Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Аймақ тынысы » ПЕДАГОГТЕРДІҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

ПЕДАГОГТЕРДІҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Созақ ауданында жаңа оқу жылына бағыт-бағдар айқындайтын дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында өткен тағылымды жиынға аудан ұстаздары, білім саласының мамандары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Жиын Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың ұстаздарға арналған бейнеқұттықтауы көрсетілді.

Конференция барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков білім саласының ел болашағын қалыптастырудағы маңызды рөліне тоқталып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова да педагогтерге ізгі тілегін жеткізді.

Созақ ауданының білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев өткен оқу жылындағы жетістіктерді саралап, білім саласының негізгі көрсеткіштері мен нәтижелеріне тоқталды. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылының ерекшеліктері, өзекті мәселелері мен алдағы міндеттері жөнінде баяндама жасады.

Тамыз кеңесінде білім сапасын арттыру, оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін жетілдіру және заманауи білім беру талаптарына сай жұмыс жүргізу бағытындағы маңызды міндеттер айқындалды.

Жиын барысында білім саласына еселі еңбек сіңірген бірқатар ұстаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, облыс және аудан әкімдерінің, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің марапаттарына ие болып, еңбектері еленді.

Конференция соңында қатысушылар «Мыңжылқы» мәдениет үйіндегі кітап көрмесін тамашалап, робототехника мен инновациялық жобалармен танысты.

Білім – ел болашағының берік негізі. Ұстаз – сол болашақты қалыптастыратын ұлы тұлға.

Бүгінде Созақ ауданындағы білім беру ұйымдарында 2613 педагог еңбек етеді. Ауданда 35 мектеп пен 39 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

Ал биыл білім әлеміне алғашқы қадамын жасайтын 1360 бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданды.

Созақ ауданында білім сапасын арттырумен қатар, педагогтердің кәсіби дамуына тұрақты жағдай жасауға басымдық берілуде. Ұстаздардың тәжірибе алмасуы, жаңа әдістемелерді меңгеруі және заманауи білім беру тәсілдерін тәжірибеге енгізуі оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Білім беру саласындағы жаңашылдықтарды қолдау оқушылардың пәндік білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға жол ашады. Бұл бағытта білім алушылардың жаңа технологияларға қызығушылығын арттырып, өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жобаларға мән берілуде.

Оқушылардың білімге деген қызығушылығын қалыптастыруда кітап оқу мәдениетінің де маңызы зор. Көркем және танымдық әдебиеттерді жүйелі оқу баланың ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын молайтуға, өз ойын еркін жеткізуіне және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауына ықпал етеді.

Педагогтің жеке ізденісі мен кәсіби шеберлігі шәкірттің білімге деген көзқарасына тікелей әсер етеді. Сондықтан ұстаздардың үздіксіз білім алуына, тәжірибесін жетілдіруіне және шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруына қолдау көрсету білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Жас ұрпақтың бойында білімге құштарлықпен қатар, ел дамуына үлес қосуға деген жауапкершілікті қалыптастыру да маңызды. Оқушылардың ғылыми, шығармашылық, әлеуметтік және технологиялық жобаларға белсенді қатысуы олардың азаматтық белсенділігін арттырып, жасампаздыққа деген ұмтылысын қалыптастырады.

Осындай жүйелі жұмыстар білім беру ұйымдарында ізденіс пен жаңашылдыққа негізделген ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Білімге ұмтылған, шығармашыл әрі прогреске бейім ұрпақ тәрбиелеу – Созақ ауданының білім беру саласындағы ортақ міндеттердің бірі.

Жаңа оқу жылының басталуы – білім саласындағы әрбір маман үшін жауапты кезең. Бұл уақытта өткен оқу жылындағы тәжірибені саралап, алдағы міндеттерді нақтылап, әр оқушының қабілетін ашуға бағытталған тың бастамаларды жүзеге асырудың маңызы арта түседі. Ұстаздың әрбір ізденісі мен еңбегі шәкірттің жетістігі арқылы өз нәтижесін табады.

Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Созақ ұстаздарына шығармашылық ізденіс, кәсіби биіктер, шәкірттеріне толағай табыс тілейміз!

Жаңа оқу жылы құтты болсын! Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі!

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*