Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ҚОҒАМДА ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

ҚОҒАМДА ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Өзіндік рухани ерекшелікке ие әрбір мемлекет өз аумағында тұратын әртүрлі этнос өкілдерінің тұрақты дамуын және олардың мүдделерін үйлестіруді өзінің саясатының басымдығы ретінде қарап оны жүзеге асыруға тырысады. Мұндай іс-шаралар этносаралық келісімді қамтамасыз етеді және елдің тұрақты дамуына оң әсер тигізеді.
Этносаралық келісім дегеніміз — көпұлтты ел аумағында түрлі ұлт пен ұлыстардың қатар өмір сүруі, олардың санасында және жүрегінде жалғыз Отан сезімінің болуы, отан болашағы жолындағы еңбексүйгіштік пен адалдық рухының болуы дегенді білдіреді.
Этносаралық келісімді қамтамасыз етудің басты факторы — елде тұратын барлық ұлттар мен этностардың қажеттіліктерін ескеру, мүдделерді үйлестіру және ортақ мақсат пен елдің дамуына бағыттау дегенді білдіреді. Қазақстанда ұлттық бірегейліктің қарқынды өсуіне қарамастан, этносаралық және азаматтық қақтығыстардың көп орын алмауы немесе олардың алдын алынуы, қазақэтносы үшін бұл ұстамдылық, төзімділік және басқа ұлттарды құрметтеу сияқты қасиеттермен байланысты. Мұндай толеранттылықты біз бүгін де этносаралық қатынастардан көре аламыз.
Біздің еліміз әртүрлі ұлт пен дін өкілдері арасындағы өзара сыйластық, достық пен келісім жағдайын нығайтуға ерекше назар аударады. Азаматтық бірегейліктің тағы бір ерекшелігі–қазақ халқының айналасында тұратын басқа ұлт пен ұлыстарға деген достық, бауырмалдық, ынтымақтастық және мейірімділік сезімдерін сақтай алуында. Бұл біздің халқымыздың этносаралық және ұлттық қатынастардағы ежелден келе жатқан жоғары руханилығын және осы саладағы мемлекетіміздің салиқалы ұлттық саясатын көрсетеді.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың халыққа арнаған үндеулерінде әрқашан елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың маңыздылығана ерекше назар аударған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың да 2019 жылы 1 мамырда Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шарада сөйлеген сөзінде «Егемендік алған жылдары, көп этносты, көп конфессиялы еліміздің келешегі туралы түрлі теріс болжамдар айтылды. Бұл – белгілі. Алайда, Елбасымыздың арқасында Қазақстан бүгінде түрлі этнос өкілдерінің киелі шаңырағына айналды, абыройлы, беделді мемлекет болды. Ортақ Отанымыздағы бейбітшілік пен келісім ел дамуының берік негізіне айналды. «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» деп Ұлы Абай айтқандай, біз еліміздің жеңісті әрі жемісті күндеріне ынтымағымыз арқылы жеттік» деп елдің тұрақтылығы мен этносаралық келісімнің маңыздылығына ерекше көңіл аударған.
Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуінің жақтаушысы болған әрбір Қазақстан азаматы этносаралық келісім мен достық қағидаттарына адал болуы керек. Себебі тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы, ең алдымен еліміздегі өмір сүретін әр азаматтың ұлты, діні, тілі мен нанымына қарамастан бір-бірінің көңілінен шығып достық қатынас орната алатындығына байланысты.
Бүгінгі таңда еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыстың бейбіт өмір сүруі — бұл тәуелсіздігіміздің маңызды жетістіктерінің бірі деп айтуға болады. Біздің елде әр ұлттың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қалпына келтіруге, тарихи отанымен байланыстыруға, ұлттық сезімді білдіруге кең жол ашылған. Бұл біздің еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Еліміздің басты мақсаты — ұлтына, тіліне және дініне қарамастан, елімізде тұратын әр адамның бейбітшілік пен татулықта өмір сүруі.Осы мақсатқа жету жолында Қазақстанның ұлттық бірегейлік тұрғысынан дамуы үшін, біздің елдегі барлық ұлттар мен этностардың қазақ халқымен қатар жұмыс жасауы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мәдени, рухани және әлеуметтік қажеттіліктер жоғары деңгейде қорғалған. Әр халықтың ұлттық-мәдени орталықтары өз жұмыстарын жүргізуде.
Біздің елімізде азаматтық бірегейліктің дамуы этносаралық қатынастардың тұрақты жүргізілуін де қамтамасыз етеді. Бұл біздің азаматтық бірегейлігімізді дамыту үшін жағдайлар жасалғандығын білдіреді жәнеэтносаралық келісімніңмаңыздылығын көрсетеді.
Ол үшін ең алдымен тәуелсіздікті нығайту, оны мәңгілік ету, әлемдегі еліміздің беделін көтеру, әлемдік өркениет таныған жалпыадамзаттық құндылықтар мен қағидаларды ұстану қажет;
Екіншіден, халықтар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сезіне отырып, ата-бабаларымыздың бай мұрасын бойымызға сіңіруі қажет, сондай-ақ оны жас ұрпаққа жеткізіп, оған адал болуымыз қажет;
Үшіншіден, ұлттық ерекшелігімізді түсінудің маңызды ерекшелігінің бірі — қазақ ұлты мен қатар өмір сүретін барлық ұлттар мен халықтар арасындағы ынтымақтастық пен сыйластықты нығайту;
Төртіншіден, біздің еліміздегі түрлі ұлттық-мәдени орталықтар мен діни конфессиялардың еркін және тең құқықты қызмет етуін қамтамасыз ету арқылы әр түрлі этностар мен халықтардың ұлттық мүдделерін жүзеге асыруды одан әрі қамтамасыз етуге болады. Біздің елдегі барлық халықтардың ұлттық руханиятының өрлеуі ұлттық бірегейлікті түсіну және ұлтаралық келісімді нығайту мүмкіндігін арттырады.
Этносаралық келісімге ұмтылу әр елдегі ұлттың жоғары руханиятына байланысты. Себебі ол басқа ұлт пен ұлыстарды айналасына біріктіреді және олардың еркін дамуы үшін қамқорлық жасай алады. Қоғамда этносаралық татулық пен келісім болғанда ғана сол ел дамиды, биік белестерді бағындырады.
ҚАЙНАР ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми сарапшылық топ жетекшісі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*