Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Діни ахуалдың негізгі даму үрдістері

Діни ахуалдың негізгі даму үрдістері

Қазақстан — зайырлы мемлекет. Азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін бірден-бір мемлекет.

Мемлекеттік құрылымдар мен Қазақстан қоғамы этносаралық және конфессияаралық келісім негізінде зайырлы, толерантты қоғамды әрі қарай дамытып келеді. Азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын, әртүрлі діни сенімдегі діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті, төзімділікті нығайту, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстары жолға қойылған.
Қоғамды діни сауаттандыру арқылы жалған діни ағымдардың іс-әрекеттеріне қарсы иммунитет қалыптастыруда дінтанушы, теологтар мамандардың рөлі ерекше.
Елімізде діни ахуал бірқалыпты дамуда. Бұл, әрине, мемлекеттің дін саласындағы саясатының, оны жүзеге асырудағы оңтайлы жолдарды жүзеге асыра білуінің нәтижесі.

Діни радикализмнің жолын кесіп, қоғамда лаңкестік көріністерге жол бермеуде мемлекеттік құзырлы органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет жасауда.

Бүгінде дінді саяси мүдделері үшін пайдалануға тырысатын кейбір саясаткерлердің лас ойындарының құрбаны болып кетуден сақтану жұмыстарын күшейту қажет.

Ақпараттық кеңістіктің күн санап дамып, деструктивті идеологтардың қаптаған методологиясына қарсы тұрғындардың бойына күшті иммунитет қалыптастыру мақсатында діни сауатты арттыруға және радикалды идеяларға қарсы түсіндіру жүргізуге тың идеялардан құрылған жаңа Тұжырымда керек сияқты.
Ішкі саяси тұрақсыздығымен танымал кейбір елдердегі діни фанатизмнің жетегінде жүрген содырлардың іс-әрекеттерінде дінді саяси тұрғыдан пайдаланып отырған топтар жөнінде, олардың зиянды тұстарын ашып көрсету, әшкерелеу арқылы тұрғындарды дер кезінде хабардар ету қажет.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Ислам дінінің тек қана мейірімділікке шақыратыны, такфир идеологиясының дұрыс еместігі, намаз оқымайтын мұсылманды кәпір деуге болмайтыны туралы хадистерден қуатты дәлелдер келтірілетін дәрістерді көбейту керек.

Нәтижесінде тұрғындардың санасына деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитет қалыптасатын болады.

Зайырлы мемлекеттің қағидаттары.

 Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылатынын көрсетеді.

«Зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлы» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді.

«Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау.

Қазір әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет пен дін бөлек, екіншісі – мемлекетте белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі.

Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды.
Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес. Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Мемлекеттің зайырлылығы діннен бөлектігінен ғана емес, сонымен бірге басқа дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.
Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған.

Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Ел ішінде тұрақтылық пен келісімді сақтау.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қоғамдағы дәстүрлі діндердің дамуымен қатар, еліміз үшін беймәлім дәстүрлі емес діндердің әрекеті қатты байқалды.
Бұрын лексиконында пайдаланып көрмеген пресветериандық және методизм, протестанттық конфессиялар, сондай-ақ «Агапе» «Жаңа аспан» сияқты протестанттық шіркеулер, «Бахаи» «Сайтан шіркеуі», «Саентология шіркеуі» сияқты діни бірлестіктер көріне бастады.
Ел еңсесін көтеріп, заңдарымызды пысықтағаннан кейін көптеген дәстүрлі емес діндер жұмысын тоқтатты.

Бұдан бөлек, дін атын жамылған саяси күштердің іс-әрекеттеріне де мемлекеттік органдар тойтарыс бере білді. Елімізде экстремистік бағыттағы «Хизб-ут-тахрир» («Азат ету партиясы») ұйымының заңға қайшы әрекеттері жұртшылықтың наразылығын тудырды. Хизб-ут-тахрирдің мақсаты — Ислам атын жамылып, дінаралық келісім мен үн қатысуға зиянын тигізіп, бейбіт өмір тыныштығын бұзу болды. Хизб-ут-тахрир Орталық Азия елдерінің мемлекеттік құрылысын мойындамай, осы аймақта халифат құруды өздерінің мақсаты ретінде ұстанды. Аталған ұйым күресі идеологиялық күрес, идеологиялық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу сынды үш бағытта жүргізілді. Бұндай ұйымдардың қатарында «әл-Каида», «Мұсылман бауырлар», «Талибан», «Лашкар», «Таиба», «Боз-құрт», «Өзбекстан ислам қозғалысы» және т.б. болды және лаңкестік ұйымдардың қызметіне тыйым салынды.
Қазіргі таңда еліміз діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие. Талай тарих тоғысынан сүрінбей өткен еліміз саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған.
Елбасы, Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанындай: «…бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл — Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, этносаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс».

Тәуелсіз еліміз мәңгі жасасын.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*