
Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығында 19-20 қараша күндері БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) халықаралық сарапшысы Виталий Климчукпен жұмыс кездесулері өтті.

Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және халықтың психикалық денсаулығын қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған бірлескен бағдарлама аясында ұйымдастырылған іс-шараларға алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының мамандары, дәрігерлер, психологтар мен психиатрлар қатысты.

Кездесу барысында халықаралық сарапшы мен қатысушылар арасында кәсіби диалог орнап, мамандар тәжірибелерін бөлісті, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, қауіп факторларын ерте анықтау және жасөспірімдерге уақтылы көмек көрсету бағыттары бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, медициналық ұйымдар мен өзге де мүдделі мекемелер арасындағы байланысты нығайту, халыққа көрсетілетін психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмектің сапасын арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Мұндай кездесулер халықаралық тәжірибе алмасуға ғана емес, мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, практикалық дағдыларды жетілдіруге және психикалық денсаулықты қорғау бағытындағы ортақ ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Психикалық денсаулықты сақтау және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу – барлық сала мамандарының бірлескен жұмысын, өзара үйлесімді іс-қимылын және кәсіби жауапкершілігін талап ететін маңызды бағыт.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі