Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Медиация рәсімі туралы білеміз бе?

Медиация рәсімі туралы білеміз бе?

ҚР «Медиация туралы» Заңы 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданып, тамыз айының 5-нен күшіне енгені белгілі. Осылайша еліміздің заң жүйесіне өзгеріс енгізіліп, екі жақты дауды (дау-шарды) шешудің тағы бір тиімді жолы айқындалды.
Медиация (бітімгершілік) – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын және олар өзара қолайлы шешімге қол жетулері үшін медиатордың (бітімгердің) жәрдемдесуімен дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.
Медиация тәртібі заңнамаға сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар мен лауазымды адамдар қатысатын еңбек, азаматтық, отбасылық, әкімшілік-құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық, оның ішінде этносаралық қарым-қатынастардан туындайтын, сондай-ақ, әкімшілік-құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда қолданылады.
Медиация қызметінің мәні мен мақсаттары мынадай:
а) дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапында қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу;
б) тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Медиацияның соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы мынада:
біріншіден, медиация – еркін процесс. Рәсім сипаты жағынан – жария емес процесс. Онда тараптар дауды қарайтын тұлғаны, яғни медиаторды (бітімгерді) өздері таңдай алады;
екіншіден, соттың талап шеңберінен шығуға құқы жоқ. Ал, медиация рәсімінде тараптар талапкердің талабын қанағаттандыру тәсілі туралы келісімге келуге құқылы. Сонымен қатар, сотта шешім құқық пен заң нормалары негізінде қабылданса, ал, медиация рәсімінде шешім талаптардың өз мүдделерінің жарасымы негізінде қабылданады.
Медиацияның ұстанымдары:
— тараптардың еріктілігі;
— тараптардың тең құқылығы;
— медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы;
— медиацияның рәсіміне араласуға жол берілмеуі;
— құпиялылықтың сақталуы, яғни дауды шешу барысында анықталған мәліметтер жария етілмейтіндігі.
Медиацияның артықшылықтары:
1) Сотта дауды шешу нәтижесінде, әлбетте, бір тарап жеңеді, екінші тарап жеңіледі, яғни бір жақты қанағаттандыру жөнінде шешім шығарылады. Шешімге екі жақтың да көңілі толмай қалатын кездер де болады. Ал, медиация рәсімінде екі жақты да қанағаттандыратын шешім қабылданады деген сенім деңгейі жоғары. Тараптар дауды (дау-шарды) шешуде бітімгершілікке келіп, алдын-ала өздері ойлап болжағандай, екі жаққа да жағымды, тиімді қорытынды ала алады.
2) Дауды шешу бойынша шығындар болатыны баршаға мәлім. Мысалы, сот өндірісіндегі іс жүргізу шығындары тараптар үшін: мемлекеттік алым төлеу; адвокаттық қызметті, өкілдің қызметін төлеу; сараптама жүргізу бойынша шығындарды өтеу; т.б. Ал, медиацияда тараптардың қаражаты үнемделеді. Олардың шығыны медиатордың сыйақысы, кейбір кездері жұмыспен жол жүруіне  және пәтерге байланысты шығындармен ғана шектеледі. Соттың қарауындағы азаматтық іс бойынша тараптар өзара медиация тәртібімен татуласқан жағдайда істі қарауға төленген шығындар қайтарылады.
3) Сонымен қатар, уақыттың үнемделуі. Сот өндірісінде істі қарау, бірінші сатыдағы сот, апеллияциялық, кассациялық, қадағалау сот алқаларын қосқанда, біраз уақытқа созылатыны белгілі. Ал, медиация процесі жылдам жүргізіледі. Барлығы екі тараптың өзара тез келісімге келуіне байланысты.
Медиацияның тиімділігі:
1) Сот процесі іс жүргізу ережесін қатаң сақтай отырып, тараптардың бәсекелестігі тұрғысында жүргізіледі.
Ал, медиациядағы тараптардың қарым-қатынасы өзгеше болмақ. Оған ынтымақтастық, психологиялық жайлылық, қолайлылық сипаты тән.
2) Сотта дауды қарап-шешу барысында тартыс шиеленісіп кетуі, тіпті жаңа даудың туындауына соқтыруы да мүмкін.
Ал, медиация рәсімінде бір тараптың екінші тараппен жақсы қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндігі бар.
3) Сот қабылдаған шешімді орындау рәсімі оңайлықпен жүрмейтіні анық. Ал, медиация нәтижесінде қабылданған шешімнің орындалу деңгейі «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей жоғары болады.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан облыстық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*