Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Дін — адам мен адамзаттың дамуы

Дін — адам мен адамзаттың дамуы

Ертеден келе жатқан сабақтастықты жалғастыруда да осы діннің маңызы зор болды. Адам имандылыққа салынып, өзінің адамдық негізінде өмір сүріп, бұл өмірдің өткінші, қайтып келмейтіндігін, өмір бар жерде өлім бар екендігін сездіретін ол ислам діні.

Адамға мына ғұмыр өткінші, ол өзінің қайтіп келмейтіндігімен өзгешеленеді. Ал ислам діні осы ғұмырдың өткінші екендігін ескере отырып, адамның адамшылдық негізін жоймауға үлкен үлес қосатын рухани ілім саласы.

Тарихтың тереңіне кеткен рухани мұра туындылары қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Исламдағы танылған діни-саяси жəне мəдени алғы шарттар классикалық дерек  көздерді талдау арқылы анықталады. Діннің қалыптасуы мен даму ерекшелігі ондағы «ижтиһад» ұғымының дінді пайымдаудағы басты шарт ретінде болып табылатындығы анықталып, Құран, хадис жəне сүннетке, сондай-ақ «ақидаға» қатысты көзқарастарының ерекшеліктері айқындалуда. Ижтиһад исламды өмірлік тəжірибеге, бейімділікке əкеледі.

Дін күнделікті өмірмен жəне кейбір жекеленген практикалық мəселелермен байланысты болады. Адамдардың дінге деген көзқарастары өзгеріп, жаңадан мешіттер, діни оқу орындары ашылып, мектептерде араб тілін оқытып, Құран кітабын дұрыс оқи бастады, осының өзі дінге деген бетбұрыс.

Дін өзінің қоғамдық болмысымен, байланысымен жəне оның бейнелеу формасымен сипатына қоғамдағы қалыптасу ерекшеліктеріне байланысты күрделі. Халықты тұрмыс — тірлікке тəн əдет-ғұрыпқа, салтқа тəрбиелеу — бүгінгі жағдайдың міндеті.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.

Сарапшының пікірі бойынша, діни экстремизмнің алдын алу үшін бірінші кезекте біз ұлттық тәрбиеге өте бекем болуымыз керек. Жас баланы, жас жеткіншектерді тәрбиелеген кезде ең алдымен олардың санасына, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, өзіміздің этно-педагокикалық өнімдерімізді үйретуді, баулуды жолға қою керек. Ең бірінші мәселе ол баланың рухының қорғанышы, баланың жанының қорғанышы өте мықты болу керек. Сол кезде ол қандай бір мәселе кездескенде де, уағыз тыңдағанда да экстремистік ағымның сөздерін еститін болса да ол ішіндегі қалыптасқан әбден ішіне сіңген құндылықтардың бәрі жоққа шығарып, өзінің басын өзі алып шыға алатын жағдайға жетеді.

Сондықтан, бірінші кезекте біз мектепте болсын, жоғары оқу орындарында болсын жастарға өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрлі құндылықтарымызды насихаттауды соны меңгертуді әбден жоғары қою керек. Одан кейін екінші мәселе ол – ақпараттық танымдық жұмыстары көп жүргізілуі керек. Экстремистік ағымдардың зияны қандай, олардың адам санын қалай улайтындығы жөнінде, олардың адамның өмірін құратыны, олардың адамның бүкіл мүмкіншілік қуат потенциалының бәрін қалай жоятынын жайлы нақты дәлелдермен берілетін ақпараттық жұмыстар өте көп жүргізілуі керек. Үшінші мәселе ол – діни экстремизм әрекетіне барынша тыйым салуды жүзеге асыру керек. Яғни, оған белсенді түрде әрекет керек деп ойлаймын. Ол үшін сүзгіден, фильтрден өткізіп, әрбір діни жамағаттың бірлестіктің, өздері айтқан медиа контентін, олардың сөздерін міндетті түрде сараптамадан өткізіп, оның барлығын тексеріп отырған дұрыс деп есептеймін. Сол кезде діни экстремизм болдырмауға, әрекеттерін тоқтатуға, тежеуге Қазақстан аумағында олардың әрекет ететіндей мүмкіндігінің болмауына үлес қосуға болады.

Ғаламтордағы жалған уағызшылар немесе онлайн уағыз.

Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. «Google» арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудио жазбаларын тыңдауы мүмкін.

Олардың жазбаларында жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал.

Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіруі мүмкін.

Діни радикализм мен экстремизм идеологиясының интернет кеңістігіндегі әрекеті.

Ғаламторды дін саласындағы отандық ғалымдар мен сарапшылар, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлер де өз жұмыстары барысында жеткілікті деңгейде қолданып, діни ақпараттарды насихаттауға қолдануда.

Алайда, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды.

Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады. Мұндай әрекеттің бір қала немесе бір елмен шектелмейтіндігі белгілі, бұл экстремистік және террористік ұйымдар үшін өте маңызды. Олардың қызметі өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады екен.

Сондықтан әлеуметтік желілердегі ресми сайттарды ғана пайдаланған жөн.

Қазақстандағы этностар мен конфессиялардың мәдениеті.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ халқымыздың рухани мәдениетіне, соның ішінде оның ең басты салаларының бірі дінге мемлекеттік тұрғыдан үлкен көңіл бөлініп келеді. Ең алдымен, ар-ождан және діни сенім бостандығының жария етілуі Қазақстан халқының дін саласындағы мемлекеттік саясатты белсенді түрде қолдауына өз ықпалын тигізді. Қазақстан халқын құрайтын барлық этностар өздерінің дәстүрлі діндеріне, мәдениеттеріне бет бұруына мол мүмкіншілікке ие болды.

Еліміздің зайырлылық қағидаттарының нығаюы арқылы азаматтардың діни сенім құқықтары мен бостандықтары сақталып келеді. Бұл орайда ең бастысы − діннің мемлекеттен бөліну қағидаты, діни фанатизмге жол берілмеуі екендігін ескеруіміз қажет.

Дін өскелең ұрпақтың адамгершілік пен рухани дүниетанымын қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамын ерекше алаңдатып отырған өзекті мәселелер баршылық. Бұл мәселелер көбіне теріс пиғылды жат діни ағымдардың қоғамдық тұтастықты бұзуға бағытталған белсенділігіне байланысты болып отыр. Олардың ішінде әсіресе салафизм ағымының халық тыныштығын бұзып жатқандығы байқалады.

Сондықтан жастарымыздың көк аттының жетегінде кетпес үшін үнемі бақылауда ұстау мақсатында мемлекет тарапынан нақты шаралар атқарылуда.

Адастыруға әкелетін діни ағымдар.

Уаһабилік немесе салафилік ағымының негізін Мұхаммед ибн Абдулуаһаб (1703-1792 ж.ж.) қалаған. Ол ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ибн Тәймияның қатаң қағидаға сүйенген бұрыс сенімін басты идеологиялық қару етіп алған. Мұхаммед ибн Абдулуаһаб әһлі-сүннет сеніміне қайшы еңбектер жазып, өзіндік саяси белсенділігін пайдаланып, тарих сахнасында Араб түбегіндегі  Нәжд аймағынан бастау алған бүліктердің пайда болуына себеп болды.

Сондай-ақ, бұл ағым Мысырды британдықтар отарлаған кезеңде Жамалуддин Афғани мен Мухаммад Абдух басқарып, туын желбіреткен діни-реформалық кезеңде де қатты қарқын ала бастады. Өйткені, Мысырдың сол кездегі жағдайына байланысты осы қозғалыс «салафия» ұранымен танылған еді.

Бұл қозғалыс сәләф қауымына жақындауға тырысып, «салафия» ұранын өзінің аты ретінде иеленгенімен, басқа тұрғыдан салаф-салихиннің ұстанымдары мен әрекеттерін қабылдамай, керісінше олардан алыстай берді.

Осы кезеңде Мұхаммад ибн Абдулуаһаб (1703-1792 жж.) есімімен байланысты «уаһабилік» ағымы белгілі себептерге байланысты Нәжд пен Араб түбегінің кейбір түкпірлеріне тараған болатын. Уаһаби ағымы мен Мысырдағы діни қозғалысты басқарушылардың ортақ бағыттары болды. Бұл пиғыл – бидғат пен қате нанымдарға, әсіресе сопыларға қарсы күресуде байқалатын. Осындай ортақ пікірлер уаһабилік ағымның басшылары арасында салаф және салафия сөзінің жайылуына негіз болды.

Псевдосалафизмнің таралуындағы «жұмсақ күш» әдісінің рөлі.

Сәләфизм сөзін қалай түсініп жүрміз? Өзі де бұл ұғымның мәнін терең түсінбейтін жамағаттың құрамына кіріп, өзін «сәләфимін» деп жариялау қаншалықты дұрыс? Міне, осы сынды сан сауалдар қоғамның көкейінде жүр.

Алдымен «сәләф» сөзі оның бастапқы мағынасы «алдыңғы, бұрынғы» дегенді білдіреді. Демек, уақыт ағымының өткен кезеңі кейінгілер үшін «сәләф» деп аталған. Алайда, бұл сөз ислам дінінен тұрақты орын алды да, арнайы ұғымға айналып, басқа мағынада қолданылмайтын сипатқа ие болды.
Діни әдебиеттер «сәләф» кезеңінің ислам дәуірінің ішіндегі ең абзал кезең болғанын дәлелдейді. Ол дәуір ислам үмметінің Мұхаммед пайғамбардан басталатын алғашқы үш буынының шағы еді. Себебі, Бухари мен Муслимде, Абдуллах ибн Мәсғудтан риуаят етілген хадисте Мұхаммед пайғамбар: «Адамдардың ең абзалы – менің заманымдағылар. Одан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Олардан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Бұлардан кейін куәлігінен бұрын анты, антынан бұрын куәлігі жүретін қауымдар келеді» – деген, яғни алдыңғы үш ұрпақтың бойында сақталған ізгілікті айтып кеткен.

Осы үш буынның абзал болуының негізгі себебі – олардың пайғамбар тәлімінен тікелей сусындап, өнегелі ғұмырынан сабақ алуы. Сахабалар исламның сенім негіздері мен діни ұстанымдарын Мұхаммед пайғамбардан с.ғ.с. тікелей үйренді. Ал, табиғиндар (сахабаларды көрген мұсылмандар) сахабаларға еріп, табаға-табиғиндер (табиғиндерді көрген мұсылмандар) олардың насихаттарын тыңдап, тәлім-тәрбиелерін көргендіктен, сол шынайы ізгіліктен нәр алды.

«Сәләф» деген сөзді басты құралға айналдырып, ислам шариғаты мен түсінігіне жат, лаңкестікке бой алдырып жүргендер үлкен қателікке ұрынуда.

Діни радикализациядан жапа шеккендерге қатысты өзекті мәселенің бірі олардың көзқарастарын бейімдеу мен оңалту. Діни бағыттағы оңалту жұмысы – туындаған діни проблеманы максималды мүмкіншіліктер арқылы қалпына келтіру.

Сондай-ақ, теологиялық, психология­лық тұрғыдан әсер беру арқылы адамды қалыпты жағдайға жеткізу формасы болып табылады. Діни фанатизм, діни радикалдық көзқарастан арылту жағдайында оңалту жұмыстары қажет етіледі. Сонымен қоса, оңалту жұмысы басталғанға дейінгі деструктивті, радикалды діни ағымдарға түскендердің жағдайы (кейде оңалту процесі кезінде де) қылмысқа бару ықтималдығы 50/50 болуы мүмкін. Оңалту жұмысын тиімді жүзеге асыру арқылы қауіпсіздікке жол ашылады.

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы.

Елімізде бүгінгі күнде радикалдық діни ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіру шаралары қолға алынып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыптарға қатысты мазмұнды мақалалар жарияланып, телеарналар мен радиоларда дін мәселелерін қозғайтын бағдарламалар мен хабарлар көптеп берілуде.

Одан бөлек, қоғамда ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, жұртшылық арасында беделге ие азаматтар теріс сипаттағы кереғар діни ағымдардың қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Бүгінгі күнде мемлекеттік органдар тарапынан діни ахуал және оған қатысты үдерістерді зерттеудің өзекті тақырыптарын жасақтауда, сонымен қатар, діни мәселелердің әртүрлі аспектілеріне арналған ғылыми-талдау жұмыстарына еліміздің ғалымдарын кеңінен тартуға мүдделілік туындап отыр. Дін саласында орын алып отырған үрдістерді дер уақытында анықтауға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған түрлі шаралар ұйыдастырылуда.

Радикалды діни идеологияның зардабы.

Бүгінде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған мәселеге айналды. Әрине, заманауи әлемнің қатеріне айналып отырған осынау зұлматтан біздің еліміз де сырт қала алмасы анық. Ол бүкіл қоғамның тізе қосып, күш біріктіруін қажет етеді.

Осы ретте, азаматтар мен қоғамды сыртқы рухани агрессиядан қорғаудың және тұрғындардың бойында діни мазмұндағы ескі құндылықтарды көксейтін немесе теологиялық қателіктерге бой алдырған кереғар діни идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастырудың маңызы аса зор.

Рухани жаулап алушылықтың дінді бетперде ретінде пайдалана отырып, теріс идеяларды жастар арасында белсенді таратудан көрініс тауып отырғаны жасырын емес.

Осы орайда, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың идеологиялары азаматтарды наным-сеніміне қарай жіктеуді, дін жолында жүргендерді басқалардан жоғары қоюды, мемлекеттің зайырлы қағидатын қабылдамауды алдыңғы қатарға қояды.

Ал, мұндай идеологияның әртүрлі діндерді ұстанатын көп этностан тұратын Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Радикалдық сипаттағы осындай идеялар халықты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениеті мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, халықтың этникалық, мәдени-рухани тұғырын жоғалту және азаматтардың тарихи санасын шайып тастау мақсатын ұстанады.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Діни экстремизм мен фундаментализмнің қауіпі.

Экстремизм мүшелері көздеген мақсаттарына жету үшін ешнәрседен қаймықпайды. Небір  озбыр  әрекеттерге  барады.  Тіпті өздерін құрбан етуге әзір. Осылайша күш, қару қолдану және заңдар сенім — нанымдарды аяққа таптап, дін атын бүркемелеп, діттегендеріне жетуге тырысады. Өзі үшін бөгде пікірде саналатындарды түрлі амал — айлалармен арандатуды ойластырады. Діни экстремистік фундаментализмнің қауіптілігі осында жатыр.

Экстремизм діндегі жеңілдеткен үкімдерді ауырлатып көрсетіп, халыққа түймедейді түйедей етіп көрсетіп бағады. Мұсылмандық адал, таза тіршілікті лайлауға барынша тырысып баққан, бөгде, бөтен пасық пиғылды адамдар.

Жалпы, елді дүрліктірген лаңкестік оқиғалардың қайдан өрістеп отырғанын, сипатын, себеп-салдарын айқындамай тұрып нәтижелі іс-қимыл жасай алу қиынға соғады.

Сондықтан лаңкестікке қатысты деректер байқалатын болса, дереу тиісті құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

Лаңкестік (терроризм) — негізінен, саяси-әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекет.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*