Докторантураға түсу емтихандары биыл алғаш рет электронды форматта өтеді. Үміткерлер докторантурада оқуға дайындығын тексеру үшін тест, білім беру бағдарламасының бейіні бойынша емтихан тапсырып, компьютерде эссе жазатын болады. Бұл туралы ведомствоның аппараттық кеңесінде Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді.
«Өткен жылы магистратураға емтихан тапсыру кезінде қолданылған электронды формат сынақтан сәтті өтті. Докторантураға түсу үшін құжаттар БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Гранттың тағайындалуы туралы куәлік әрбір оқуға түсушінің жеке кабинетінде электронды форматта берілетін болады», деді вице-министр.
Докторантураға магистр дәрежесі және кемінде 9 ай жұмыс өтілі бар тұлғалар, сондай-ақ медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтаған үміткерлер түсе алады.
«Тіркеу кезінде оқуға түсуші сауалдаманы толтырып, бір ЖОО-ны, бір білім беру бағдарламаларының тобын көрсетеді және емтихан тапсыру орнын өзі таңдайды. Түсу емтихандарын өткізу кестесі оқуға түсушілердің назарына емтихан басталғанға дейін үш күн бұрын жеткізіледі. Үміткерлер компьютерде эссе жазып, докторантурада оқуға дайындық тестін және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан тапсыратын болады», деді М.Дәуленов.
Бұл ретте түсу емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандарды бағалау нәтижелерін жинақтау арқылы алынған балдардың жиынтығы болып табылады. Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасатынын естеріңізге сала кетейік. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.
Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда оқуға түсуші тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бірден апелляцияға өтініш бере алады.
Магистратураға құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталып, 15 шілдеде аяқталады. Оқуға түсу емтихандары 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді. Магистратураға түсушілер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынағынан өте алады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға түсу үшін өту балы өзгеріссіз қалып, 75 балды құрайды, ал докторантураға ақылы негізде түсу үшін – 50 балл. Емтиханның ұзақтығы – төрт сағат.