Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ЗАЙЫРЛЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА 30 ЖЫЛ

ЗАЙЫРЛЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА 30 ЖЫЛ

Биылғы жыл барша қазақстандықтар үшін айтулы да тарихи жыл. Осы жылы халқымыз Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтсе, барлығымыз үшін тарихи сәт Түркістан облысының құрылғанына да 3 жыл толып отыр. 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылды. Айтулы оқиға өңірімізге жаңа серпін және жан-жақты дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Түркістан қаласы – күллі түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Жалпы алғанда, Елбасының Жарлығымен жаңа статусқа ие болған көне шаһар жаңа кейіпте жаңарып келеді.
Әрине бұл түркістандықтар үшін қуаныш, мақтаныш және жауапкершілік. Түркістан қалалық өзбек этно мәдени бірлестігі Қазақстан Халқы Ассамблеясы тарапынан бекітілген бағыт-бағдар бойынша ел бірлігі, татулығы, дамуы жолында өз қызметтерін аянбай жүзеге асыруда. Өткен жылы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны, оған дейін Арыс қаласындағы апатты жағдайға байланысты арнайы акциялар ұйымдастырылып мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді. Үстіміздегі жылы 26 маусым күні қаладағы «Ақжайық» музыка мектебінің концерт залында облыс әкімдігі қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бастамасымен «Офарин» ән фестивалі облыс көлемінде жоғары деңгейде өтті. Түркістан, Кентау қалалары, Сауран, Сайрам, Төле би аудандарынан келген 30-ға жуық өнер жұлдыздары сахнада қазақ, өзбек, орыс, италия тілдерінде түрлі әндерді орындап, би өнерін көрсетті. Негізгі бағыт – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып патриоттық әндер мемлекеттік тілде шырқалды. Фестиваль соңында зейнеткер мұғалім Шәкір Тұрсынметовтің орындауында «Түркістаным тұраным» патриоттық әні өзбек тіліне аударылып орындалды. Сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «30 игі іс» жобасы жүзеге асып жатқанын да атап өткен жөн. Әр салада еңбек етіп жүрген түрлі кәсіп иелері аз болса да игі жұмыс жасап, жақсылыққа үлес қосып жатқаны қуантады. Осындай этносаралық татулық пен ынтымақты сақтауға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімге қол жеткізудің жалпыға танылған бірегей институты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің өзегіне айналды. Өткен жылдар ішінде ол өзіне жүктелген миссияны лайықты орындап, өзінің қоғамдағы саяси және этностық тұрақтылықтың негіз қалаушы факторларының бірі ретіндегі маңызды рөлін танытуы елімізге әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құрулардың орасан зор бағдарламасын – тәуелсіз Қазақстанды байыппен, дәйектілікпен және ең бастысы, табыспен құруды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткендей «Біз берік бірліктің арқасында өз тәуелсіздігімізді нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасадық. Бұл уақыт жасампаздық пен прогресс, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Біздің даму жолымыз бүкіл әлемде қазақстандық модель немесе Назарбаев моделі ретінде мойындалды».
Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Уақыт бір орында тұрмайды, өмір өтеді, күн тәртібі өзгереді, алайда мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық кезеңінде қоғамның бірлігін сақтау мәселесі басты мәселелердің бірі болып қала береді.
Жалпыұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қатынастардың тұрақтылығы мен үйлесімі, Қазақстан халқының мәдениетаралық үнқатысу мен қоғамдық келісім негізінде бірігуі ел дамуының басты қағидаты болуы керек деп ойлаймын.
Б.Ирсметов,
Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы,
Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*