Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » БЕРЕРІ МОЛ ІС-ШАРА

БЕРЕРІ МОЛ ІС-ШАРА

Шымкент қаласы, Абай атындағы қалалық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі «Айқап» журналының жарыққа шығуына 110 жыл толуына орай  «Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары» атты тағылымды-танымды сағатын өткізді. Ісшараға ақын, журналист Әбдісаттар Әліп, «Шұғыла» газетінің бас редакторы Базаргүл Ақынқызы, «Заңнама» газетінің бас редакторы Айгүл Мамыт және  ОҚМУ Журналистика мамандығының 1 курс студенттері қатысты.

ХХ ғасырдың басында қазақ баспасөзінің дамуы, қалыптасуы өте қиын жағдайда еді. Ол 1905-1907 жылдардағы революцияның арқасында ғана туды. «Улфат», «Серке», «Қазақ», «Дала», Қазақстан» газеттері уақытша шығып, жабылып қалып отырды. Себебі қаржы-қаражат жетіспеді, қуғынға ұшырады. «Айқап» журналының шығуына бірден бір себепкер, ұйымдастырушы, редакторы Мұхамеджан Сералин ұзақ жылдар бойы алған бағытынан қайтпай, өркөкірек, менмен атқамінерлердің бетін бері қаратып, патша өкіметінің сұсты шенеуніктеріне мән-жайды түсіндіріп, бәрінің пікірін өзгертіп, бір арнаға тоғыстыра білді. Жұмсаған қайраты, күш-жігері босқа кетпеді.  1911 жылдың 10 қаңтарында Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» журналының бірінші нөмірі шықты. Зерттеулерге көз жүгіртсек, алғашында журнал ел ішінен жиналған ақша есебінен жарық көріпті. Кейінірек басылымға қол ұшын берушілер көбейген. Бастапқы жылы айына бір рет, кейін айына екі рет шыға бастайды. Журнал дүниеге келген кезден бастап барлығы 89 саны жарық көрді.

Мұхамеджан Сералин үш жасында әкесінен айырылып, анасы шиеттей балаларымен Челябі облысындағы Троицк қаласына қоныс аударады. Мұхамеджан Троицк қаласындағы медресені оқып бітірген соң, Қостанайдағы Арыстан деген байдың орыс-қазақ мектебінде оқитын балаларына күтуші болып орналасады. Қолы бос кезінде осы мектепке тыңдаушы ретінде сабаққа қатысып, соңынан оқуға түседі. 1891 жылы аталған мектепті өте жақсы деген бағамен бітіріп шығады. Одан әрі оқуын жалғастыру үшін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын училищеге түскісі келеді. Бірақ сынақтан өтсе де, оқуға қаражаты болмай ауылға қайтады. Бірнеше жыл ел ішінде мұғалім болып , қазақ, орыс тілдерінде сабақ береді.

«Айқап» журналы байтақ сахараға кеңінен тарады. Бұл қоғамдық-саяси және әдеби журнал еді. Жұртшылық оның әрбір санын сағына, асыға күтті. Себебі басылым беттерінде көпшілік көкейінен шығатын материалдар жарық көретін. Мұхамеджан осылайша халқымызды қазақша ойлап, қазақша жазуға, қазақ тілін қадірлеп сүюге үйретті.

«Айқап» журналында сол кезеңдегі қазақ халқының ауыр халін, әйел теңдігі, жерді тиімді пайдалану, әлеуеттік жағдайына, білім алу тағы басқа көптеген мәселелер көтерілді. Сералин қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық демократиялық идеяларын қолдай отырып, халқының мұңынмұңдап, жоғын жоқтап, елдің иығына түскен тұрмыс тауқыметін қайтсем жеңілдетем деп аянбай еңбек етті.

Журналдың бірінші нөмірінде М. Сералин оқырмандарға басылымды құрудың ұзаққа созылған оқиғасын түсіндіріп берді: «Біз бір-бірімізді үнемі кінәлап жүрдік. Басымыз қосылмады. Біздің қазақтың неше жерден «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымызда соған лайық «Айқап» болды» дейді.

Ол басылым төңірегіне талапты, талантты адамдарды топтастырды. Жауапты хатшы болып ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, тілші автор ретінде Жиханша Сейдалин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Спандияр Көбеев  Нәзипа Құлжанова, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов сынды қаламгерлер белсене қатысты. Журналда Шоқан, Абай, Ыбырай шығармаларымен бірге ауыз әдебиетінің үлгілері, шығыс, орыс және Еуропа халықтарының туындылары басылып тұрған. Журнал материалдарын 1995 жылы Қазақ энциклопедиясы жеке кітап етіп баспадан шығарды.

Зерттеушілер М. Сералиннің көп еңбек сіңіргенін айта келіп, ол Қазақстанда демократиялық бағыттағы ұлттық журнал шығаруды бірінші болып жолға қойды. «Айқап» журналы білім әлеміне ашылған бір терезе болды» деп атап көрсетті.

Іс-шараны Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Шатырбекова Гүлсім Әлкебайқызы қорытындылап, кеш қонақтары мен көпшілікке алғысын білдірді.

 

Жанат САУРБАЕВА,

Абай атындағы қалалық кітапхананың

мерзімді басылымдар залының кітапханашысы.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*