Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ»

«ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ»

«Діни сауаттылық — қоғам қауіпсіздігі» тақырыбында Сайрам ауданының жастары, ұрыс-қимыл ардагерлері, спорт саласының қызметкерлері мен мешіт имамдары арасында семинар-кездесулер ұйымдастырылды. Жиынға Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Тұрсынғали Төреғалиұлы және аудандық Ішкі Саясат Бөлімінің маманы Молдияр Бахтиярұлы қатысты.
Іс-шараның мақсаты – аудан активтері мен дін қызметкерлері арасында жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру, ақпараттық түсіндірме жұмыстары арқылы халқымыздың діни ағымдар мен секталардың жетегінде кетуден сақтандыру болып саналады.
Кездесу барысында жалпы 150-ге жуық қатысушылар тарапынан тақырыпқа байланысты ой-пікірлер ортаға салынды. Сондай-ақ, бірқатар сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Еліміздегі исламдық бағыттағы деструктивті ағымдарға негізінен салафилік идеямен қаруланған діни топтар жатады. Салафилік діни ағымдардың идеясы бір боғанымен, насиқат алаңындағы әдіс-тәсілдері әртекті және олар жағымсыз салдарларының басымдығымен ерекшеленеді. Жалпы, салафилік ағым авторитеттерінің шығарған постулаттарын басшылыққа алып өмір сүретін индивидтерді қазір қоғамның барлық саласынан кездестіре аламыз. Әсіресе, болашағымыз саналатын жас буын өкілдерінің  салафизммен улануы, еліміз үшін бұл мәселенің салдарының ауыр болатынын көрсетеді. Салафилік ағым өкілдері теологияда антропоморфистік  түсініктерді насиқаттайды. Сондай-ақ, шариғат заңдарымен үкім шығармайтын лидерлер мен оған мойынсұнған елді кәпірге деп есептейді. Әрбір халықтың дәстүрлі құндылықтарын басы бүтін жоққа шығарады Салафилердің бұл насиқаты әһлу сунна сеніміне, яғни қазақ халқының мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі ханафи мәзһабының құндылықтарына қарама-қайшы келеді.

Жоғарыда атап көрсеткен ағымдардың ішіндегі «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Лашкар-е-Тайба», «Джунд-аль-Халифат», «ДАЙШ», «Ан-Нуссра» секілді ұйымдар салафилік идеяның асқынған – экстермистік және террорлық санатына жатады. Ал, салафиліктің бүгінгі заман талаптарына бейімделген әрі зайырлы заңдарға сиымды болып көрінетін Александрия және мадхалия секілді тармақтарын деструктивті діни ағымдарға жатқызсақ болады. Себебі, салафиліктің бұл тармақтарының іс-әрекеттерінен дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығару белгілері анық көрініс береді. Александрия және мадхалия тармақтары сырттай қарағанда зайырлы мемлекеттің заңдарын мойындайтын секілді көрінгенмен, олар өз іштерінде кез-келген исламдық емес қоғамнан оқшаулануды насиқаттайды. Сонымен бірге, Александрия және мадхалия тармақтары өздерінің насихат жұмыстары кезінде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сынауда ерекше құлшыныс танытады. Ұлттық рухани тарихты жоққа шығара отырып, қазақстандық қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді. Яғни, Александрия және мадхалия тармақтарын аса қауіпі деструктивті ағымдар деп айтуымызға толық негіз бар.

Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Заманымыз түлкі болса, әріптестеріміз тазы болып шалуға әзір тұруы керек. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, қан мен жансыз ұлт тірі өмір сүре алмайды. Яғни, ұлтымыз тірі болсын десек дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев осы мәселелер бойынша былай дейді.

«Қазақ халқы дінді ұстануда байыпты болуымен ерекшеленген халық. Ұлттық болмысымызда дін мен салт-сана өзара үйлесім тауып сабақтасқан. Ұлттық болмысымызды білмейінше, халықтың мәдениет тұтастығын қалыптастыру құндылықтар рөлін анықтай алмаймыз. Қазақстанның ерекшелігі көп этностық, көп тілді және көп конфессионалды болғандықтан, бүкіл посткеңестік елдері сияқты, исламмен қатар басқа діндер де жаңғырып дамуда. Cондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауына негіз бола отырып, «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі» діни конфессиялар арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себеп болады.

Елімізде өз жұмыстарын іске асырып отырған діни ағымдар екі негізден тұрады:

  1. Ислам   кұрамында,   мұсылман   қауымдарда  пайда  болған діни-философиялық, саяси ағымдар.
  2. Христиандық     ілімнен     бастау     алатын,   харизматикалық кейбір діни сипаттағы ағымдар.

Діни ұйымға немесе бірлестікке мүше болып кірген азаматтар үшін қоғам бұдан былай «біз» және «басқалар» болып шыға келеді. «Біз» дегені өзімен пікірлес ұйым мүшелері, ал «басқалар» дегені сіз бен біз, яғни олардың идеологиясын қолдамайтын өз еліміздің азаматтары. Сондықтан олар мемлекет идеологиясына, бірлік саясатына қарсы. Осыншама уақытқа дейін қазақ елінің жерінде өсіп-өніп, білім алып, кәсіп қылып, асын ішіп, нанын жеп келген азамат бүгінде жат елдің, теріс ағымның күйін күйіттеп шыға келеді. Мұндай сипаттағы адамдарға  «Асыңды ішейін, ыдысыңды тебейін» деп бекер айтпаса керек. Бұл айтылған жағдай барлық дерлік деструктивті, жат пиғылды ағымдар үшін ортақ белгілер. Шын мәнінде сырттан келген келімсек бір ағым, жат идеология бір елдің көркеуюіне, қоғам өмірінің жақсаруына жаны ашып, қаншалықты көмек берері анық? Егер олар расында да адамдарды жарылқайтын болса, неге өз мемлекеттерінде іске асырмайды? Олардың экономикалары жетілген, қоғам мүшелері рухани кемелді ме? Материалдық және рухани жәрдемге мұқтаж адам қалмаған ба? Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда теріс ағымның жетегінде кеткен қаншама отбасы мүшелері бар.

Сол себепте қазіргі уақытта алаңдататын жайт, мектеп оқушылары мен студент жастарымыз жат ағымның қармағына тез ілініп, соның салдарынан ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына қарсы шығуы. Сол үшін ата-ана балаға ұлттық болмысы мен құндылықтарға дұрыс бағыт беру қажет. Ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы мүмкін.

«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деп бекер айтпаған.  Ғибратты сөз, ақыл айтатын адам өмірді көрген жасамыс, білімді, ой-өрісі де биік қариялар мектебін дамыту қажет. Анасының құрсағынан шықпай жатып уағыз, ақыл айтушылар көп. Ер не әйел демей, екінің бірі ертелі-кеш сарнай берсек, ұлттық иммунитетіміздің қасиеті кетеді.

«Жат ағымдардың қоғамға тигізетін зияндарының» өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:

—  әлеуметтік тұрғыдан өзара көмек және қолдау көрсету;

— кішіпейілділік және тәуелсіздік сияқты құндылықтарды қолдай отырып, өз көзқарастары мен идеологияларын таратуға тырысу;

— кез келген жердегі мұқтаждық, жұмыссыздық, сауатсыздық және панасыздық сияқты әлеуметтік және экономикалық проблемаларды пайдалану;

— осы жердегі халықтардың, басынан кешіріп отырған қиын жағдайларды пайдалана отырып, өз қатарларына тартуға тырысу;

—  әлеуметтік жағдайы нашар, ұлттық және рухани құндылықтарынан бейхабар жастарды өздері үшін мақсатты түрде миссионерлерге айналдыру;

— мемлекеттік төңкеріс, қайта құрулар болып жатқан елдерде жан-жақты ұйымдасу жұмыстарын жүргізу.

Тағы олардың келтірер зияндары біріншіден, олар тарататын ілім ең соңғы ақиқат деп есептеледі, кез келген аймақта «руханилықты» (өз діндерін) таратуды талап етеді, дәстүрлі діндерге және әр елдің ұлттық-рухани құндылықтарына агрессиялық төзімсіздік немесе немқұрайлы қарым-қатынас жасауы. Екіншіден, сырттай өнегелі, ең мейрімді болып, өздеріне тартатын атпен көзге түседі. Олар өздерінің шынайы мақсаттарын, қызметтерінің нәтижесін жасырын ұстауы. Үшіншіден, дәстүрлі діндердің киелі кітаптарын мақсатты түрде бұрмалап, оларды өз догматтары ретінде қолдануы. Төртіншіден, «психотехнология» әдісін қолдану және өз мүшелерін басқа мәлімет көзінен қиып тастау. Содан соң әр адам сектаға жаңа мүше жинауға міндеттеледі».

Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі таңда біздің елдегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті діни идеологиялардың таралуы болып отыр. Ең алдымен «деструктивті» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Деструктивті діни ағымдар азаматтардың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар.

Деструктивті діни ағымдар негізінен материалдық тұрғыда шегіне жеткен, бірақ рухани тұрғыдан әлсіреген қоғамынан шығуда. Олардың пайда болу шарттары да күрделі. Материалдық жағынан дамыған қоғамның әсіресе студент жастар, зиялы  қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары және қарапайым көпшілік арасында теріс діни ағымдардың жаппай таралуына және етек алуына қоғамдағы әлеуметтік психологиялық мәселелер де әсер етті. Күнделікті өмірлерінен мезі болған олар, бақытты материалдық құндылықтардан емес, керісінше рухани құндылықтардан іздейді.

Мұндай діни ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық және физикалық жағдайына қауіпті болып келеді. Сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын, жалпы қоғамға қауіпті болып табылады. Деструктивті діни ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның  немесе адамдар тобының басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкі мақсаты — адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*