Елбасы тапсырмасы бойынша шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл бағдарлама жүзеге асырыла бастаған соң, еліміздегі бірқатар шағын қалалардың шырайы кіре бастады. Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысында Кентау қаласы да осы бағдарламаға еніп отыр. Қалада осы бағдарламалар аясында қандай істер атқарылуда, аталған бағдарлама өңірге не берді? Бұл сауалдарға Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев жауап береді.
– Кентау қаласында қазіргі таңда шамамен 100 мыңға жуық адам тұрады. Оның 40 мыңнан астамы экономикалық жағынан белсенді түрде жұмыс істейтінін айта кету керек. Жыл өткен сайын қалада жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Өйткені мемлекет бүгінгі күнде шағын қалалардың шырайын келтіре бастады. Моноқалаларды дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама аясында қомақты қаржы бөлінуде. Мысал ретінде айтар болсақ, 2015-2016 жылдары Кентау қаласы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын несие алуға республикалық бюджеттен 450,0 млн теңге бөлінді. Аталған қаржы мал шаруашылығына арналған 22 жобаға, ағаш өңдеу және ағаш өнімдерін шығаруға қатысты 2 жобаға, жолаушы тасымал қызметіне байланысты 2 жобаға, тігін шеберханасын ашуға орай 1 жобаға бөлінді. Сонымен қатар тігін цехын ұйымдастыру, пластикалық терезе жасау, көлік жөндеу орталығы, тіс емханасы, жылыжай салу, мал дәрігерлік дәріхана ашуға байланысты жобалар да бар. Мұның барлығы да қазіргі таңда жұмыс істеп, шағын қалада шағын және орта кәсіпкерлік дамуда.
Расында, бүгінде халық тарапынан да шағын кәсіпкерлікке қызығушылық анық байқалып отыр. Өйткені «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ мен «Ырыс» ЖШС-і арқылы азаматтар өз кәсібін өркендетуге ақшалай көмек алуда. Мұны, әрине, мемлекетке арқа сүйемей, өз күнін өздері көруге ұмтылған халықтың белсенді әрекеті деп ұғыну керек.
Ең негізгі мәселе – бөлінген қаржыны тиімді пайдалану. Бұл орайда «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Бір ғана мысал, 2013-2015 жылдары Кентау қаласында жаңа өндіріс ашатын жобаларға 84,6 млн теңгеге мемлекеттік грант берілді. Сонымен қатар жаңа өндіріс ашуға әр сала бойынша 33 жобаға мемлекеттік грант ұсынылды. 2016 жылы мемлекеттік грант нәтижесінде 3 жобаға 7,0 млн теңге мемлекеттік грант ұсынылды. Қазір бұл жобалар өз жемісін беріп жатыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына орай оңтүстік өңірдің аудандарында индустриялық аймақ құрылды. Оның бірі – Кентау қаласында. 25 гектар жерді алып жатқан қаладағы индустриялық аймақта қазіргі таңда инфрақұрылым жүйесі жүргізіліп, 4 жобаның негізінде 145 жұмыс орны құрылды. 2017 жылы индустриялық аймақтан тағы 2 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен бірге, индустриялық аймаққа қызығушылық танытып, осында өз жұмысын бастауға 3 кәсіпкер ниет білдіріп отыр. Қазіргі уақытта индустриялық аймақтағы 1,4 гектар жерге 232 млн теңге инвестиция тарту көзделуде.
– Елбасы жыл сайынғы Жолдауында жастар саясатына ерекше көңіл бөліп келеді. Кентау – жасыл желегі жайқалған жастардың қаласы. Бүгінде қалада 14-29 жас аралығындағы 22 585 жас бар. Оның ішінде мектептерде 14 жастан жоғары 3718 оқушы, 7 арнаулы оқу орнында 3003 студент білім алуда. Жастар шаһарда бос уақытын тиімді пайдаланады. Қалада 3 спорт мектебі және Оқушылар үйіндегі түрлі үйірмелерге 630 бала қамтылса, Саз мектебінде – 401 бала және Көркемсурет мектебінде 170 бала оқиды. «Моноқала» бағдарламасы аясында 520 орындықты Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайы бүгінде күрделі жөндеуден өтіп, жастарға қызмет көрсетіп жатыр. Қалаға әкім болып келгелі жастарға үлкен мән беріп отырмыз. Былтырдан бастап 5 жыл көлемінде жұмысы тоқтап қалған «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асырдық. Аз қамтылған отбасынан шыққан студент жастарды жазғы маусымда еңбекке баулып отырмыз. Сонымен қатар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 9 жас маманды жұмысқа орналастырдық. Біз ел жастарына дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек, – дейді Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев.
Кентау қаласының аумағында барит қорлары, әртүрлі балшықтар, мыс, мырыш және тағы басқа да кеңінен тараған алуан түрлі пайдалы қазбалар бар. Бүгінгі таңда, «Қызыл ата» кен орнында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде кең орнында 2700 метр тереңге дейін қазу жұмыстары жүргізіліп, өндірілген өнімді қайта өңдеу үшін түрлі-түсті металдар өндірілмек. 2017-2018 жылдары «КазГеоМаш» және «ГРК «Металлинвест» ЖШС-лар тарапынан Аңсай кен орнының барит кеніне өнеркәсіптік қазба жұмыстарын жүргізу, құрылыс материалдарын шығару жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар қаланың индустриялық өңдеу өнеркәсібі саласын дамыту үшін инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде.
Кентау қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алу үшін 4000 азамат кезек тізімінде тұр. Шаһардың бас жоспарына сәйкес, қаланы дамыту мен жеке тұрғын үйлерге алаңшаларды дайындау мақсатында Оңтүстік – шығыстағы 300 гектар жерге жоспарлау жобасы әзірленді.
Мемлекеттің «Моноқалаларды дамыту бағдарламасы» аясында Кентау қаласы қазір көріктеніп келеді. Шаһарда шағын және орта кәсіпкерлік даму үстінде. Азаматтардың бизнеске құштарлығы артты. Соңғы кезде 63 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеру бойынша оқытылды. Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы арқылы 485 кәсіпкер мен жаңа кәсіпкерлік ашуға ынтасы бар тұрғындар тағы да кеңес алды. Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде шағын несие алғандардың саны артты. Демек, мұның барлығы халықтың әл-ауқатының дұрысталып, жеке бизнестің берекесі кіре бастағанын көрсетеді.
Иә, Кентауда берекелі істер жетерлік, көрікті жерлер де көп, қысқасы шағын шаһардың шырайы кіре бастады.
© Еркін ҚАЛДАН
(aikyn.kz)