Келес ауданында кәмелетке толмаған жастардың арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында рейд өтті. Аудандық ПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары және Абай ауылы әкімі аппаратының мамандары қатысып, дәмханалар мен ойынханаларды және жастар көп шоғырланатын орындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Басты мақсат – қоғамдық орындар мен көшелерде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықбұзушылық жасауының алдын алу, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне жол бермеу.
— Жазғы демалыс кезінде жеткіншектер жұмыс істеп ақша табуды жөн көреді. Жұмыс берушілер еңбек кодексіне сәйкес жасөспірімдермен ешқандай еңбек шартын жасаспай, бала құқығын таптайды. Сондықтан түнгі уақытта тәртіп орнату үшін осындай рейдтік жұмыстар жалғасын табатын болады, – дейді тәртіп сақшылары.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері түнгі мезгілде кәмелетке толмаған жастарды заңды өкілінсіз көшеге, дәмханалар мен ойынханаларға жібермеу керектігін ескертеді.