Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

Дін – дүниедегі әрбір жан иесінің өмір сүру үлгісі, екі дүниеде де бақытты болуға жетелер нәзік жол. Дәстүр- әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Әрбір ұлттың ұстанар діні, өзіндік ғұрыпы, дәстүр сабақтастығы мен бір ұлтты екінші ұлттан өзгешелейтін мінез-құлық ережесі және өмір сүру ерекшелігі болады. Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің яғни, діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болуы қажет. Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс.

Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады. Біздің де қазіргі  таңға дейін ұстанып келген  салт-дәстүріміз,  Ислам дінімен ұштасып келетіні анық.  Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен үштасып жатқаны анық.

Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгертуге ұмтылады. Өйткені кез-келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өз ықпалын жүргізуді көздейді. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған адамгершілік құндылықтарын қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау. Халық мәдениетінің рухани негізі, баға жетпес құндылығы дәстүрлі дінмен үндесіп жатыр. Шынайы дін өшпенділікке, озбырлыққа немесе алауыздыққа шақырған емес. Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейтін  өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтарына сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз.

Қорыта айтсақ, дін мен дәстүр – тәрбие жолы, рухани азығымыз.  Ата-бабамыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дін мен дәстүр сабақтастығын қадірлеп, құрметтеу – біздің міндетіміз, әрі азаматтық борышымыз.

 

Тойшиев Н.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы, Шымкент қаласы.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*