Бүгінгі таңда әлемде діни экстремизм мен терроризм мәселелері өзекті саналып отыр. Шырмауықтай шырмалған дүниеден шығу да оңай емес. Ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жат ағымдарға есікті бекітіп ұстау қажет.
Оның кең таралмауының тиімді бір жолы – ақпараттық-насихаттық жұмыстарды кеңінен жүргізу. Әсіресе жастар арасында. Өйткені жастар – еліміздің ертеңгі қанаты. Олардың алаңсыз білім алып, азамат болғаны әрбір ата-ананың арманы.
Дін – нәзік сала. Шынтуайтында, Алла мен адам арасын саудалап жүргендердің қитұрқы саясатына қарсы тұру үшін қоғамға мықты иммунитет қажет. Ал ол иммунитет – біздің тарихымыз, салт-санамыз, мемлекеттік деңгейдегі шаралар және әділ құқықтық құралдар.
Осы мәселе төңірегінде билік діни экстремизм және терроризмге қарсы елдегі билік органдарын тегіс жұмылдырып келеді. Мәселен, 1999 жылы «Терроризмге қарсы іс-қимыл» туралы заң, 2005 жылы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы заң, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Дін саласы өте нәзік, әрі күрделі сала. Сондықтан ел болып, елдің ішкі саяси тұрақтылығына, салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызға кері әсер етуші деструктивті діни ағымдардың радикалды ниеттері мен уағыз-насихатына қарсы тұруымыз қажет.
Қоғамшыл болу мұсылмандық сипаттардың бірі.
Дана халқымыздың: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,-деген де нақыл сөзі бар. Сондықтан Отанымызды сүйіп, дін, өркениет, толеранттылық және болашақ жайлы дұрыс түсінік қалыптасқанда ғана біз экстремизм мен терроризмнің алдын алуымызға болады. Ал дінаралық толеранттылық құндылықтарын бекіту және экстремизмнің алдын алу аса маңызды іс-шаралардан болып табылады.
Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпаққа да әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», — деген еді.
Ислам – терроризмге, зорлық-зомбылыққа, діни экстремизмге қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде Ислам атын жамылып, сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгілгені тарихтан белгілі. «Бір адамға қиянат жасау – күллі адамзатқа бағытталған қиянат». Осы қанатты сөзді ескерсек, Ислам діні қашан да қақтығыс, лаңкестік, зорлық-зомбылық, өктемдік секілді мұсылмандыққа жат іс-әрекеттер мен арам пиғылды айыптаған. Ислам діні, керісінше, қоғамдық тұрақтылықты, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздайды. Ал, лаңкестіктің ұлты да, діні де жоқ. Сол себепті нағыз мұсылманның лаңкес болуы әсте мүмкін емес.
Қазақ халқы бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын жете түсінген. Олай болса, бабаларымыздың «Алтау ала болса – ауыздағы кетер, төртеу түгел болса – төбедегі келер», — деген ұлағатты сөздерін алға тарта отырып, дінаралық татулық пен ауызбіршілікте өмір сүру үшін ұлттың салт-санасымен біте қайнасқан дәстүрлі дін жолымен жүрген абзал.
Қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық.
Ислам дінінің атын жамылған экстремистік бағыттағы ағымдар қайсы? Жалпы Ислам діні – ғылым мен білімге, толеранттылыққа шақырады. Ал Ислам атын жамылған экстермистік топтар – бұқара жұртшылықтың татулығы мен ауызбіршілігін бұзатын, ұлтаралық араздық пен алауыздықты туғызатын жаңсақ пікірлі саяси-топтар.
Деректер бойынша, ҚР Соты шешімімен «Хизбут-Тахрир», «әл-Каида», «Таблиғ жамағаты» сынды бас-аяғы 16 экстремистік ұйымның жұмысы заңмен шектелгенмен де, уахапшылдық, салафизм бағытындағы ағымдарға заң тыйым салмаған. Алайда, ғылыми-сараптамалық зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, «Салафизм және уахапшылдық» бағытының қоғам ауызбіршілігіне едәуір кері әсерін тигізіп жатқаны мәлім болды.
Дін атын жамылып, арам пиғылдарын іске асырмақ болып жатқан экстремистер мен лаңкестерге қарсы тұру – баршамыздың ортақ міндетіміз, әрі мүддеміз. Бұл міндетті іске асыруда дін көшбасшылары мен мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдардың мүшелері, жалпы ұлт болып, халық болып бір сапта, бір шепте тұрып, біріге күрес жүргізуіміз қажет. Егер біз лаңкестердің лас әрекеттерінен тазарған әлемді көргіміз келетін болса, біздің күш-жігерімізді дәл осы мақсатта шоғырландыруға тиіспіз.
Қазақстан мұсылмандары Исламның тағат-құлшылығында Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Бұл бағыт «Сүннет жұрты және жамағатының» анағұрлым толерантты, қанағатшыл, жергілікті әдет-ғұрып, салт-сана заңдары мен дәстүрлі нормаларымен санасатын жол.
Радикалды діни ағымдардың идеялары
Экстремистердің белгісі – ешбір қажеттілігі болмаса да, кез келген істе шектен шығып кетуге бейім тұруы. Басқаларды да соған итермелеуі. Нәтижесінде, мұндай жағдайлар адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынас бұзылып, қоғамдағы үйлесімді тіршілік арнасынан ауытқып, әлеуметтік толқулардың тууына себеп болады.
Ал «Терроризм» ұғымы араб тіліндегі (ارهاب) «ирхаб» сөзінен шығып, «қорқыту», «үркіту» мағынасын білдіреді. Оның «зорлық‑зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге де болады. Бұл анықтаманы негізге ала отырып, одан «терроризм – үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоққы мен зорлық‑зомбылық», — деген қорытынды шығаруға болады.
Радикализм – өмір сүріп отырған қоғамдағы ұлттық дәстүрге жаппай қарсы шығып, араздық пен алауыздыққа бағытталған, сондай-ақ жаңсақ пиғылды идеологияларын бек ұстанып, ымырасыз жүзеге асыру әрекеті.
Сепаратизм – жіктелуге, бөлектенуге, оңашалануға тырысушылық. Мәселен: ««Хизб-ут-Тахрир», «Әл-Каида» және «Талибан» сынды топтардың теократикалық халифат құру қозғалысы. Бұл бағыттар – кезінде өзге елдердің астыртын саясаты салдарынан туындаған, белгілі бір топтың мемлекеттен бөлінуі немесе басқа мемлекетке қосылу әрекетінен пайда болған.
Радикалды діни ағымдардың идеялары олардың артындағы саяси күштердің саяси іс-қимылы деп түсінеміз.
Сондықтан ел іргесін берік ұстау, салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды сақтау, ұйыған еліміздің ішкі бірлігін ұстау әрбіріміздің азаматтық борышымыз дейтін болсақ, дәстүрлі дінімізге берік болуымыз қажет.
Радикалды діни ағымдар идеологиясының ықпалынан сақтану.
Еліміз егемендікке қол жеткізгелі мемлекетіміздің барлық салаларында терең, әрі түбегейлі өзгерістер орын алды. Халықаралық деңгейде әлемнің алпауыт мемлекеттерімен бәсекелес бола алатын қабілеттілігін көрсетті. Әсіресе, тарих қойнауында жатқан рухани мұрамыз қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Десек те, бүгінгі қоғамда алаңдататарлық келеңсіз мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – мемлекетіміздің діни ахуалы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанымен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар. Әрине, егер осы қауіпті өз уақытында сезініп, алдын алмасақ…», — деген болатын.
Жалпы, дін дегеніміз не, экстремизм деп нені түсінеміз? «Дін» – Жаратушы тарапынан Пайғамбарлары арқылы жеткізілген, өзіндік тарихи жолдарымен қалыптасқан, өз жүйесімен әлемдік ортаға, қоғамға, мемлекетке қауіп төндірмейтін негіздер жиынтығы.
Ал Экстремизм болса, тілдік мағынасында «шеттеу» (фр.Extremisme, лат.Extremus), яғни «орталықтан ауытқу», «белгіленген жерден шығып кету» дегенді білдіреді. Терминдік тұрғыда: «тәртіпті мойындамайтын», «өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы» дегенге саяды.
Экстремизм, көбіне, адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген пікірінен туындайды. «Тек менің ғана пікірім дұрыс болуы керек» деген секілді. Әйтсек те, бұл экстремизмнің бастапқы кезеңдерінің ғана көрінісі болып саналады.
Экстремизмнің бірінші белгісі – адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Олар, жөн білетін, дұрыс бағыт көрсете алатын адамдардың ешқайсысын мойындамайды. Өз-өзіне сын көзбен қарау деген түсінік – олар үшін жат пайым. Олардың түсінігінше, тек өздерінің ғана сенімдері тура, өзгелердің барлығы – адасушы. Сондықтан да, олар өздерінен өзгелердің бәрін әділетсіз, әрі қатігез деп айыптауды міндет санайды, ал өздерін кіршіксіз, күнәсіз Пайғамбардай көреді. Мұның соңы шариғатқа, заңға қайшы келетін әрекеттерге, әртүрлі қақтығыстарға алып баратын жалған пікірлердің қоғамда етек жаюына, мәжбүрлеу арқылы өздерінің пікірлерін тықпалауға жетелейді.
Деструктивті діни ағымдардың идеялары.
Әлемде түрлі дін атын жамылып, адам санасына кірмейтін іс-әрекеттер жасайтын теріс діни ағымдар көптеп кезедеседі. Кейбірі өзін пайғамбар санаса, кейбірі саяси мақсатты көздейді, ал Мэнсон сектасы қаржылық деңгейін көтеруді көздеген. Өзін пайғамбар деп сезінген, манияға берілген бір адам ақ пен қара нәсіл арасында соғыс жариялайды. Чарльз Мэнсон 1969 жылы бірнеше адамды өлтіргені, оның ішінде режиссер Роман Поланскидің жұбайы актриса Шэрон Тейтті өлтіргені үшін жазаға тартылды. Үкім бойынша ол газ камерасында азапталып өлтірілуі керек еді, бірақ 1977 жылы Калифорнияның жоғарғы соты өлім жазасы конституциялық емес деп таныды, сондықтан оны өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырды.
«Врата рая» (Жұмақ қақпасы — Heaven’s Gate)-1975 жылы АҚШ-та Маршалл Эпплуайт және Бонни Неттлз негізін салған. 1997 жылы Эпплуайт жердің Хейла-Бопп кометасымен соқтығысуынан қаша алмайтын себепті өзінің сектасының 39 ізбасарын өзін-өзі өлтіруіне көндірген.
Жалған дін таратушылардың басты принциптері – өдерінің қаржылық деңгейін көтеру, алдау-арбау әдістерін пайдалану, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға психологиялық әсер ету жолымен өзінің мүшелігіне тарту арқылы фанатизмге, одан ары зомбилық күйге түсіру болып табылды.
Радикалды діни идеология.
«Орден Храма Солнца» (Күн Шіркеуінің Ордені) – 1984 жылы неонацист, бельгиялық Люк Жур негізін қалаған. Ғылымға сәйкес астрология, алхимия, мистика, иога мен кабалистика қоспасы ретіндегі жер апокалипске қайтымсыз түрде жақындап келеді. Бірақ, өлім деген мүлде жоқ, ол жай бұлыңғыр сағымнан басқа ештеңе де емес. 1995 жылы 22-желтоқсанда Францияның Альпілерінде, Греноблден қашық емес жерде «Орден Храма Солнценің» (Күн Шіркеуі Орденінің) 16 жақтаушысының, оның ішінде 3 кішкентай балалардың жаппай өзін-өзі жағу салты болды. Кейбір құрбан болғандар басына атып өлтіріліп, содан кейін барып отқа орануға берілді.
Бхагавана Шри Раджниш (Ошо) сектасы. 1966 жылы Раджниш университетті тастап джайнизмнен, тантризмнен, дзен-буддизмнен, дауосизмнен, суфизмнен, психоанализмнен және т.б. үзінді болып табылатын осылардың қоспасынан тұратын өзінің ілімдерін уағыздай бастады. Раджништің «діннің» басты ереже постулатында: «Құдайды сүй, және өзіңнің қалағаныңды істе» деп айтылған. Ең көп тараған жері АҚШ. Раджништің тап өзі 1984 жылы Далласта жүздеген адамдарды сальмонелл бактериясының көмегімен уландырған деген болжам бар. АҚШ-нан жер аударылған соң Раджниш өзінің ізін жалғастырушылар бар жерге тоқтағысы келді, бірақ 21 ел оған кіруге тыйым салды.
Қоғамда діни қарым-қатынастар саласындағы радикалды көріністер.
«Ата жолы» оккульттік-мистикалық ілімі Қазақстанда 1990 жылдардың аяғында пайда болды. Ұйым мүшелерін ата-баба аруағының емдік қасиетіне сену, сол арқылы аурудан айығу деген ой біріктірген.
Ұйымның негізін салушы Қ.Тарыбаев «Ата жол» атты рухани-танымдық журналын, «Ата жолы әліппесі» және т.б. басылымдарды шығарған. Медициналық және психологиялық білімдері жоқ азаматтар емдік сеанстар өткізіп, көпшілікпен бірге құлшылық жасап, ұйым соңынан ерушілерді қасиетті жер Түркістанға және еліміздің түкпір-түкпіріндегі басқа да қасиетті саналған мазарларға апарады.
Шын мәнінде, «Ата жолындағы» «емдеу» тәсілдері дәстүрлі медицина мен халық емінің қағидаттарына сәйкес келмейді. 2009 жылы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Ата жолы» ұйымына Қазақстан аумағында тыйым салынды.
Қазақстанда бас көтерген тағы бір ұйым «Алла Аят» саналады. Бұл теріс ағымның негізін салушы – Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының тұрғыны, тракторшы болған Фархат Мұхамедұлы Абдуллаев. Оны соңынан ерушілер Фархат-ата немесе Фархат-дада дейтін. Алла аят – бұл өмір сүру салты арқылы емделу деп түсіндірілген. Бірақ бұл тәсілдер адамның психологиясына, денсаулығына зиян келтірген. Осыған орай 2008 жылы 22 желтоқсанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Алля Аят» ұйымына тыйым салынды.