Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ МЕН IT САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ МЕН IT САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласында цифрлық трансформацияны дамыту, IT саласындағы адами капиталды қалыптастыру және заманауи технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың 11 айында цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейту және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылды.

IT саласындағы мамандарды даярлау мақсатында Shymkent IT Hub алаңында 85 іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде 50 стартап жоба қалыптасып, 7 хакатон өткізілді, 200 студент қамтылып, бір инкубациялық бағдарлама іске асырылды.

Сонымен қатар, 24 сәуірде «Tomorrow School» мектебі ашылып, қазіргі таңда 1 135 адам тіркелген, оның 562-сі оқу бағдарламасын аяқтады. 26 наурызда «Tashenev AI Laboratory» жасанды интеллект және инженерия зертханасы жұмысын бастады. Ал «RoboPark.kz» орталығы 90 оқушыға робототехн
ика және Python бағыттары бойынша тегін білім беруде.

Қалада цифрлық технологияларды насихаттау мақсатында «Digital Nauryz» аясында RoboShanyraq робототехника жарысы, Shymkent Tech көрмесі және «Baige» хакатоны ұйымдастырылды. «Digital Qazaqstan 2026» халықаралық форумына 6 мың адам қатысып, 40 IT-компания, 36 стартап және 150-ден астам спикер бас қосты. Форум барысында 54 сессия өткізіліп, 11 меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ 17 қарашада өткен Shymkent AI Forum – 2026 өңірлік форумында 20 стартап жоба, 25-тен астам IT-компания және 9 көрме стенді таныстырылды. Іс-шараға 500-ден астам қатысушы жиналды.

Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында 2 022 қызметші «Цифрлық дағдылар және жасанды интеллект» курсын аяқтады.

Қаланың цифрлық инфрақұрылымын дамыту аясында байланыс желілерін жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада 1 827 базалық станция жұмыс істейді. 2026 жылдың 11 айында 382 жаңа станция орнатылып, 398-і жаңғыртылды. 4G желісімен қамту көрсеткіші 98 пайызды құраса, шағын аудандар мен тұрғын алаптарды кең жолақты интернетпен қамту 100 пайызға жеткізілді.

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Цифрлық ХҚКО» орталығы ашылды. Жалпы аумағы 1 100 шаршы метрді құрайтын орталықта 44 қызметкер жұмыс істейді және 7 қызмет көрсету аймағы қарастырылған. Мұнда күн сайын 800-ден 1 000-ға дейін азаматқа қызмет көрсетіледі.

Жалпы, атқарылған жұмыстар Шымкенттің цифрлық әлеуетін арттыруға, IT-білім беруді дамытуға және жасанды интеллект технологияларын қала өміріне енгізуге бағытталған. Алдағы уақытта цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру мен жаңа технологиялық жобаларды қолдау жұмыстары жалғасады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*