Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелеріне арналған ведомствоаралық жиын өтті. Басқосуға қалалық прокуратура, Полиция департаменті, Экология департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасы, төтенше жағдайлар қызметі, өзге де мемлекеттік органдар мен еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиында 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қалада мобильді топ тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Оның құрамына прокуратура органдары, әкімдік, полиция, экология департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері және қоғам белсенділері енген.
Мобильді топтың негізгі міндеті – қоршаған ортаға қатысты заң талаптарының сақталуын бақылау, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру. Жұмыс барысында анықталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілуде.
Жиын барысында абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды басқару, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және экологиялық талаптарды бұзудың алдын алу бағыттарындағы өзекті мәселелер қаралды. Қатысушылар қала аумағында тәртіпті сақтау үшін мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында табиғатты қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық орындардағы тазалық ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды. Экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру – таза әрі жайлы қала құрудың негізгі бағыттарының бірі екені атап өтілді.
Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жұмыстар жалғасып, қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылатын болады.
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған жалпыұлттық бастама. Жоба аясында абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары