еркіндігін шектеу немесе әйелдерді, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды анық көрінетін діни киімді немесе басқа елдер мен халықтарға тән киімді киюге мәжбүрлеу;
  9. Тек діни талаптар мен рәсімдер бойынша некеге тұру және некені бұзу ұйғарымы;
  10. Ұлттық тілге және мәдениетке нұқсан келтіретін өзгеше сөйлемдерді, сөздерді, сленгтерді қолдану ұйғарымы;
  11. Ұлттық дәстүрлерге, мәдениетке және қазіргі заманғы талаптарға нұқсан келтіретін өзгеше түрге ие болу және өзгеше киім кию ұйғарымы:

Ер адамдар үшін:

— күтім көрмеген, бей-берекет өсірілген сақал. Мұрт қырып тасталады;

-тобықтан төмен түспейтін, кең пішімді қысқартылған шалбар (дене пішінін анық көрсететін киім үлгісіне тыйым салынады).

Әйел адамдар үшін:

— Денені толығымен немесе толық дерлік жабатын кең үлгідегі киім (паранджа, бурка, чадра, химар, хиджаб). Көбінесе қара түсті немесе басқа да қараға жақын түстер (қара-қоңыр, қара-көк, сұр).

Бүгінде деструктивті діни ағымдар мен секталар ғаламторды пайдаланудың қас шеберіне айналды. Олардың басты ерекшелігі адамның психо-физиологиялық болмысын жақсы меңгергендігінде. Осы білімдерін теріс мақсатта пайдаланып, кісінің әлсіз тұстарын, не нәрседен әсерленетінін анықтайды. Нысанаға алынған адамның жан дүниесіне бойлай еніп, оны кереғар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады.

Діни сауаты төмен адамдарды арбаудың бір құралы ғаламтор бетінде түрліше пәтуа беру болып отыр. Теріс пәтуалар адамдарды экстремизмге итермелейтін күшке ие, себебі, діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал.

Деструктивті діни ағымның өкілдері, яғни миссионерлер өз нанымдарын таратуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Мәселен заң аясында тіркеліп, жария жұмыс атқарған сияқты көрінгенімен, көп шаруасын астарлы түрде істейді. Заман талабына  сай QR-код арқылы өз жақтастарының қатарын арттыруда. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, білімсіздік, теріс ақпарат – жастардың радикалдық ағымдарға өтіп кетуіне себепші болады. Сондықтан құқық қорғау органдарының мамандары көшеде тегін таратылатын материалдарды алмауға кеңес береді. Діни әдебиет сатуға рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ сауда орындарында сатылатын кітаптарды (сараптамадан өтпеген) алмаған жөн.

Жалпы айтқанда, елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын жат ағымдардан барынша сақтану қажет. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтау арқылы да, жастарды дұрыс жолдан жыра кеткен ағымдардан құтқарып қалу жолындағы бір тәсіл болып табылады. Ел бірлігi мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтiретін діни ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*