ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2026 жылдың І жартыжылдығында фармацевтикалық қызметтің сапасын арттыру және дәрілік заттардың қауіпсіз айналымын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізді.
Департаменттің негізгі қызмет бағыттарының бірі – тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына сәйкестігі бойынша инспекциялар жүргізу. Бүгінде Шымкент қаласында GMP сертификатына ие 2 өндіріс орны, GDP сертификаты бар 38 объект және GPP сертификатын алған 341 объект қызмет атқаруда. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсететін 111 медициналық ұйымның 50-і GPP сертификатына ие.
Есепті кезеңде медициналық және фармацевтикалық қызмет саласында мемлекеттік бақылау іс-шаралары жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жасалды. Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес 160 әкімшілік хаттама рәсімделді. Қолданылған шаралар денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталды.
Сонымен қатар, дәрілік заттарды міндетті таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №568 қаулысы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №11 бұйрығына сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген және елімізге әкелінген барлық дәрілік заттар міндетті таңбалауға жатады.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесінде 2 отандық өндіруші, көтерме сауда саласында 46 субъект (48 объект) және бөлшек сауда саласында 320 субъект (652 объект) дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау үдерісіне қатысуда.
Департамент фармацевтикалық қызмет субъектілерімен бірлесіп, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, таңбалау және қадағалау жүйесінің тиімді жұмыс істеуін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Сонымен қатар, фармацевтикалық нарықтағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау, тиісті практика стандарттарын енгізу және дәрілік заттардың қауіпсіз айналымын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылатын болады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары