Біздің қазақ халқының- мұсылман, діні- ислам екендігін үнемі Президентіміз биік мінбелерде айтып жүр. Сан ғасырлар бойы исламдық жолды ұстанған ата-бабаларымыз осы дінге лайықтап өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін қалыптастырған, әрі оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған. Өкінішке орай, кешегі «қызыл империя» ата-бабаларымыз қасиеттеген, түпкі табиғи болмысына айналдырған ислам дінін мансұқтап, алтын діңгегінен ажыратып, ұрпақтарын мәңгүрт ете жаздады. Қазір тәуелсіздігіміз өз қолымызда, егеменді елміз. Халқымыз ислам дінімен қайта қауышып, көпшілік имандылыққа бой ұруда. Бұл қуанатын жағдай.
Қазіргі жаһандану дәуірінде «бәле қайда, бассаң аяқ астында» дегендей, бізді сақтануға шақыратын мәселелер жетерлік. Еліміздегі экономикалық қиындықтар көптеген келеңсіз жайттердің бой көтеруіне жол ашып берді.
Біздің қазақ сан ғасырлар бойы ислам дінінің «Имам Ағзам» деп аталатын Ханифилік жолын ғана ұстанып келген. Бұл жол нағыз демократиялық, суниттік жол. Ханифилер өзінің көнімпаздығымен, ізгілікті сипаттарымен ерекшеленеді. Мұны жақсы біле білген ата-бабаларымыз осы ағымды 8 ғасырдан бері нық ұстап, арасына жік түсірмей келген еді. Көрші елдерге көз салсақ, көпұлтты Ресейде зайырлы мемлекет бола тұра, заңдарында ежелден келе жатқан христиан дінін құрметтеп, оған басымдылық беретінін айдан анық жазып көрсетеді. Атамыз қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіру, мектепте де жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда.
Қазақ баласын тәрбиелеуде имани жолдың негізін ұстанған. Әр нәрсенің обал, сауабын айтып, адал мен арамның аражігін ашып көрсете білген. Міне, тектіліктің бастауы қанымыздың тазалығынан болса, тәрбиеміздің түбі діннің құндылығы мен қасиеттілігінен болса керек. Сөзімнің дәйегі болуы үшін бірер мысал келтіре кетейін:
— біріншіден, ата-бабаларымыз кез келген іс-әрекет, ой-ниетті адал-арамға, жақсы-жаманға, обал-сауапқа, дұрыс-бұрысқа бөлген. Бірін—жақсы, екіншісін—күнә дейді. Күнә нәрселер адам баласына зиян келтіреді. Сондықтан да, ондай іс-әрекеттер қылмыс, жөнсіз жасалып, кез келген қоғам мүшесі ондай әрекеттерден аулақ жүрген;
— екіншіден, күнә жасаушылар болмауын қоғамның өзі қадағалап, бола қалған жағдайда оның шығу себебін анықтап, оның жайылып кетпеу жағы қарастырылады;
— үшіншіден, күнә жасаушы міндетті түрде жазасын тартуы, жасаған күнәсіна өкініш білдіруі, екінші рет істемеуге шешім қабылдауы және қылмыс пен күнәнің кешірілуі кезде тұтылады;
— төртіншіден, мұны жүзеге асырушы билер, ақсақалдар және билік басындағылар жақсы біліп қана қоймай, оларды жаман жолдан қайтарып, имандылыққа жетелеген;
— бесіншіден, кез келген қылмысты іс, дау-дамай жариялы түрде, халық алдында өткен. Сөйтіп, жазаның әділдігі өзгелер алдында анықталып, оның үстіне өзгелерге сабақ, үлгі (сот шешімдері) болған. Ал, қазір бізде осы қағида сақталған ба? Діні мықты, осы принциптерді берік ұстанған мұсылман елдерінде түрмелер бос, қаңырап тұр. Айтылған кінараттар нәтижесінде республикамызда түрмелердің толы болуы, біздерде салауаттық пен имандылықтың жоқтығын көрсетеді. Елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар нәтижелі болуы—имандылық пен әділеттілікте жатыр. Ал, имандылық пен әділеттілік тек ислам діні мен ата-бабаларымыздың біздерге қасиеттеп қалдырған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің мәні мен мағынасында. Келісетін боларсыз?
Қазақстандағы діни ахуалды бақылап барлаушы арнайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бар. 1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Басқарманың тұңғыш төрағасы, Бас мүфтиі Рәтбек Нысанбаев болды. Қазақстан мұсылмандарының жұмысына басшылық жасап, оның жұмысын жүргізетін Бас мүфти басшылық ететін атқарушы орган ҚМДБ аппараты – мүфтият. ТМДБ -ның 2000 ж. өткен ІІІ құрылтайда төрағасы, Бас мүфтиі болып, профессор Әбсаттар Дербісәлі сайланды. Ол — біздің Түлкібас ауданының тумасы, Шақпақ баба елді мекенінің азаматы болған. 2013 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс өткен VII құрылтайында Маямеров Ержан Малғажыұлы Бас мүфти болса, 2017 жылдың 8 желтоқсанынан бастап Серікбай Сатыбалдыұлы Ораз Бас мүфти болып тағайындалған. Жалпы, Қазақстанда 2769 мешіт орналасқан. Еліміз бойынша ең көп мешіт тіркелген Түркістан облысы 753 мешіт болса, ең аз мешіті бар қала Нұр Сұлтан қаласы екен. Онда 13-ақ мешіт тіркеліпті. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарамасы бойынша, Қазақстандағы орталық мешіт 2022 жылы 12 тамыз айында түрік азаматы Али Тамириджидің қолдауымен Орта Азиядағы мешіт салды. Мешіттің аты Республикалық Бас мешіт. Ал осы уақытқа дейін орталық мешіт — Әзірет Сұлтан болған.
Өзге өңірлерді айтпас бұрын, аудандағы мешіттер хәлін сараптасақ. Түлкібас ауданы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары болып әділет органдарынан тіркеуден өткен 50 мешіт бар. Исламдық емес бағыттағы 4 діни бірлестіктің ішінде 2 — православтық бағыттағы және 2- інжіл-христиандық бағыттағы діни бірлестіктер бар. Барлық мешіттер мен діни бірлестіктер әділет органдарынан тіркеуден өткзілген және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ауданда имамдар бар мешіттер саны – 43-ті құрайды. Ұстаздар саны – 6. Азаншы – 1. Жоғарғы білімді имамдар саны — 5. Арнаулы орта білімі бар имамдар саны — 25. Арнайы курстан өткен имамдар саны — 13. Мешіттердің сыйымдылығы бойынша 2000 адамға дейінгі жамағатпен толыға алатын 1 мешіт, 500 адамға дейінгі 5 мешіт, 200 адамға дейінгі 25 мешіт, 100 адамға дейінгі 19 мешіт бар.
Ауылдағы мешіт молдалары мен олардың жай күйін білу үшін аудандық орталық мешіттің уақытша міндетін атқарып отырған Кәрім имамға хабарласып, біраз әңгімеге тартып көрдім.
-Мешіттер мен ондағы имамдардың жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Өйткені, өзіңіз де білесіз оларға арнайы есеппен айлық төленбейді. Барлығы дін жолында жүргендіктен Алланың разылығы үшін жақсылық жасауға асығады. Енді ауыл болғандықтан, құран бағыштайтындар, адам болғандықтан жаназа дегендей болатыны ақиқат. Осы дүниелерден де молдаларға тиын тебендер беріліп жатады. Кемі 10000, 5000 теңгені құрайды. Мұның өзі молданың еңбегі болса керек. Бізде қарап отырсам, ауыл имамдарының көбі зейнет жасындағы кісілер. Немесе олардың айналысып отырған, табыс түсіп жатқан кәсібі бар азаматтар. 30-35 жас аралығындағы 6 имам бар. Ең жас имамдар деп саналып отыр. Жалпы, жастардың дінге деген көзқарасы көңіл тоятындай хәлде. 80 пайыз жастар қазір жұма намазына келіп, жамағаттың қатарында отырады. Бұл біздің асыл дініміздің салтанат құруының дәлелі деп білемін. Орта жас, егде жастағы кісілерде ғана кішкене көзқарас басқаша. Ал, жастардың дінге деген құрметі ерекше. Мешіт салып, құрылысына көмек беріп жатқан демеушілердің дені жастар. Ауыл молдаларына көмек беріп, қолдау танытып жатқан да жастар. Демек, біздің жастардың беталысы жаман емес. Адалдық пен жүректегі иман барда әр күніміз берекелі әрі қауіпсіз өтері анық. Сол себепті жастарды бесіктен бастап діннің қадірі мен қасиетін ұқтырып, тәрбиелегеніміз абзал,- деп жауап берді.
Олар айлық алмаса, мемлекет тарапынан ешқандай қаржы-қаражат, көмек берілмесе әр ауылдың құранын бағыштап, азанын шақырып, жұртты ғибадат жасауға, адал жолға бағыттап жүрген имам молдалар отбасын қалай асырайды деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Міне, осы сұрақтың жауабын іздеп, аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі имамдарға хабарласып, анықтап едік. Олар бүй дейді.
Түлкібас ауданында 18 — ақ отбасы бар шағын ауыл бар. Иірсу деп аталатын ауылдың аты біраз адамға таныс шығар. Онда малдың бабын жасайтын нағыз еңбек адамдары тұрады. Шағын ғана түтіні болғанымен, иманы берік ауылда тәп-тәуір мешіт бой көтерген. «Дауылбай ата» деп аталатын мешітте 1 жылдан аса молда болып жұміс істейтін Хоржаназаров Майрамбек бүгінде ауылдың сүйікті әрі сыйлы молдасы. Ол Сарыағаш Медресесінде білім алып, діни сауаттылығын Нұр Мубарак университетінде оқыған ұстаздардан тәлім алып толықтырған. Ол Түлкібас кентінен Иірсу ауылына қатынап жұмыс істеуге мәжбүр болған. Соны ескерген ауыл азаматтары мен «Дауылбай ата» ұрпақтары мешіт жанынан үй құрылысын аяқтап, жақын күндері ауыл молдасына табыстамақ. Міне, ауыл азаматтары мен демеуші ағалардың мәрттігі, жомарттығы.
-Ислам діні-асыл дін. Түсінген адамға, түсіне білген адамға ең таза жол, ең адал жол, осы дінімізде. 1 жылдан астам уақыт Иірсу ауылында молда болып келем. Халқының саны аз болса да, санасының биіктігі мені қатты қуантады. Арамдықтан ада, бір-біріне адал, жамандық жасап, аяқтан шалу ауыл азаматтарына өте жат қылық. Мұның өзі азаматтардың иманының беріктігі деп білемін. Ішіп, сасып, бұрыш бұрышта жату, әйел бала-шағасын үйден қуып, қол көтеру біздің тұрғындар үшін ұят тірлік. Адалды біліп, арамнан бойын алыс ұстау біздің тұрғындардың ұстанымы. Еліміз зайырлы болғандықтан, біздің еңбегіміз үшін мемлекет қаржы бөлмейді. Бала-шаға отбасы ер азамат ретінде бізге міндеттелген соң, оларды асырау да мейлінше біздің жауапкершілігімізде. Сондай еңбекті елеп, ауыл азаматтары ай сайын 70 мың көлемінде еңбекақы төлеп отырады. Оның өзі береке. Одан бөлек кәсібім де бар. Аллаға шүкір, жоқ деуден аулақпыз. Алла 5 тиын берсе де берекесімен нәсіп қылса, бәрі алшысынан түседі. Миллиондап қаржы тапсаң да берекесі болмаса, тапқан табысыңның қомақтылығынан не пайда? Қосымша жаз маусымдарында ауыл балаларына құран оқытып, білгеніммен бөлісемін. Біздің мешіттің су, жылуына, жарық шамына арнайы садақа жәшігіне түскен қаржыдан төлейміз. Ондағы қаржы айына 4000-5000 теңгені құрап тұрады. Міне, жұмыс осы. Бастысы, жастардың дінге деген көзқарасы керемет. Осы қуантады. Қалғанының бәрі Алланың еншісінде, — деп жауап берді Иірсу ауылының «Дауылбай ата» мешітінің имамы Майрамбек Хоржаназаров.
18-ақ түтіні бар шағын ауылдың хәлі осындай болса, өзге ауылдардағы жағдай мұнанда керемет деп білеміз. Бастысы қолдау, сенім, бауырмалдық.
Түлкібас ауданының шығыс қақпасында орналасқан Шақпақ баба ауылында «Имам Ағзам» мешіті бар. Оның имамы Эльдар Бейсенбаев. 5 жылдай ауылдың молдасы болып халықпен жұмыс істеп келеді.
-Молда — халықтың адамы. Халықпен бірігіп қуанышын да, қайғысында бөліседі. Қажет жерде ақыл айтып, жол көрсетіп отырады. Біздің Шақпақ баба ауылы өте ынтымағы жарасқан ауыл. Ауызбіршілігі бір төбе. Ауыл ақсақалдары Тұдықұл Айтжанов бастаған ардагерлермен бірігіп, тамаша жұмыстарды бірге атқарамыз. Қай істі бастасақ та бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халықтың мүддесі үшін игі амалдарды атқарып келеміз. Ауыл тұрғындары даулы мәселемен, отбасылық түйінді мәселелермен, ішкілікке салыну сынды жағымсыз әдеттермен арылу үшін бізге келеді. Дем салып, имандылықтың бастауымен ақыл айтып, түрлі уағыздармен мысал келтіреміз. Ауылдың жастарының дінге деген көзқарасы өте жоғары. Жұма намазда жамағат толы боламыз. Сыртта да азаматтар қатарласа отырады. Күре жолдың бойы болғандықтан бізге келушілер де өте көп. Намаз оқып, тынығу үшін Алланың үйін пана көреді. Қашанда көмек беруге, барымызды бөліп беруге тырысамыз. Ауыл мешітінің жанынан 4 жыл бұрын медресе негізінде сауат ашу мектебі бой көтерді. Ауыл ақсақалдарымен бірігіп ғимараттың атын ауылымыздың мақтанышы, асыл дінімізді насихаттаушы Наурызбай Тағанұлының атын бермек ойдамыз. Алла бұйыртып, жобамыз іске асып жатса, қолдау көріп жатса, нұр үстіне нұр. Жалпы молдалардың, имамдардың асыраушысы халық. Оны бәрі біледі. Аллаға аян нәрсені адамнан жасыру мүмкін емес,- дейді «Имам Ағзам» мешітінің имамы Ильдар мырза.
Түлкібас өңірін Шер ағаң «Тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған мекен» деп дөп басып, теңеу білдіріп кеткен. Бұл жердің топырағыың киесі болса керек, ғалым да, ақын да, сазгер мен әнші де, жазушы мен айтыскер де, биші мен күй ші де туған. Өнерлілер мен данышпан ғалымдардан бөлек, ислам дінін берік ұстанған білімі жоғары дана ұстаздар да туған. Олардың бірегейі Наурызбай Тағанұлы Өтпенов. Астана қаласындағы халық ең көп шоғырланған Сарыарқа ауданына қарасты «Раиса ана» мешітінің бас имамы, ұстаз Қалижан Байырбекұлы Занқоев, ол Түлкібас ауданы, Алғабас ауылында туған. Ең алғашқы діни білімін Өзбекстан Республикасының Андижан қаласындағы «Саид Мухиддин Махдум» медресесінде «Имам Хатиб» мамандығы бойынша алады. Білімін бірнеше жерде жетілдіп, ЖОО-да ұстаздық еткен жерлесіміз 2006 жылы туған жері Алғабас ауылында мешіт тұрғызады. Одан кейінгі жерлесіміз Шымкент қаласындағы орталық «Мәстура қажы» мешітінің имамы Абсаматов Мұхтар Сардарбекұлы. Шымкент медресе колледжінің директоры Талғат Әсембай ұстаз да біздің текті Түлкібастың перзенті.
Бұл тек біз білетін есімдер ғана. Білмейтініміз қаншама. Жақсылық жасау үшін әлде бір білімнің немесе жол көрсетудің қажеті жоқ. Тек жүректе иман болса, жеткілікті. Осы алдыңғы ағалардан, білім үйретуші һәм жол көрсетуші ұстаз, ғалымдардан білім мен тәлімді қатар алсақ, діннің де, елдің де болашағына күн тумасы анық. Ендеше, бесіктегі баланы қалтадағы телефонның жын-жыбырына емес, Алладан келген құнды әрі қасиетті Құран кітаптың құндылығымен тәрбиелей білейік. Сонда ғана атамыз айтып еткен бесігі түзелген ел болатынымыз сөзсіз.