М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Жаңа Конституцияны насихаттауға арналған «дөңгелек үстел» өтті. Қаладағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын университетте бүгінде 22 мыңнан астам студент бар. Сондықтан, мұнда қоғамдық-саяси тақырыптардың жастар арасында кеңінен талқылануының маңызы зор.
Жиынды саясаттану ғылымдарының PhD, «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Базарбекұлы ашып, қатысушыларды Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады. Ата Заңымыз еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын айтып, мұндай өзгерістердің әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, «Қылмыстық құқық және қылмыстық процесс» кафедрасының меңгерушісі Айсана Сман Жаңа Конституцияның мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жетілдіріп қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыратынын жеткізді.
Профессордың айтуынша, Конституция қабылданған күннен бастап кафедрада білім алатын 2,5 мың студент арасында Конституциялық реформалардың мәні мен мазмұнын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.
Жиын барысында сөз алған өзге де қатысушылар Ата Заңды құрметтеу әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтті.
Жиын барысында студенттер өздерін толғандырған құқықтық және қоғамдық мәселелер бойынша сауалдарын қойып, спикерлермен ашық пікір алмасты. Еркін форматтағы талқылау жастардың конституциялық реформалардың мәнін тереңірек түсінуіне және заң үстемдігі қағидаттарының маңызын ұғынуына мүмкіндік берді.
Іс-шарада жастардың қоғам өміріне белсенді араласуы, азаматтық ұстанымды қалыптастыру және құқықтық мәдениетті нығайту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар Конституцияның қағидаттарын күнделікті өмірде басшылыққа алудың елдің тұрақты дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Университет ұжымы алдағы уақытта да студенттер арасында құқықтық ағарту бағытындағы кездесулерді, семинарлар мен пікірталас алаңдарын тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Мұндай іс-шаралар білім алушылардың құқықтық санасын қалыптастырып, қоғамдық үдерістерге бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары